Сиязбек ДАЛИЕВ: «ӘЖЕМНІҢ АҚЫЛЫМЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫМ»

Сиязбек ДАЛИЕВ: «ӘЖЕМНІҢ АҚЫЛЫМЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫМ»
жеке
блог

Сиязбек ДАЛИЕВ, «Алтын адам» сыйлығының иегері, 2009 жылдың үздік спортшысы, Токиода өткен паралимпиадалық ойындардың төрт мәрте чемпионы:

 

«ӘЖЕМНІҢ АҚЫЛЫМЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫМ»

 

Өмір тек жақсылықпен ғана өріле бермейді екен. Тағдыр кейде бұралаң жолдардың қыспағынан өтуді де бұйырады. Бұл сынға тек рухы биік, төзімді адамдар ғана төтеп береді. Сиязбек Далиев, міне, осы тізімдегі адамдар қатарында. Қазақтың қарапайым ғана баласы. Бала болып, құмға аунаған, содан кейін саналы өмірге аяқ басу, өмірдің ағы мен қарасын тану, ел ертеңіне үлес қосу, бағы мен нәсібіне сауға айтып, салиқалы ғұмыр жасау болып тізбектеле беретін дәстүрлі пендеуи ағым Сиязбек ойлағандай болмады. Бесінші сыныпта оқитын өрімдей баланың тәлкегі тау асты. Жаңа соғылып жатқан мектеп ауласында ашық жатқан сымды байқаусызда ұстай алған оның екі бірдей қолын тоқпен жұлып кетті. Бұдан кейін балалық бақыттың белортасында жүрген бала мүгедек атанып, қанаты қайырылды. «Берекені көктен емес, бірлігі мол көптен тіле» демей ме? Күні мен түні ауруханада өтіп жатқанына қарамастан мектеп әкімшілігі өз сыныбына қайта қабылдады. Құрбылары қолғабыс етіп, керегінде көмегін көрсетті. Өкінішті өткінші еткен де солар, ДОСТАРЫ! Сұхбатымыздың барысында да қайғысын қақ бөліп, қиялына қанат бітірген достарына өзі қайта-қайта алғысын айтумен болды.

 

-        Сиязбек, жағдайының ауыр екенін біле тұра спортпен айналысып жүргенің батырлық. Спортқа қалай келгенің жайлы айтып берсең?

-        Бала кезімде барлық балалар сияқты футбол ойнап, күреспен айналысатынмын. Негізі күреске барғанды ұнатып, кейінге спорттың осы түрімен айналысуды жоспарлап қойған едім. Мүмкін болмады... Мен әжемнің қолында өстім. Есімі Меруерт Байжанова. 70 жаста. Менің қатты қиналғанымды көріп, әжем әрқашан да көмегін аямайтын. Үнемі үйде жата бергенімді көріп, далаға жиі шығарып тұратын. Адамдармен байланысымды үзбеуге барын салды. Сосын бірде газет бетінен мүмкіндігі шектеулі балаларға суда жүзуді үйрететін бапкер бар екенін айтты. Алғашқыда суға кіруге қатты қорықтым. Бірақ «Қайсар» спорт мектебінің жаттықтырушысы Владимир Загородний менің қорқынышым сейілу үшін барын жасады. «Суға батып бара жатсаң шығарып аламын» деген соң мен оған сендім. Десе де, спорт мектебіне баруға дауаламадым. Арада бір ай өткен соң университетке жаттықтырушының өзі іздеп келіп жақын арада суда жүзуден жарыс өтетінін айтты. Мен суға батып кетемін деп қорықтым. Қатты қорыққаным соншалықты, бір апта ішінде жүзуді үйрендім. Бұдан кейін белгілі бір межеге жету үшін бар ерік-жігерімді спортқа салдым. 2009 жылдың 26 наурызында Алматыда өткізілген алғашқы жарысыма бардым. Онда әр түрлі арақашықтыққа жүзу бойынша үш қола медальді жеңіп алдым. Міне, спортқа осылай келген болатынмын.  

Сиязбек Далиев

-        Мемлекеттен көмек беріліп жатыр ма?

-        3-4 жыл бұрын мемлекет арнайы қаржы бөліп, Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында протез қойып берді. Әрине, жақсы, тек қазіргі уақытта менің бойым мен денемнің көлеміне олар едәуір кіші болып, жарамсыз кұйінде қалды. Ал Кореяның Сеул қаласында арнайы жасалатын протезге қомақты ақша керек. Ай сайын мүгедектігім үшін 20 мың көлемінде көмек аламын.  

-        Қандай мамандықта білім  алып жатырсың?

-        Елордамыз Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінің шетел тілдері факультетінің төртінші курсында оқимын. Бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Жоспарым – ағылшын тілін меңгеріп, кейінде жақсы қызметтерге орналасу.    

-        Қазір қандай да бір дайындықтар болып жатыр ма?

-        Әрине, биыл Лондонда өтетін паралимпиадалық ойындарға қызу дайындық жүріп жатыр. Осы әлемдік жарысқа қатысу арманым. Ол үшін көптеген нормативтерден өтуім керек.

-        Әжең үйлену туралы көп айтатын көрінеді...

-        Рас, айтады. Бірақ қазір уағдаласып қойған, көңіл қосып жүрген қызым жоқ. Әуелі оқуымды бітірейін. Ел қатарлы жұмыс жасап, нан тауып жейтін жағдайым болса әрменгісін көре жатармыз. Мені шын сүйетін, теңім бола аларлықтай адамның табыларына сенемін... 

 

Сиязбек жаттыктырушысымен

                                                                                                                  Көмек қолын созамын деушілерге:

 Бенeфициар – Далиев Сиязбек Мейрамович
• РНН 620220681880
• Номер счета: KZ7492615014U0147000
• АО «Казкоммерцбанк» БИК KZKOKZKX

 

Автор: Ардақ ҚҰЛТАЙ

"Жан мейірі" журналы