Мен оныншы, бөле сіңілім тоғызыншы сыныпта оқитын кезіміз. Ол үнемі саусағына неке жүзігін тағып алатын.Ол жүзікті көшеден тауып алған еді. Мектеп оқыса да қолында неке жүзігін тағып алатыны, ерекшеленіп жүргенді жаны сүйетіндіктен еді. Бір күні атамның шеберханасына бір шымшық кіріп, шыға алмай шырылдап ұшып жүрді. Екеуміз жабылып далаға шығуына жол берместен ұстап алдық. Сорлы торғайдың жүрегі лүпілдеп, кеудесінен шығып кетердей болып тұр. Оны аяп тұрған біз жоқ, дереу, жалма-жан шымшықты қолыма ұстатты да бөлем үйге жүгіріп кетті. Бір кезде қолында бүктелген қағазы бар ол қайтып келді. Шымшықтың аяғаны қағазды, жаңағы «сүйікті» неке сақинасын жіпке өткізіп байлады. Шымшықты жайына қоя бердік. Хатта не жазылғанынан бейхабар мен шымшықты бостандыққа қойғаныма рахаттанып тұрдым. Бөлем де құпия хатының сырын ашпай қойды.
Бұл жағдай ұмытылып кеткен. Бір күні он екі қозымды алдыма салып алдым да қырға барып жайғастым. Табиғаттың көркіне көз тоймай Тоғызбұлағымнаң сұлулығына тәнті болып отырдым біраз. Қозылар да менімен ойнап кезек-кезек арқамнан сүзіп жатты. Мен де олардың ашулырана тиіп маңдай тұсынан қағып қаламын. Бір кезде.. қызық... жерде қағаз жатыр. Ала бергенім сол еді астында сақина да жатыр екен. Соншама жайылым жерде дәл сол қағазды дәл мен тауып алғаным сәйкестік шығар деп ойладым. Бірақ сәйкестік емес екен... Алланың өзі мені сол жерге апарған болар. Себебі сорлы шымшықтың аяғы да жұлынып қалыпты сақинамен бірге. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Бағанан бері хаттың ішіндегіні оқитын болдым деп қуанып кетіп ем.... енді жүрегім сыздап кеткені...
Содан кешкісін хатты ашып оқыдым. Сорлы шымшықтың аяғын үзіп түсірердей ештеңе жазбапты. Бекер обалына қалдық. Хатта «Кім де кім осы хатты тапса, сол менің болашақ жарым болады» депті. Үйге келген соң, бөлеме менің жарым болыңызшы деп, тізерлеп отырып сақинаны ұсындым. Әбден күлді. Күліп біткен соң қалтамдағы шымшықтың аяғын көрсеттім. Жаңадан бері күлкіден жасы тыйылмаған ол қолына шымшықтың аяғын алып жылап жіберді. Іштей өкінді білем...
Ойланбаймыз, тез шешім қабылдай саламыз. Тіпті торғай емес адамның тарапына да осындай олқылықтар да кетіп жатады. Асығамыз, артынан өкінеміз, бәрі кеш болғанда