Сол күннен бастап өлең жазбаппын...

Сол күннен бастап өлең жазбаппын...
жеке
блог

Өлеңге жақындығым бар. Өлең кейде кәдімгідей алқымымнан алып, сыртқа шықпайынша көкірегімде тұрып алады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген Абай әр қазақтың ақынжанды екендігін айтқысы келсе керек.

Әсіресе, ғашық болғанда қызық. Кейде өлең үшін ғашық болғым келеді. Бірақ махаббат қолдан жасалатын нәрсе ме?

Бір кездері өліп-талып ғашық болдым. Күйіп-жандым. Одан өзгені көрмедім. Махаббат мені соқыр қылды.

Оған арнап өлеңдерімді бұрқыраттым-ай...

Бір күні бақыттан бал-бұл жанып тұрып:

-Мен саған өлең жаздым...-дедім.

"Маған арнап жаздың ба?" Осылай деп аңтарылар дегем. Өзіне деген махаббатымды сезініп, іштей шаттанар дегем.

Ол міз бақпады. Кейде тесіліп қарап тұрған затыңды қалың ойда отырып көрмейсің ғой. Қарайсың, бірақ көрмейсің. Сол сияқты. Естіді, бірақ есітпеді.

Мүлдем күтпеген реакция.

... Бұл сөзім оған ұнады ма, жоқ па? Дал болдым.

-Хм...

"Сасқан үйрек артымен жүзетінінің керін келтіріп тұрма қазір. Жина бойыңды. Ойланып бас қадамыңды!" деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, аузымнан аңдаусызда тағы бір сөз шығып кетті.

-Оқып берейін? Әлде өзің оқып аларсың...

Ол қолымдағы бірнеше күн бойы мың жазып, мың рет жыртып, сылап-сипап жазуымды барынша әдемілеп жазған үшбу қағаздағы өлеңдеріме көз қиығын салды да, селсоқ қана:

-Бері әкелші,-деді.

Бір сәт оны жек көріп кеттім. Оның мен үшін аса қадірлі дүниені жан-жүрегімен жақсы көре алмағаны үшін жек көріп кеттім. Шын мәнінде сол сәтте оны емес, сондай жанға ынтызар болған өзімді жек көріп тұрған едім.

Бақытты жүзімді мұң торлап, жетімсіреген өлеңдерімді аядым.

Сол күннен бастап, өлең жазбаппын...

Сурет: favim.ru