Сондағы қорыққаным

    1946 жылдың күзі. Махамның үйінде 3 класта оқимын. Сарысу ауданында комсомол комитетінің 1 секретарі болып Латифов деген жігіт істепті. «Халық жауы» болып ұсталып кеткен. Сол жігіт Байқадам колхозының (Қалдыбайдың ауылы) Шотанкүл деген қызына үйленген екен. Шотанкүл сол ауылда төркіндерінің қолында тұрып, ауырып, 46 жылы қайтыс болды. Артынша елге тарады. Пәленше өтіп бара жатса Шотанкүл кебінін сүйретіп, моладан шығып отыр екен. Жаны қысылғанда, жеңіл бола ма деп бір стақан арақ берген екен, соны молада құсыпты, содан шығарып жіберіпті. Қорым ауданға қарай шыға берісте екі ауылдан шығатын жолдардың ортасында (қазір ол жер бүкіл сол маңай жерлейтін үлкен қорым). Ел мезгілсіз далаға шықпайтын, жалғыз жарым ауданға бармайтын болды. Бір күні кешке жақын, қараңғы түсе Мүсәйіп мені Қарашаштан елеуіш әкел деп жұмсады. Көшенің қарсы бетінде жалғыз тұратын әйел еді. Барсам теріс қарап, төрдің алдында ұн елеп отыр екен. Босағаға сүйеніп күтіп тұрмын. Үй қаракөлеңке. Шам жоқ, жер пеште жанған жусанның ғана көмескі сәулесі бар. Бір кезде терезенің алдымен үйге қарай ағараңдаған бір нәрсе өтті, сыңғырлап күлген сияқты. Сыртқы есікті ашып, қайта жапты. Қайта терезеге барып тақылдатты. Қайта есікке келіп: – Әй, мен – Шотанкүлмін, – десін. Денем мұздап кетті, иығыммен есікті баса қалып, қолыма қалақшаны алдым. Ар жақтан итеріп, мен жібермей, тапыр-тұпыр болып қалдық. Қарашаш артына бір қарап: – Ол не! – деді де, ұнын елей берді. Менің бір нәрсе айтуға, аузым құрғап, тілім байланып қалған сияқты. Бір кезде мені ығыстырып есік ашылуға айналды. Мен де қалақшаны ыңғайлап, ұрмақшы болғанымда, – Әй, мен ғой, – деп Наурызбайдың әйелі Сұлужан кіріп келгені. Менің барымды білмейді, ойы- Қарашашты қорқытпақ екен. (атамның жазбасынан)



Бөлісу: