Сол бір кездер кетті қайда???

Сол бір кездер кетті қайда???
жеке
блог

Менің балғын кезім балалық шағымды еске алудың өзі бір ғанибет. Кішене кезімде менен ерке қыз болмаған шығар. Біздің әулетімізде үйдің тұңғышын әжесі өсіріп беретін салт болатын. Міне, мен де дәл осы салттың ықпалымен екінші сыныпты тәмәмдағанша әжелеріммен бірге тұрғанмын. Ата-аналарымнан жырақ өскенмін. Әжемнің айтуы бойынша мен кемпірлердің арасында өскенмін. Әжем мені арқасына салып алып қыдырып қайтқанды ұнатады екен. Үйге келгенде анам мені ұрсып кететін «әжең шаршайды, мазасын ала бермей үйде отыр» деп. Әжем мені қыдыртқысы келгенде анам жібермесе, әжемнің үлкен сөмкесі болады екен. Сол  сөмкеге салып алып сыртқа алып кетеді екенде, сөмкені талдардың арасына жасырып қояды. Қайта үйге келгенде, талдың арасындағы сөмкені алып, сөмкеге   мені салып анама көрсетпей бөлмеге кіргізеді екен. Ағаларым ол кезде ержетіп қалған. Қыздарға бару үшін мені көшеге шығаруды сылтау етіп, қолыма кәмпит беріп, мені коляскама салады да әкетеді екен. Үлкен әпкелерім де құрбыларына бару үшін мені сылтау ететін көрінеді. Осылай бал- бақшаға барғанша біресе әжеммен, ағаммен, кейде әпкеммен қыдырымпаздап өскенмін. Содан бірнеше жылдан соң менен кейінгі кішкене сіңлім дүниеге келген. Перзетханаға анамды көруге барғанбыз. Перзетхананың алдынан кетпей қойғанмын ғой кішкене сәбиді көрем деп. Әкем перзентхананың артындағы кішкене саңылаудан мені ішке кіргізіп жіберген. Ол үлкен ғимарат емес еді ғой. Анамды тауып алғанда, анамның, дәрігерлердің айқайға басқанын -ай.

 Бала-бақшаны қатты жақсы көретінмін. Онда ойыншықтың алуан түрі бар еді ғой. Бірде ойыншықтың бәрін жинап алып топтағылардың ешқайсысына бермей қойғаным бар. Бала бақшаға жалғыз барғаным жоқ. Менен екі жас кішкене сіңлім екеуміз баратынбыз. Ол бала бақшаны ұнатпайтын. Үнемі қашып кете беретін. Сол сіңлімді іздеп келу үшін жиі бала-бақшадан қашып шығамын. Осылай жүріп ол жерден шығып қалғанмын.  Көрші ауылда керемет жасыл кілемдей алқап болатын Сол тұста түйелер бар еді. Достарымның «түйе бетіңе түкірсе жерге кіріп кетесің» деген сөзінен түйе көрсем екі жүз шақырым ары жүретінмін. Қазір де түйеден қорқамын. Балалық шақтағы сенім ғой. Бүлдіршін шағымдағы және ең керемет бәлгісі- бұршақ. Мен кішкене кезімде бұршақ жиі жауатын. Қазір бұршақ жаумайтын секілді. Ай, тағы кереметі балмұздақтар он теңге тұратын еді ғой. Таңертең анамнан елу теңге алып қалып күніне бес балмұздақ жейтінбіз.

 Үшінші сыныпқа өткенде көп қабатты үйге көштік. Сол көп қабаттағы пәтерлердің он бес есігінде де менің сыныптастарым тұрды. Барлығымыз бір үйде тұратындай әсерде болатын едім. Барлығымыз бір уақытта ас ішіп, бір уақытта оқуға жиналып. Ұйымшылдық танытатынбыз. Сол үшінші сыныпта мектептен үйге қайтып келе жатқанда бір әтешпен төбелескенім бар. Менің үстімде қызыл күрте бар еді. Сөйтсем, әтештер қызыл түсті ұнатпайтын болып шықты ғой. Оңбаған әтеш мені әбден шұқып тастап еді. Тағы еске ала берсем тым көп болып кетер....  Осы тұстан тоқтатайын....