СОЛАЙ...

СОЛАЙ...
жеке
блог

Еңсемiздi езетін мұң-ау бiздiң,
(Қолыңыздан келе ме жылау Сiздiң?!)
Мен сезбейдi дейсiң бе,
Сеземiн ғой -
Сенен салқын емесiн мынау Күздiң…

Көңілдің жапырағы тоналғасын,
Жүректің өтеу қылдым оған жасын,
Мен ұқпайды деймісің,
Ұғамын ғой -
Ол күндердің мәңгілік оралмасын.
 

Жүрегiне батпасын жасы кiмнiң,
Жылағанда иiлiп басы Гүлдiң.
Мен бiлмейдi дейсiң бе,
Бiлемiн ғой -
Сенен ұзақ емесiн осы түннiң.

Адастыра алмаспын енді есімді,
Тоз-тоз ойым тозаң боп желге сіңді.
Мен түсінбес дейсің бе,
Түсінем ғой -
Күзге еріп бұ қалаға келмесіңді.

Жүрегiм бәрiн iшiп жүрсiң удың,
Қайыры жоқ сенi ойлап күрсiнудiң.
Ақындар сұлулықты ұнатады,
Кетерсің бағын ашып бiр сұлудың..