Шытырман оқиғалы шығармалар ерекшелі

Шытырман оқиғалы шығармалар ерекшелі
жеке
блог

Шытырман, жұмбағы көп, тылсым оқиға адамзатты ерте кезден-ақ өзіне қызықтырып, баурап тұратыны белгілі. Адам табиғатының да ерекшелігі сол, ол өзіне белгісіз, қызығы мол, күрделі дүниені тануға ұмтылады. Сондықтан «шытырман оқиға» дегеніміз не, оның барша адамдарды өзіне тартып тұратын не құдіреті бар деген заңды сауал туады. Барша әлемдегі әдебиет сүйер қауымды алып қарасаңыз шытырман оқиғалы шығармаларды қызыға, сүйсіне оқитын оқырман қарасы қалың екенін байқайсыз. Яғни бұл шытырман оқиғалы шығармалардың көркем әдебиетте ойып тұрып өз орнын алатынын аңғартады. «Шытырман» сөзіне: «Шым-шытырық, шатасқан оқиғаға толы» [1, 658] деген анықтама берілген. Шытырман әдебиет – көркем проза жанрларының бірі, оның негізгі мазмұны нақты немесе ойдан шығарылған оқиғалар мен кейіпкерлер туралы қызықты да таңғажайып оқиғаны баяндау. Шытырман оқиғалы әдебиет бірқатар белгілермен ерекшеленеді: – Қарқынды дамитын сюжет. Сюжет – бұл шығармада баяндалған бірқатар дәйекті оқиғалар. Сюжет – шытырман оқиғалы шығарманың негізі. Шытырманды әдебиет сюжеті өте күрделі, шым-шытырық оқиғаға толы болуы мүмкін. Яғни оқырманға тосын жағдайларды ашу қызықты. Негізгі интрига әрдайым жанама оқиғалармен қиысып отырады. – Оқиға өткірлігі, кейіпкерлердің жанкешті әрекеттері оқырманға ерекше сезім мен әсер беріп отырады. – Түрлі эмоциялардың болуы. Шытырман сюжет кейіпкерлерінің басынан өтетін оқиғалар, жақсы мен жаманның күресі, түрлі образдардың табиғаты оқырман бойында уайымдау, қуаныш, таңқалу, күдік т.б түрлі сезімдерді кешуіне әсер етеді. – Шытырман оқиғалы шығармада әрдайым құпияның, ұрлаудың, қудалаудың, қылмыстың, саяхаттың және көптеген тұрақты мотивтер кездесіп отырады.

Әдебиеттегі шытырман оқиғалы шығармалардың поэтикасына үңіліп, оның өзіне ғана тән ерекшеліктерін жете зерттеп танытуға тырысқан зерттеуші Абрам Зиновьевич Вулис. Автор өзінің «В мире приключений. Поэтика жанра» атты көлемді еңбегінде шытырман оқиғалы шығармаларды «үлкен жанр» деп атаған. Себебі автор мұны бірнеше жанрдың басын қосқан жиынтық жанр деп есептейді де, оған түрлі шытырманды конфликттарды жинақтаған макрокосм деп түсінік береді. Біз қарастырып отырған детектив жанры осы шытырман оқиғалы шығармалардың бір бөлігі ғана. Алдымен, шытырман шығарма табиғатына тереңірек үңілейік. Шытырман оқиғаны оқырман кітапты оқымай жатып таниды. Себебі оның көзге оттай басылып тұратын белгілері бар. Сондай белгінің бірі – оның тақырыбы. Кітап мұқабасының сыртына жазылған тақырыптан бөлек, оның тарауларының тақырыбы да ерекше болады. Мұның бәрі шиеленіскен оқиғаның сыртқы көрінісі ғана. Тараулардың тақырыбы сыртқы жұмбақ, жарнама қызметін атқарып, «менің сырымды тап» дегендей қызметті атқарады. Әрі қарай бойлай берген адамға түрлі сырға толы құпиялар мен бір көрген көзге түсінікті болып көрінген шифрланған әлем жататынын байқайды. Бір-бірімен біте тығыз байланысқан әрбір тарау бүтіндей бір романның конспектісі. Мұны кез келген шытырман оқиғалы шығарманың мазмұнынан аңғара аламыз. Шығармадағы әрбір эпиграф, қысқа монолог, жиі кездесетін диалогтардың, неше түрлі кейіпкерлердің әрбір ісі, сөзі түбінде бір бүтін мәтіннің бөлшегі болып шыға келеді. Мұндай ерекшелікті байқамау мүмкін емес. Шытырман оқиғалы шығармаларды өзге жанрлардан ерекшелейтін өзіне тән логика бар. Мұндай шығармалар драмаға да динамикаға да толы болады. Оның кейіпкерлері айқын да қанық түстермен беріліп, іс-әрекет динамикалығымен ерекшеленеді. Оқырман қызығушылығын арттырып отыратын: суреттердің, схамалардың, карталардың құпияны ашатын белгілердің көрсетіліп тұруы да шытырман сюжетті шығармаға тән ерекшелік. Бұл өз кезегінде оқырмандардың қиялына да көмек. Әрбір шытырман оқиғалы шығарма оқырман санасында белгілі бір образдармен ассоцацияланып тұрады. Сол себепті де бұл жанр өз оқырманын бірден баурап алады. Бұған дәлел барша әлемге танылған шытырман оқиғалы шығармалардың аңыз кейіпкерлері мен шығармалардың сюжетіне негізделген фильмдардың көптеп түсірілуі.

Жоғарыда атап өткен ерекшеліктер мен «жалпы» белгілер шытырман оқиғаның басты, сыртқы белгілері болса, ішкі белгілеріне назар аударғанда табиғаты күрделене түседі. А.Вулис өз еңбегінде: «приключенческая литература многолика и генетически неоднородна» [2, 15] деген ойды айтады. Себебі автор шытырман оқиғалы шағармалар қатарына: сатиралық памфлетты, детективті, 8 авантюралық романдарды, ғылыми-фантастикалық шығармаларды, пираттар және саяхатшының бастан кешкен оқиғалары туралы шығармаларды кіргізіп отыр. Осы себепті де шытырман оқиғаны «үлкен жанр» деп тануды ұсынады. Себебі аталған жанрлардың шытырман оқиғаға құрылатыны ортақ ұқсастығы болса, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары барын да ескеру қажет. Аталған жанрларды бір бүтін нәрсе деп қарау «шытырман оқиғалы шығарма не?» деген сауалға әртүрлі жауап беруге әкеліп соқтырған. Туып отырған қиындық зерттеушілердің де әртүрлі пікір білдіруіне әкелді. А.Вулис өз еңбегінде А.К Цейтлиннің мына ойын келтіріп өтеді: «Одна общая черта их – большая функциональная роль приключения еще не является достаточным условием для обьединения этих типов в единый монолитный жанр» [2, 19]. Сол себепті де шытырман оқиғалы шығармалардың ішінара бір-бірінде қайталанбайтын тұстарына мән беру маңызды. Осы орайда А.Наркевич: шытырман оқиғалы әдебиет нақты шекараларын белгілемеген, тек шытырман сюжетіне, тақырыбына, мотивтарының ұқсастығына байланысты ортақ атау алған бірнеше жанрға берілген ұғым деген пікірі шындыққа үйлесімді. Қарастырып отырған детективті сюжеттер поэтикасын толыққанды ашу үшін, шытырман оқиғалы шығармалардың ерекшеліктерінен бастау маңыздылығы осында. Себебі детективті тек қана шытырман оқиға деп тану оның басқа да ерекшеліктерін ескермей кетуге, қоғам алдындағы міндетін айқынырақ тануға кедергі болады.

«Үлкен жанрдың» мұншама көпқырлылығы адамзат дамуымен, қоғамның өркендеуімен және адам ақылының, әдебиеттің күрделене бастауымен түсіндіруге болады. Шытырман оқиғалы шығармалардың сонау қалыптасуы аңыз, ертегі, өсиет әңгімелердің бостандық пен болмыс туралы тақырыптарынан басталған. Әрі қарай өзінің ерлігі мен пафосын көрсететін антикалық эпос, табиғатты тануға ұмтылып, эстетиканы тани түскен антикалық драма жалғасады. Шытырман оқиғаның құрылымына мән бере бастаған грек романдарын жалғап рыцарлық романдар келеді. Рыцарлық романдар шытырман оқиғалардың қоғам алдындағы басты міндетін де көре білді. Кейін шытырман оқиға поэтикасының басты ерекшелігі – тәртіпке деген ұмтылыстың пайда болған кезеңі классицизм дәуірі туды. Ал романтизмде фантастикаға, құпияға ұмтылыс болса, қайта ояну дәуірінде рационализм мен сентиментальдылық күшейе түседі. Неоромантизмде бұл жанр жаңа заманға лайықталған реалистік өң алады. Реализмде синтезден қаншама уақыт бойы өткен жанр поэтикасы саналы логика мен нақтылыққа жетеді. «Приключенческое становится чем то более общим, нежели жанр или даже сумма жанров, – оно становится способом художественного подхода к жизни, а коль скоро это так, предопределяет настоящее и будущее целого литературного направления» [2, 22 ].

Адам бойына тән мінездерді, өмірге тән заңдылықтардың барлығын ескере отырып дамыған шытырман оқиға философиясын А.Вулис Ч.Дарвин теориясымен де байланыстырады. Мысалы бұрынғы ертегі-аңыздарда шытырман оқиғаның кейіпкері өзімен тең адаммен емес, айдаһармен, түрлі адам естімеген құбыжықтармен соғысқан болса, уақыт өте келе шытырман оқиғаның кейіпкеріне өзімен тең адаммен күресуге тура келеді. Мұнда тек қана қара күш емес, ақыл, айла, білім сынды маңызды рөл атқарар ерекшеліктер пайда болады. Біз қарастырып отырған «үлкен жанр» құрамына кіретін детективте де осындай ерекшелік байқалады. Мұнда күреске тергеуші детектив пен қылмыскер түседі. Бұл түраралық күрестің заманауи түрі сынды. Қылмыскер өзінің құрбаны үшін аңшы, дегенмен тергеуші-детектив қылмыскер үшін аңшы рөлін ойнап тұр. Яғни шытырман оқиғалы шығармада бір қарағанда көріне бермейтін ойын схемасымен қатар ғылым да жатыр. Сондықтан да шытырманды әдебиет ғылымның обьективті жағдайын да танытады. Оқиғада кездесетін жер шарды саяхаттап шығу, ұшып-қону, мұхитты жүзіп өту, карталарды пайдалану сынды т.б белгілер заманауи техниканың жасайтын құдіретін танытады. Яғни мүмкін емес деген жағдайдың, іс-әрекеттің астарында адамзаттың алға ұмтылған қиялын да байқауға болады. Бұл ойымызды А.Вулистің: «Умственный оттенок занимает прочное место среди условностей большого жанра» [2, 99] деген сөздерімен дәлеледей түсеміз. Шытырманды әдебиет есептелетін детектив жанры үшін де бұл басты нәрсе. Яғни ақыл, логика, ұшқыр ойсыз детективті шығарма дүниеге келмейді.

Сөз басын шытырман сюжетті шығармалар табиғатынан бастадық. Шытырман шығармалардың ерекшелігіне тоқталып өту себебіміз, бұл жанрдың көпқырлы болмысын айқындау. Қарастырып отырған детектив жанры шытырман оқиғалы жанрдың бір бөлшегі екендігін зерттеушілер пікірімен көз жеткіздік. Сол себепті детективке тек қана шытырман оқиғалы шығарма деп қарау, бұл жанрдың өзіндік белгілерін ескермегендік болар еді. Детектив табиғатының бойында шытырман оқиғадан бөлек басқа да ерекшеліктер, өзге шытырман шығармалардан өзгешелеу мінездер бар. Сол себепті де жалпы ортақ қолданылатын «шытырманды әдебиетті» тар мағынасында ғана қабылдауға болмайды.

Жоғарыда даму барысына біраз тоқталып өткен «үлкен жанрды» түрлі жанрлардан құралған күрделі құбылыс ретінде көрсеттік. Дегенмен де бұл жанрдың өз орны бары, оқылатыны, көркем әдебиеттен үзілмейтіндігі ақиқат. Бұл жанрды қай қырынан алып қарастырсақ та мүмкіндігі көп жанр. Өзінің көптүрлілігімен ерекшеленетін шытырманды әдебиетті бір бүтіндей көруімізге мынадай себептерді жатқыза аламыз: біріншіден, оқырманның қабылдауы, әртүрлі шытырманды жанрлардың ортақ ерекшелігі – қызықты; екіншіден, басылым беттерінен, баспалардан жиі жарық көріп, әрі экранизацияланып жатқан көптеген шытырманды оқиғалардың көпшілік түсінген ерекшелігі – дидактикалығы; үшіншіден, бірден байқала бермейтін қасиеті – структуралық ортақтылығы. Аталған ерекшеліктер мен жанрдың қалыптасу алғышарттары шытырман сюжетті шығармалардың болмысын, негізделуін, танымалдылыққа ие болуын айқындайды.

Қазақ Ұлттық университеті

Филология факультетінің 1-курс магистранттары

Молдағали Балнұр, Шаизах Бибісара

Философия ғылымдарының докторы Данат Жанатаев