Ораза айт-шүкіршілік мейрамы...
Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осы илаһи жаңа леппен қауышуына орай, Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру - Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіре білсек, ол да - мұсылманға тән сипат. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда мұсылмандарды кешірім жолын ұстануға бұйырған.
Мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Ораза айтта жүрегіміз қуаныш пен шаттыққа бөленеді, жанымыз жадырап, көңіліміз шат-шадыман күй кешеді. Баршаңызды мұсылманның ұлық мерекесімен құттықтаймын. Ораза айт мүбәрак болсын!