Шынайы махаббат дегеніміз не?
блог
Қазіргі таңда адамзат махаббаттың шынайы мағынасынан алшақтап кеткені өкінішпен айтар бір жағдай. Жастардың назарында махаббат көбінесе қыз бен жігіттің арасында болатын алғашқы қызығушылық сезімдерді суреттейді. Мүмкін де осыған орай күнімізде құрылған жаңа отбасылардың жартысынан көбі бір жылға жетпей ажырасуда. Кейбіреулері тіптен махаббат секілді ардақты сезімді кәдімгі жыныстық қатынастармен байланыстырады. Мәселен, орыс тіліндегі “заниматься любовью” немесе ағылшын тіліндегі “making love” сөз тіркестерінің қандай мағына беретіндігі бәрімізге мәлім.
Ал енді махаббаттың нағыз, шынайы мағынасына назар аударсақ, махаббат дегеніміз еш қайтуын күтпей біреуге жақсылық тілеп, ізгі сезімін білдіру. Ананың балаға деген махаббаты осының ең айқын мысалы болмақ. Өйткені ана баласы мүгедек, ешбір жұмысқа жарамсыз болса да оған жүрегінің соңғы қағысына дейін қамқоршы болуға дайын. Махаббат дегеніміз – теңдесіз жоқ күш, өзі қаншалықты әлсіз болса да, махаббаты үшін қандай да бір күшке қарсы тұруға дайын. Балапандарын иттен қорғау үшін жаның қиған ана тауық секілді.
Махаббаттың осындай шынайы құндылықтарына бет бұрған жастар қоғамның берік іргетасын қалар отбасы құрайды. Осындай отбасы ішінде нағыз бақыт, нағыз береке және нағыз сыйластық өз орнын таппақ.