«Сол!»

«Сол!»
жеке
блог

2013 ж. болған оқиға... 
Сессия кезі болатын. Базарға соғу жоспары болғандықтан, кітапханада көп бөгелмедім. Күңгірт бір күн. Аялдама. Негізгі барғалы тұрғаным «Борохолка» болғанымен, 128-бағыттағы автобус алғашқылардың бірі боп жеткесін, «Алтын Орда» базарын бетке алдым. Көлікке бір топ адам топырлай міндік те, есіктің дәл алдында тұрған қыз сәл шегініп барып, терезеге бұрылды. Қарбаласта көз қиығымен түрін көріп үлгердім. Бұл - сол! Нақ өзі!
Ойымды шашып алдым...
Қазір - оның сабақтан да, жұмыстан да қайтатын уақыты емес сияқты. Ол емес. Түу, мен де оның күнделікті режімін білетін адамдай айттым-ау. Бәлкім, бір жағдайларға байланысты... Тоқтааа! «128» жоғары жақтан келеді емес пе? Республика Сарайының алдынан да өтеді. Әлде, сол ма екен... Өткенде бір пікірінде «Қалқаманда» тұратынын айтып па еді? «Алтын Ордаға» дейінгі ауданның аты қалай еді?.. ( Көп білген де қиын екен, «архивімді» ақтара бастадым. )
Ары қарап тұрған аруды бір шолып шықтым. Тұрысы, алысқа тастаған көзқарасы... Керім екен! Терең ой үстінде тұр-ау, әлсін-әлсін төмен қарап қояды. Сөмкесін қарай бастады - профиль, сондай таныс! Сөмке демекші, ою-өрнекпен көркемделген екен. Кейбіреулер ана жақта: «Қазақыланайық!» деп, қызылкеңірдек боп, кеудесін ұрып жатқанда, бос сөзден бойы аулақ бұ қыз шап-шақ қана әдемі сөмке ұстап тұр. Сырғасы ше? Әлгінде суретте көрдім ғой - сыңғыр-сыңғыр етіп тұрды емес пе? Бірақ, ол кезде көкпеңбек секілді еді, мынау ашық көк екен. Жай сәйкестік пе?
Болмас, мен тіл қатайын, сөйлесіп қалайын. Қалай болар екен, ә?
- Сәлем, мен Салтанатпын ғой!
- Қай Салтанат?
Қалай түсіндірем? «Салтанат М», әлде, «Сырдың қызы бар емес пе?» дейін бе? Өзімді таныстыруға шорқақтығым бар, бірде Ғазиза Ұзақпен сөйлесерде де кім екенімді айтып болғанша біраз тұрдым. А, я, сонда Ғазиза маған: «Блоггер Салтанатпын» десей, сонда бірден танитын едім» деп еді, осы адамдардай блоггер бола қоймасам да, қазір алдымда тұрған қызға: «Массагеттегі блоггер Салтанатпын ғой» деп қойып қалайын ба? Не дер екен? «Болсаң қайтейін?» Жоқ, ол олай айтпас, онлайндағыдай ойнақы кейіппен: «Мә, Салта, сені мүлде басқаша елестетіп жүр ем )» десе ше?..
Тұра тұр, тұра тұр, түртіп үлгермегенім қандай жақсы болған?! Мына қыздың шашы таралмаған ғой, ал ол ешқашан олай көшеге шықпайтынына күмәнім жоқ. Қатырамын мен де! Мұны «таралмаған» емес, «начёс» дейді ғой! Қайдан білейін, біздің ауылда мұндай «причёскаларды» күнде көре бермейміз, әйтеуір!..
Бір кезде ол түсуге ыңғайланып, бері бұрылды. Шіркін, кітаптарда кездесетін небір әдемі тіркес, теңеулерді төгілтіп айтсаң да артықтық етпейді! Кербез-ау! Жылы жүзді адам көрсем ет-жүрегім елжіреп кетеді менің. Алладан амандығын сұрап, бақыт тілеп қала бердім! Бірақ, ол емес екен!..
Түсіп кеткен соң, терезеден сыртынан бір қарап қалғым келді. Телефонын шығарып, құлағына тосып барады. Мәссаған, Галакси! Жоқ, бұл - соның нақ өзі ғой! Иә, бұл - сол!..
Әлде...
Тоқташы, басынан бастап ойланайыншы...

сурет: deviantart.com