Соғыстан асқан қасірет...
блог
Елімізде жылына 100 мың бала жарық дүние есігін ашпай жатып-ақ, бақилық болады. Дүниежүзіндегі барлық болып жатқан соғыстардың нәтижесінде жылына осыншама адам өлмейді екен. Қатыгез аналарымызға «жазылмас дерттің жаналғыш майталмандары» деген атақ беруімізге болады.
Ғабит Мүсірепов: «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» деп кейінгі ұрпаққа сөз қалдырған. Бірақ бүгінгідей қыздарымыздың ұсақталып жатқанына қарап, бұлай ойламақ түгілі сенгің де келмейді. Батырлық пен қайраттылықты өн бойына егіз еткен, биязылығымен өзін бағалата білген қазақ қызының таза да тұнық ар-ұяты - тектілігіміздің айнасы емес пе?
Әрбір ата-ана үшін қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіру - парыз. Қыз баланың ең қасиетті жері, әрине ол құрсағы емес пе? Әйел болудың, ана болудың Алланың сыйлығының баға жетпес бақыт екенін қаракөздеріміз қашан түсінеді екен? Адам баласы шошырлық жауыздықтың иесіне айналып отырған аруларымыздың ісіне кім кінәлі? Ата- ананың тәрбиеге деген салғырттығы ма, аруларымыздың бір сәттік ләззатқа ерік беруінде ма?
Әлемдегі 193 елдің тек төртеуінде ғана жасанды түсікке заңмен тыйым салынған. Ал қалған 189 елдің 119-ында ана өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жасанды түсікке рұқсат етілген. Жасанды түсік жасатуға заң төңірегінде ешқандай тыйым салынбаған 70 елдің бірі – Қазақстан.
Әлем бойынша жыл сайын 32 миллион жасанды түсік жасалады екен! Сонда бұл - жауапсыз әке мен жаналғыш аналардың қателігінен күніне 87 мың сәбидің өмірге келмей жатып, өмірден озады деген сөз. Жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады, бұл дегеніміз жүз пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Ең ауыр ақпарат - баланы алдырту көп жағдайда әлі оң-солын тани қоймаған, мектеп оқушыларына тән болып тұрғандығы. Мамандардың айтуынша, жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 14 жастан басталады, тіпті 12 жастағы оқушылардың да кездесетіндігін айтады. Жоғары сыныпта оқитын жеткіншектердің 75 пайызы түсік жасатуды тығырықтан шығудың оңай тәсілі ретінде қарастырады.
Шаранадан құтылуға түрлі себептер итермелейді. «Жасанды түсікке барудағы басты себеп не?». Әйелдердің 60 пайызы баланың туылуына күйеулері қарсы болғанын айтады, ал екінші себеп – балаларды жетілдіруге қаражаттың жетіспеушілігі болса, үшіншіден, әйелдер өздерін әлеуметтік тұрғыда қорғалмағанын алға тартады» дейді «Здоровая Азия» қоғамдық қорының президенті Нағима Плохих. Мамандардың пайымдауынша, елімізде заңсыз түсік жасату жолдары әлі де бар. Осыдан бірер жыл бұрын ел аумағында жүктілікті тез тоқтататын қытайлық дәрілер сатылатыны бірнеше мәрте айтылған еді. Құны бес мың теңгеге шамалас дәрілерді қолданып, соңынан опық жеген аруларымыз жетерлік. Мамандар жүктілікке тосқауыл қоятын дәрілердің қайда және қалай сатылатынынан да хабардар. Нағима Плохихтің айтуынша, мұндай дәрілерді жоюға әзірге қауқар жетпейді. Бір айта кетерлігі, елімізде әйелдердің ерте жастан бедеулік дертіне шалдығуы да Қытай өнімдерінің салдары. Оның үстіне, ойнап жүріп, от басқан жеткіншектер қиындықты оңай жолмен шешу үшін әрқилы тәсілдерді пайдаланатынын да жасырмайды. Ертеден түсік жасатудың соңы бедеулікке бастайтыны тағы белгілі.
Түсік жасатудың өз өмірлеріне қаншалықты қауіп төндіретіндігін аруларымыз біле ме екен? Түсік жасатушылардың өміріне төнер қауіп жетіп-артылады. Атап айтар болсақ:
– Емшек безі рагына ұшырайды.
– Жатыр мойыны суықтап, бала көтермей қалуы әбден мүмкін.
– 20 пайыз әйелдер жасанды түсік жасатқаннан соң, өмір бойы бала сүю бақытынан айырылады.
Келесі жүктілік кезінде:
– Жатырдың сыртына бала бітіп, жатыр түтігін жыртып жібереді. Көбінесе, дәрігерлер ана өміріне қауіп төнгеннен кейін, түтікті алып тастауға мәжбүр.
–Іш тастау (бала тастау) қаупі артады.
– Уақытынын бұрын босанып қою қаупі күшейеді.
Осыншама дертті бойымызға қолдан енгізбеуімізге не кедергі? Ары мен ұятын жанына серік еткен, қазақтың қызы деген ғажап атқа ие қыздарымыздың саны неліктен күрт төмендеп кетті? Болашағымызға қатерлі қауіп төніп тұрғанын сезініп жүрген кім бар?