Солқылдақ түннен кейін...

Солқылдақ түннен кейін...
жеке
блог

Мен кейде адам біткеннен жерініп кетем. Тіпті өзімнен де. Мейлі қай жағдайда, қай жерде, қай уақытта болмасын... солай, сөйткім келеді де елдің көзінен тасада қалам. Жоғарыда айтқандай, олардың бәрін тым төмен санағандық емес. Көңілдегі кірбіңді, оған іштегі төзімнің төтеп бере алмауын сырт көзге көрсеткім келмегені ғана.

-         Кетем, - деді. – Бір айға...

Мейлің... Сағыныштың жастығына ғазиз басты илейміз де қоямыз... Басқа дәнеме де жоқ. Шайпау мінездің көкесі демеңіз. Сарыла, тосыла, жабырқап, қимастыққа берілу. Осының бәрі де шын көңілден. Ұғар ма екен дегенбіз. Ұқпапты. Кешегі түннің ұқтырғаны сол ғана – бәріне де төзіммен қарау. «Қылықтының қырық күйгелегі түсірді сондай күйге мені», несін айтамыз. «Жасырмай-ақ халімді жаман дедім». Мұқағали болып ұлыппын. Бас зеңіп кетті. Айыбым сол. Маңғаз басқан, паң кейіпте сонша уақытқа шығарып сала салатындарды түсінбеймін. Сүйгенін. Жо-жоқ, айтқым келгені бұл емес еді. Бұрылып басқа бір ойға шомдық. Мен адамдарды түсіне бермеймін. Олар да түсінбейтін шығар. Шырғалаңның ортасына түсіп аласың да ал кеп айдооой деп лепіре жөнелесің. Жел сияқты. Солқылдақ түн. Жаңағыдай себеп өте көп. Бірде мен, бірде ол... Жәйбарақат сағыныштың шарабын ұрттай-ұрттай ұртымыз желіндегендей болды... Содан кейінгісі ұзааааааааақ сүйіс...

 

P.S. Жаңа жыл кешіне жүргізуші қылып қойыпты мені. «Дауысың жақсы ғой» дейді. Бір сәттік болса да алдануды содан табатын көрініп, келісім бергем. Дәл қазір, қолымда 8 бет сценарий, концерт залында адамдар лықа толып отыр. Мен осы жерде  бір қыртым жазып отырмын. Дел-сал күй. «Әне! Әне! Кетіп бара жатыр!». Менің көлеңкем. Залда отырған төрт жүз (бәлкім одан да көп!) халықтың шапалағы дүниені түбімен қопарып жіберердей. «Ардақ, сен талай шығып жүрсің мұндай жерге. Неге қысыласың?» Ішкі бір дауыс өңменіңнен өтердей болды. Менің көлеңкем бәрін ұмытқан сыңайда. Тамағын бір кенеп алып, халықтың алдына беттеп барады. Тоқтады. Сосын микрофонның жұмысын байқаған. Істеп тұр! Ал кеттік деді іштей...

- Ассалаумағалейкүм...!