Шындық көп, ақиқат жалғыз ба?
блог
Күнделікті күйбең тірлікте біз кейде жауабы жоқ сұрақтар бар екенін, оның жауабын ешкім таппағанын ойламай жатамыз. Себебі әркімнің шындығы көп, ақиқаты әртүрлі. Әлде ақиқат жалғыз ба? Расымен, мені осындай сауалдар еріксіз мазалап, тыным бермей жатады. Неліктен? Неден? Қарапайым адам пайда болуы жайлы ойлардың сан түрлі болуы, сәйкесінше шындығыда әртүрлі екендігі қатты алаңдатады. Дін бойынша Құдай жаратты, Дарвин бойынша маймылдан тарадық, тағы бір бағыт бойынша молекулалардан, енді бір фанаттар үшін космос бөлшегіміз. Қайсысы дұрыс? Ақиқат қайда? Ол өзі бар ма? 7 млрд адам сенетін не бар? Қызық. Бірі айтуы мүмкін – Құдай деп. Бірақ атеистер ше? Олар адам емес пе? Міне қызық. Әркімнің шындығы әртүрлі, сан қилы пікірлер мен толассыз сауалдар. Алайда қызығы да сол сынды. Көптеген сауалдардың жауабын іздеген адамдар жаңа ашылулар жасап, біздің өмірімізді жеңілдетіп жатады. Біздің біліміміздің көкжиегін млн-даған шақырымдар мен орамдарға жетектеп кетеді. Бірақ түбінде сол сұрақ тұрады. Ақиқат деген не? Ол көп пе? Әлде жалғыз ба? Менің де, өзгелердің де көкейін тесіп, тыпыршып тыным бермей, тағатсыз ойларға бөлер сұрақ деп білемін. Меніңше, ақиқат ол – сенім. Себебі біз ұйықтар алдында ертеңгі күнімізді жоспарлаймыз. Бұл – сенім. Оқу бітірмей жатып, жұмысты ойлаймыз. Бұл – сенім. Тіпті, түкке сенбейтін адамның өзі түкке сенбейтініне сенеді. Ендеше, меніңше, ақиқат осы сынды. Мүмкін ол бар, ол көп. Дегенмен, шындық көбі шүбесіз. Алайда ақиқат деген сөздің мән-мағынасы мен болыс бітімі мені көптеген келесі сұрақтардың туындауына және ой жетегіне алып кетеді. Түйіндегенде, шындық көп, ақиқат жалғыз ба?