Шын сүйе білесіз бе?

Шын сүйе білесіз бе?
жеке
блог

Дүние махаббаттан жаралған. Жабайы алманы үзуге тыйым салған құдай, өзі жаратқан Адам ата мен Хауа ананы тұтанар асау сезімнен қорғағысы келді ма екен? Сан мың ғасыр бойы еркек пен әйелдің жүрегінде әлдиленіп, ұрпақтан-ұрпаққа несібе болған ең асыл дүниеміз – махаббат. Адам біреуді сүйгендіктен, немесе біреудің өзін сүйетінін сезгендіктен, біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, оның бойын күш- жігер кернеп, биік мақсаттарға ұмтылады. Асқан қажырмен және өнерпаздықпен жайшылықта қолдан келмейтін үлкен істер тындырады.  Барлық ұлы істер махаббат жолында атқарылады.

        Әрбір қоғамның өз талаптары мен әділетсіздіктері орын алып жататыны аян. Сол дәуірдің мұңын жоқтаушы, екі ғашықты сөйлете білетін халық жанашырлары болған. Мәселен, Шекспир - Ромео мен Джульеттада адам бақытына кедергі феодалдық құрылысты сынға алған. Бұл баянда ежелден қастасқан Монтекки мен Капулетти әулиеттерінің екі жастың шаттығына жасаған қиянаты көрініс табады. Осы сияқты ру аралық, тайпа аралық, отбасы аралық наразылықтардың құрбаны болған: Ләйлі – Мәжнүн, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Қалқаман – Мамыр ғашық жұптары махаббаттың cөнбес сәулесіне айналғалы қашан.яндекс

                             Ғашықтық махаббаттың ең күштісі

                                              Жүрекке қатты орнығар басқан сайын,-демекші, сүйіктісін бір көруге зар болып, ел кезіп кеткен Қайысты жұрт «Мәжнүн», яғни «жынды» деп атап кеткен екен. Мәжнүн болған жігітке Ләйліні аңсатқан сол - ғашықтық дерті.яндекс

      Қазақта «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген мақал бар. Лиро-эпостық шығармаларда ғашықтардың бір-біріне берген серттері олардың ең қастерлі дүниелері.

                            Шын ішің сүймей сыртың сүйген болса

                            Әуре боп саған уағда ет демеймін, - бұл Еңліктің Кебекке айтқан жалынды сөздері, оның жүрек отынан шыққан леп. Дәл осылай бір-біріне ынтыққан Қалқаман  - Мамыр да ақ махаббатың кемесінде тұңғиыққа батты. Алайда, олар дүниедегі ең бақытты жандар екендігі Мамыр сұлудың мына сөзінде тұр: Жоқ болса махаббатта бір сүйгенің

                                 Ойлашы керегі не дүниенің?

       Махаббатқа апаратын жол сан тарау, оған әркім өз соқпағымен барады. Дүниеде ең қиыны адам тану, ал өзіңмен өмірін бөлісер жартыңды іздеп  табу оңай шаруа емес. Ғашық болу – сүйікті жанның барлық мін-кемшілігін артықшылығы етіп көру. Махаббат ол –жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі.яндекс

    Өткен заманда Ер Төлеген қалыңдық іздеп, ат жетер жерді аралап тамам қылыпты. Жолы ауыр 100 күндік болса да, 80 жігіт қосшы алып, 15 жігіт басшы алып, Ақ Жайыққа жөнелген. Сол заманда хан уәзірі болған - Қаршыға: «Мен Төлегенді көрейін, Төлеген маған жақса, Жібек те жақтырар»,-дейді. Жібекке бет алған Төлеген, дегеніне жетіп, оның жүрегінен орын алған. М. Шахановша айтсақ:

                               «Кез келгеннің бақшасында піспейтін,

                                 Кез келгеннің уысына түспейтін, зор махаббат бұйырмаған жан соншалықты сорлы.

                                 Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,

                                 Ал қалғаны жай күндер,- деп өзі өлгелі жатқан Естай ақын, Нұрлыбек досына сұқ саусағында әбден жұқарып біткен сақинасын көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білсін. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын. Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған, қайран Қорланым-ай,-деп ағыл-тегіл көз жасын бұлаған екен. 72-ге келіп, тірісінде қолы жете алмаған махаббатына деген қамқорлығын Естай өзімен бірге әкетіп бара жатқандай. Ш. Мұртаза айтпақшы: «Бетке әжім түскенмен, жүрекке әжім түспейді» екен.

        19 жыл отасып, 9 құрсақ көтерген аяулы жар – қосағы Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Шах Джахан сүіктісіне арнап әлемнің 7 кереметінің бірі саналған Тәж Махал (ХVII) ғимаратын салдырып, өле-өлгенше соған қарап, шерін тарқатып өткен.

         Жастардың махаббат тәрбиешісіне айналған Ә.Нұршайықов іңкәрлікті 3-ке бөліп қарастырады: бала махаббат; шала махаббат; мәңгілік махаббат. Бала махаббатты бәріміз де бастан кешеміз. Ол уақыт өте келе ұмыт бола бастайды. Мектептегі ұстаздарымыз кейде әзілдеп: «Сендердің қазіргілерің жай тауық махаббат»,-деуші еді. Бірақ, балалық сезімнің шынайы сүйіспеншілікке айналып кететінін де жоққа шығаруға болмайды. Шала махаббат өткінші жауын секілді - қызық әрі тез басылып қалады. Оған алданып қалатындар өмір бойы өкінішпен өтіп, махаббаттың не екенің түсінбей кетеді. Ал мәңгілік махаббатқа жету ілуде біреу ғана. Шығыстың тағылым кітаптарының бірі: «Шабдал бұлақтарында»: «Адам қалауының 3 қайнары бар; олар: жан, сана және тән. Жан қалауынан – достық; сана қалауынан – сыйлау; тән қалауынан – құмарлық туады. Осы үшеуінің қосылуынан махаббат пайда болады», деп жазылған. Осы сияқты М. Шаханов: «Махаббат ол – жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі» деген анықтама береді.яндекс

       Әйел адам еркектің қабырғасынан жаратылғандықтан, ер азаматтың мәртебесі қашанда биік тұрғаны ләзім. Оның асқақ болуы алған жарға байланысты. Төле би: «Әйелің жақсы болса, Бірінші – иманың; Екінші – жиғаның; Үшінші – ырысыңның тұрағы»,- десе Қазыбек би: «Ұят пен ар қымбат; Өзің сүйген жар қымбат»,-дейді.

      Бүгінде ұл-қызын үкілкеп отырған ата-аналар ұлына жар болар көргенді келін, қызына сүйеніш болар сыйлы күйеу бала туралы армандайды. Қазіргі кезде үлкендер тұрмақ жастардың өздері от басып қалудан қорқады. Майқы би айтқан: «Еркек жасып и болар; Қатын тұлданып би болар», заман туды. Әрбір қазақ өз баласына бақытты өмір тілейді. Олар үшін басқа жұрт жасамайтын ұлан-асыр тойға барын шашып, ізгі тілектер тілейді: «Келінің баянды болсын! Үлкен-кіші сыйлайтын аяулы болсын; Жылы жүзді жұмсақ болсын», деген ақ баталарын жаудырады.

         Кер заманға кезіккен қазіргі жас асыл сезімді жай ғана бір ойынға айналдырғандай. Біреуге «сүйем» деген сөзді еш қиналмай айта салады. Кездескенде айтуға бата алмайтын асыл сөздің қазіргі мәні кім көрінгеннің аузына түскен созылыңқы сағыз сияқтанып кеткені жанға батады. Оған қоса махаббат қажет ететін тұрақтылық пен соңғы кездері ұлдарды есептемегенде, қыздардың пәктіктен айырылып тұрмысқа шығып жатқандары қалыпты әрі сәнге айналғандай.   Әзілхан Нұршайықов бір сұхбатында былай деген: «Пәк қосылған жұп берік, бір-біріне өмір бойы адал болады. Ал пәктігі жоқ қыз бен жігіт қосылғанымен: бөтен еркек пен әйелдің дәмін татып алған олар бөтенге бой ұра береді... Сондықтан да мен «Махаббат қызық мол жылдарда» қанша жақсы қыз болса да, пәктігінен айырылып қалғандықтан, Меңтайды «өлтіріп» тастауыма тура келді... Қазақта «дәніккен ит мамағын жалайды» деген дөрекілеу және мәдениетсіздеу мақал бар. Жүргіш еркектер сол  «мамағын жалайтын итке ұқсайды».

          Оның үстіне көп әйел алу мәселесі де қазақ қоғамын, оның ішінде қазақ әйелінің махаббатын жерге таптап бара жатыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көп әйел алуға рұқсат беріп, өзі де солай жасаса, оның ниеті қандай болғанын алдымен біліп алған дұрыс. Ол шиеттей бала-шағасын асырай алмаған әйелдің жүгін арқалап, елде жанын асырау үшін зинақорлыққа баратын қыз-келіншектер болмағанын қалады. Ал бұл себепті, бүгін тек төсек жаңғыртып, құмарын қандыруға пайдаланатын еркектердің ісі оңбағандық. Өзінің баласымен қатар қызбен әуейі болу соншалықты жиіркенішті екендігін біле ме екен олар?  Бұл жолы да Ә. Нұршайықовтың мына сөзін келтірген жөн: «Егер көп әйел алуға жол берілсе, Қазақстан қазақ елі емес, бұқа-текелер, айғырлар мен қошқарлар еліне айналады. Көп әйел алу адамгершіліктен ажырау». Қадір Мырза Әлінің мына өлеңін оқып қана емес, көңілге тоқып алған жөн:

                                   Мың жұлдызы бар болса да,

                                   Мың жұлдызы болса да

                                   Байқамайсың басқаны

                                   Бір жұлдыздан тұрады

                                   Махаббаттың аспаны.

                                   Сол жұлдызға сүзіліп,

                                   Шаңыраққа ілінді ол -

                                   Көк аспаннан үзіліп.

                                   Мың жұлдызы болса да

                                   Байқамайсың басқаны

                                   Бір жұлдыздан тұрады

                                   Шаңырақтың аспаны.

        Ертеректе «13-те отау иесі» десе, бүгінде жігіт оқу бітіріп, отбасын  асырай алатын халге жетуі керек. Бұған бірі пысқырып та қарамастан, бесіктен белі шықпай жатып «үйленем» деп байбалам салып жатады. Әлі тұрмыстың ащы-тұщысына төселмеген олар ертеңін ойламай, өзінен бірер жас шамасы үлкен қыздарға сөз салады. Бұл жағдай қазіргі қазақ жастарының арасында белең алып келе жатқан жаңа құбылыс. Оған себептер те толып жатыр.  Біріншіден: жас бозбалалардың ата-аналарынан тәуелсіз, болдым-толдым деп, өздерін үлкендерше ұстағысы келетіндіктен. Екінші: қыздардың «маған үйлен, әйтпесе сүйгенің жалған», деген сияқты сөздеріне намыстанғандықтан. Олар өмір жолының әлі де ұзақтығы мен бір-бірінен шын махаббатсыз тез-ақ жалығатындарын ойламайды.  Үшінші: жастардың бір сәттік ләззатқа беріліп, соңында үйленуге мәжбүр болуы. Мұндай себептердің барлығы бір-ақ жолға әкеліп тірейді: ажырасу, ортада жартылай жетім қалған күнәсіз сәби.

      Келесі бір топ бел ортасы жасқа келіп, үйленуді ойға да алмайтын сүр бойдақтар. Қазақта: «Әділсіз болса, би оңбас, әйелсіз болса, үй оңбас» деген    аталы сөз бар. Артыңды жалғар із болмаса, тірліктің еш мәнісі жоқ. Ал қыз-келіншектердің көбі мансап қуып, алдына келген жігіттің көкірегінен итереді. Баршаңызға мәлім актриса Мэрилин Монро: «Карьера керемет зат, бірақ ол ешқашан суық түнде жылыта алмайды»,- деген.

        Ежелден қастерленген ізгі сезімдер суық тартып, жойылып бара жатқандай. Пәктік, адалдық, сенім, сыйластық, құрмет, қарыз бен парыз, тазалық, тұрақтылық, имандылық, инабаттылық сияқты дүниелерден қаланатын махаббат қабырғасына бүгінде материал жетпей тұрғандай.

Осы тақырып аясында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, махаббатқа сенетін және сүйіктісі бар жастар шамасы 40 пайызды құрады, ал ешкімді сүймейтін, бірақ махаббатқа сенетіні -  45 пайыз болса,  қалған 15 пайызы әлі ештемеге көздері жетпеген екен. Олардың кейбірінің жауаптарын келтірсек: «Махаббатқа сенемін және сүйе де біледі екенмін»,-Шалқар Амангелді. – «Махаббат болған, бар, бола береді. Мұны Абай атамыз да «Махаббатсыз дүние бос... деп айтып кеткен. Ия, мен сүйе білгем, сүйем, сүйе берем»,- Гүлжан Серік. «Шынайы махаббат бар. Шын сүйіп, өмірін беруге дайын адамдарды да білемін. Махаббатсыз адам жетім. Сүймеймін»,-Алина Қабдығалиева. «Сенбеймін, сүйе білмеймін»,-Есдәулет Қожекенов.

        Махаббатқа сеніп, бірақ ешкімді сүймейтін жастардың жүрегі тастан ба әлде қоладан ба дерсің. Бірақ, олардың әрқайсысында үміт бар. Осындай жастарымызға Әзілхан ағаның мына сөздері ұран болсын:

   «Адам рухының ұлы күші махаббат жасасын!

     Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын.

     Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын!

     Ұлдар! Қыздарды құрметтеңдер, аялаңдар, ардақтаңдар. Олар: ұлт ұрпағының анасы, алғы ұрпақтарының әжесі.

     Қыздар! Ұлдарды құрметтеңдер, қошеметтеңдер. Өйткені ұлдар үйдің ұйытқысы, отбасының қазығы. Олар берісі – отбасының, арысы – Отанның қорғаны».яндекс

       Әрбір жан сүю үшін жаралған, шын сүйе біліңіздер, сүйікті болыңыздар.