Соғылды соңғы қоңырау! Енді - ҰБТ !
жеке
блог
блог
Мұғалімнің өмірі оқу жылдарымен өлшенеді. Ия, тағы бір оқу жылын тауыстық. Соңғы қоңырау соғылды. Бірақ бүгіннен-ақ "өткен жылды қалай және неге жұмсадым?" деген өзіме-өзім есеп беру әдетім миымды шағып барады. Сонымен қоса алдағы өмірге деген жауапкершілік те қабаттаса қалқып кеп тұр. Менің сондай, алдыңғы күнді аңсап тұратын "ауыруым" бар енді. Ал алда ең алдымен төбесі көрініп тұрған - ҰБТ! Мемлекеттік маңызға ие ауқымды уақиға келіп қалды. Оның менің жеке басыма тікелей қатысы жоқ секілді, мен оған қатыспаймын да, жоламаймын да. Бірақ... қатысы бар. ҰБТ-ның бәрімізге қатысы бар екенін мен сізге қартайған ұстаз ретінде айтамын. Сонымен... ҰБТ-2012 туралы алғашқы да, соңғы да қоңырау емес бұл!
ҰБТ - бүкілхалықтық есуастану бейнесәті
(БІЛІМДІ ҚОРҒАУ СӨЗІМ)
.
ҰБТ сахнасының қатынасушылары - оқушылар, олардың ата-анасы, мұғалімдер, білімді ұйымдастырушы-басқарушылар, бақылаушылар және... бөтен кімселер - ҰБТ-ның айналасында шыбындай үймелеп, "бизнес" жасаушы паразиттер.
.
Жағымды кейіпкерлер:
- оқушылар - өз біліміне ғана сенетін, жоғары баллдарды өзінің жігерлі де табанды, адал еңбегімен жеңіп алуға ұмтылатын, өте ақыл-парасатты, дарынды, еңбекқор, биік мақсатты балаларымыз;
- олардың ата-аналары - осы балаларды биік адамгершілікке тәрбиелеген, олардың білім-тәрбиесіне бар мүмкіндіктерді жасаған, өз балаларының рухына, біліміне, болашағына және адал жеңістеріне сенетін өте мәдениетті де адал адамдар;
- мұғалімдер - оқушыларға өз уақытын да, күш-қуатын да аямай білім-тәрбие беріп, ҰБТ-ға дайындауда өз кәсіби-адамгершілік парызын адал атқарған жандар;
- білімді ұйымдастырып-басқарушылар - ҰБТ-ның барынша сапалы да әділ өтуіне бар мүмкіндікті жасап, шынайы білімді, ел болашағын сеніп тапсыруға болатын балалардың әділ іріктелуіне аянбай күш салып жүрген іскер жандар;
- бақылаушы органдар - ҰБТ-ның барынша заңды да белгіленген тәртіппен өтуін, өзінің мемлекеттік мақсаттарын дұрыс орындауын жіті қадағалап, ҰБТ аудиторияларына видеобақылау жүйелерін орнатып, аудиторияларға адал да саналы кезекшілерді іріктеп, заң бұзушыларды тап басып, жазалап, ҰБТ-ның мемлекеттік мәні мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тұлғалар;
.
Жағымсыз кейіпкерлер:
.
- оқушылар - ҰБТ-ға аз ғана немесе тіпті ешбір дайындықсыз, "құдай қаласа өтіп кетермін" деген болжаммен бара салатын, адал еңбекпен, біліммен мақсаттарға жетуге боларына ешқашан сенбеген және сенбейтін "батырлар". Осы "шайтандар" ҰБТ-да шпор, сотка тағы сол секілді құйтырқы айналма жолдардың небір күтпеген, қатал, сұмдық, арам түрлерін қолдануға тырысатын. Қандай жолмен болсын, ұтып шығу. Тосқауыл боларлық ешқандай ішкі адамгершілік, қоғамдық, психологиялық қағидалар жоқ бұларда. Тек... сырттан кейбіреулер кедергі жасағысы келеді. Бірақ бұлар қорықпайды, әлі де қорықпайды. Осы кезге дейін қорықпайды!..
- олардың ата-аналары - осы "шайтандарды" дәл осындай етіп тәрбиелеген. Бұларға дәл осы бір сәттік бұзып-жарып өту ғана маңызды, сол үшін десаулықтарын да, ақшасын да, басқасын да аямайды. Бұлардың "сатып" алынған осы "жеңістің" өз балаларының болашақ тағдырына қаншалықты теріс әсер ететінін, ал ел болашағы туралы тіптен де, ойлауға мұршалары келмейді. ҰБТ бұлар үшін - соғыс, тек ату керек, жою керек. Білімге, адамгершілікке, ақыл-парасатқа, ел мен Отанға, өз балаларының болашағына қарсы оқ атады.
- мұғалімдер - оқушыларына сапалы білім беру орнына шпор сататын, ҰБТ-дағы "уақытша бизнестерінің" салдарын ойламайтын, мұғалім кәсібіне қаракүйе жағып жүрген жауапсыз ересектер. Өз оқушыларына білім мен рух бере алмайтын, олардың болашағына сенбейтін селсоқтар.
- білімді ұйымдастырып-басқарушылар - мектеп директорларын, яғни мұғалімдерді, ата-аналарды, оқушыларды "ақылы ҰБТ" тапсыруға қарай әдейі икемдейтін, "өмірде ақысыз ештеңе жоқ" деген шолақ пәлсәпамен ҰБТ-ны өзінің жекеменшік базарына айналдыратын, ешбір ішкі адамгершілік, кәсіби, қоғамдық... тіпті ешқандай қағидалары жоқ ("олар кімде бар?!." деп мазақ қылады) "іскерлер". Бұлар үшін ел қамы, болашақ дегендер ертегі немесе ескі қалжың.
- бақылаушы тұлғалар - "ҰБТ-ның арынды бизнесмендеріне" оңай, бірақ қымбатқа сатыла салатын, титтей де мемлекеттік ұғымнан жұрдай, қоғамға қарсы әрекет ететін "ақша машиналары".
Дәл осы тұлғалар 1-15 маусым аралығында "ойналатын" екі апталық Қазақстандық ҰБТ-2012 калейдоскобында шыргөбелек айналатын болады. Осыған дейін жағымды кейіпкерлеріміз ұтып келеді деп сенеміз, өйткені біз жылма-жыл ҰБТ-ны сабырмен көріп, көтеріп келеміз, тіпті... оған үйреніп, бауыр басып та қалдық. Тек... жағымсыздары - бүкіл картинаны бүлдіріп тұр. Тағы қалай бүлдіріп тұр! Бір қарағанда, тіпті бүкілхалықтық есуастану бейнесәтін көргендей боласыз!..
.
Ол, жағымсыздарды, қалай жөндейміз енді?!. "Құнысты табыт туралайды" ма?!.
.
"Зиян ҰБТ-да емес, өздеріңде..." - деп сыбырлайды бір ішкі дауыс.
.
Ой-буй, ұмыта жаздаппын-ау - паразиттерді бармақпен езіп жойыңдар!