2011 жыл өтіп барады. Осы уақыт ішінде «Алаш айнасы» газетіне үш жыл толды. Жағдай мен ортақ мүдде біріктірген ұжым қалыптасты. Ұжымның оң-солы, ақ-қарасы, артық‑кемі ажыратылды, әріптестер арасындағы қатынастар бір ізге түсті.
Алдымен осы жыл туралы.
Биыл әріптесіміз Жансая сәбилі болды. Кейін Әзиздің тұңғышы өмірге келді.
Тізесінен жараланған Жарқынның шаңырақ құрғанына бір жыл толды.
Жылдың үйлену тойын Еркебұлан өткізді.
Сәкеннің айшылық алыс жерден көп күттірген алғашқы көлігі ақыры жеткенімен, бұдан кейін иесінің бірнеше тұлпарға тәбетін ашты.
Құбаш докторантураға түскенімен, жаздың кондиционер қосылып тұрған аптабында да, қыстың қақаған аязында да терезе ашып отыруын қойған жоқ.
Нұрмұхаммед бізді тастап, Мемлекеттік басқару академиясына қалайда түсуге, оқуға ерік-жігер таба білді.
Күйеуінің қызының қолын шығарып қойғанын күлкі еткен Қуаныш «жылдың қатігез анасы» атанды.
Мәриям өзі ұнатпаған кейбір адамдардың көңілін қайтарды, ал шығармашылық байқауларда жүлдеге қарық болды.
Назеркенің інісі оқуға түсіп, сіңлісі оқуды бітірді, мұндай қуаныш демеушілердің есінен кетсін бе?!
Серік жылды Жапонияда болған оқиғадан басқа табиғи апаттарға мыңқ етпестен өткізді.
Гүлнәр апай мафия ойнауды меңгерді.
Құлаққаптар ұсталмайтын ұрының көз құрты мен кейбір жанжалдарға себепші болды.
Айдынның тост сөйлеуден орнатқан рекорды көптің есінде қалды.
Ағылшын тілін үйренуден бас тартуымыз жылдың ең дұрыс шешімі болды.
Алтайдың ар жағынан келген кемпір образын өмірге әкелген Маржанның әріптестеріне қалған көңілі оны «жылдың көздің жасын» тамызуға мәжбүр етті.
Ғалия, керісінше, күлкісін тыюға себеп табылмайтын адам атанды.
Абай тым бейқамдықтың үшінші жылын қалтқысыз аяқтады.
Гүлфарам апай өзінің сахналық тұрақты ролін көркемдік шыңына жеткізді.
Санамызда «Бөжейдің асы» ұғымы бір жаңғырды.
«Айна ТВ» on.kz-ті тартымды етудің басты әдісіне айналды.
Оn.kz ұжымы «Алаш айнасындағы» бір топтың өміріне айрықша оң әсер еткен құбылыс болды.
Асхана талай таныстыққа жол ашқан, талай эмоцияның куәсі болған рухани құтты мекенге айналды.
«Алаш айнасында» Жадыра Сқабыл, Ардақ Құлтай деген бейнелердің елесі қалды.
Өткен үш жыл ішінде ұжымдағы қыз-жігіттердің бет-бейнесі былай танылды:
Әзиздің тойына шақырылған адамдар күн демей, түн демей келіп жатты. Бір топты қарсы алса, түннің бір уағында – келесі топ. Шығарып салғанда да солай. Тойдан кейін бірнеше күн бойы жүгіріп қалжыраса да, Әзиздің таңғы 05.00-те бізді пойызға мінгізіп салуға төзімі жетті. Біз білетін Әзиз – осы. Кісіден қарыз сұрамайды, алғанын уақытында қайтарады, бар қиындығына іштей төзе біледі. Менен орынсыз сын естиді.
«Алаш айнасын» «мына ұжым қандай» дегізген Жарқынға мың алғыс. Кейбіреулер үш жыл емес, отыз жыл өтсе де, бетпердесімен жүре береді ғой. «Соқырішектер» де сол күйі қалып қоюы мүмкін еді. Бірақ әзіл-қалжыңымен, сынымен, жалпыадамзаттық қағидаларымен бізге «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос» екенін түсіндірді, дегенмен кері кеткендерді аямады.
Сәкен жылдың тауқыметті жолын бастан өткерді. Алматы мен Минск арасындағы бейнетке толы қысқы тас жолдың қандай екенін ол жарытып айтпады, бірақ мен сездім. Мұндай сезгіштік маған анамнан берілген. Ал Сәкен танкін ойнап отыра береді. Болған-қойған оқиғаларға тура ол сияқты ешкім баға бермейді. Әсіресе, уытты әзілімен. Соған қарағанда, ол бізден де сұңғыла.
Нұрмұхаммед пен Жансая алғашқы кезде оны-мұныға балаша ұрысып, кикілжіңдесіп отыратын. Сонда «Таулы Қарабақ жанжалын» бейбіт жолмен шешудің айла-шарғысын ойластыратынмын. Әрине, бұл екеуіне ешкімнің ақылы керек емес, дегенмен, екеуі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, оң мен солым бола білді. Мен бұларға көңілім толмай қалғанда, жаным ашығанда және қателіктерінен паникаға берілгенде ғана кейігенмін. Кейін менің әрбір ұрысқанымның құйрықтарынан сипағандай екенін түсіне білді.
Солай қарақтарым, 2012-де жүздескенше! Бұлай деп айту да қиын. Әбден мезі еткен де сияқтымын бұл әріптестерді.
Көңіл сөздің кезегі – massaget.kz ұжымында.