Шымшық құс, сен мені естисің бе? Қарашы, көктем де келді далаға. Ал, сен салатын сол бір ән құлағымнан кетер емес...
Қолыма кітап алсам болды, өзімді де, мына өмірді де ұмытамын. Кейіпкерлермен етене танысып, солармен бірге керемет күй кешемін. Мендік жүрек қан жылайды, жанарыма ыстық жас келіп үйіріліп, терең мұңға батамын. Бірер сағат бұрын ғана Решат Нури Гюнтекиннің «Ән салатын шымшық құсын» бітірдім. Бұл он жылдан кейін Шымшық құспен қайта көрісуім. Содан ойға батып, отырған орнымнан тұра алар емеспін. Сыршыл сезімімді сыртқа шығармасам, бүгін түнде көз іле алмайтындаймын.
Мақсатым кітапта баяндалатын махаббат оқиғасымен бөлісу емес (керек деп тапқан жан өз іздеп тауып, оқып алар). Керісінше Шымшық құс аталып кеткен Феридемен қоштасу. Қоштасу деген неткен ауыр сөз еді, алайда қол бұлғамасам соңғы рет, мына азапқа төзе алмайтын сияқтымын. Мен сөзбен жеткізе алмайтын ләззат алдым оқудан, бірақ хикая сәтті аяқталғанымен жан дүниемді алай-дүлей етті. Мен Шымшық құстың әнін еститін болдым. Аталмыш әуен мені баурап, шынайы өмірден алыстатып барады.
Шымшық құс, сен мені естимісің? Мен торға қамалған құспын көптен бері. Жаным еркіндік аңсаса да, соған жете алар емес. Тордан босатылып, еркіндікке жіберілген құстар көбінесе өліп қалады деседі. Бұл шын ба? Мен қалаған еркіндік менің азабым болғаны ма?
Шымшық құс, мен төрт құбыласы тең, сонда да жан тыныштығын таба алмаған бейбақпын. Бүгін жаңбыр астында көп жүрдім. Қоғамдық көлікке мінбей, асықпай жаяу жүрдім. Кенеттен тұра қалып, аспанға көз тастап, жаңбыр тамшыларына бетімді тосқаным жұртты таң қалдырды. Мені жындыға балағандар да болған шығар. Бастысы ол емес. Мен жаңбыр сіркірінен сенің әніңді естігім келді. Өкінішке орай, ол кезде сен үнсіз қалдың. Ол әуен менің жадымда ойнай берді тоқтамай.
Шымшық құс, мен сені бостандыққа жіберемін. Саған сол керектігін сеземін. Сен қайғыдан қан жұтпайсың, қайта қанатың қатайып, алысқа самғайсың. Сенімдімін. Тек, өтініш, маған соңғы рет ән салып берші. Шымшық құс!
Шымшық құспыз бәріміз. Бәрімізде бір әуелеген әуен бар. Тек қорқамыз. Қорқыныштан арылатын күндер келсін тезірек деп тілеймін.