Шын достық мәңгілік емес

Мақпал Сембайдың жазбасын оқып, қай-қайдағы еске түсіп, толқып кеттім. Сөйттім де, бар тірлікті ысырып қойып, сырласқым келді. 

Ажырамаймыз деп едік. Мәңгі боламыз деп едік. Ол екеуміз судың тамшысындай егіз едік. Ұқсас едік. 

Ол - мен, мен - ол болатын. Ол менің жанымның бір бөлігі еді. 

Тіпті оны бүкіл әлемнен қызғанып, шала бүлінетінмін. "Ол маған ғана тиесілі" деген ойға қалайша құқық алғаным есімде жоқ. Сүйікті құрбым жанымда жүрсе, жүрегім тынышталып, көңілім жайланатын. 

Ол талантты еді. Оның бойында ерекше бір тұнық тазалық бар-тын. Таза адамдарды қалайша жақсы көретінімді білсеңіздер ғой. Ол жазғанда, мөлдіретіп жазатын. Оқи бергім келетін. Оның мөлдір жазбалары жанының тұнықтығынан туындаған деп түйетінмін. Өзім де сондай кіршіксіз болуға тырысатынмын. 

Ол жиі жылайтын. Сәл қаттылық көрсе, көз жасы мөлт етіп үзіліп түсетін. Мөлт еткен көз жасынан жылт еткен тазалықты көретінмін. Тағы да.

Ол әлсіз еді. Бәрі солай дейтін. Бірақ ерік-жігері өте мықты болатын. Оны мен, сосын айлы түн ғана білетін. Оның бір жерді жарып шығатынына, өзін әлемге дәлелдейтініне шүбәсіз сенетінмін. Әлі де сенем! 

КазГУ десе, есіме сен түсесің, күз түседі. Сен екеуміз ғана сезіне алатын саф ауа лебі келеді. КазГУ десе, есіме ешқашан қайталанбайтын тәтті, адал достық түседі. 

Қазір сен жайлы көп ойламаймын. Сағынбаймын. Сенің жанымда жүргеніңді қаламаймын. Өйткені, өзгердік. Менің жанымды сенен артық түсінетін бір адам пайда болды. Ол адам сенің өміріңде де бар. Бір-бірімізге керексізбіз.  

Жақында сен жақта мереке болмақ. Менсіз. Жақында мен жақта мереке болмақ. Сенсіз. 

Мәңгі достыққа жете алмасақ та, бір-біріміз үшін мәңгі естелікке айналдық. 

Сурет: вк



Бөлісу: