Шымкенттік оқушылар робот құрастырады
блог
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары “робот құрастырып жатыр екен” деген соң көрмекке бекіндік. Біз барғанда 10 шақты оқушы тапсырмаларын орындап жатыр екен.
Бұл робототехника үйірмесіне 40-қа жуық оқушы қатысады. Аптасына 3 рет өтіледі. Олар мұнда қозғалтқыштардың, дыбыс пен сенсорлық қабылдағыштардың түрлерінен хабардар болып, бағдарлама жазу негіздерін үйренеді.
Үйірменің ашылғанына бір жыл әлі толмаса да оқушылардың алды республикалық сайыста жеңімпаздар қатарынан көрініп үлгерді.
Айталық, Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Робототехника-2014 Республикалық олимпиадасында 200-ге тарта оқушының арасынан Асхат Құрал мен Төребек Құдірет суырылып алға шықты. Бірі II-ші, бірі III-ші орынды иеленді.
13 секциядан тұратын сайыста біздің оқушылар «Сумо», «Сызықпен жүру» және «Ғарыш станциялары» секцияларынан өздері жасаған роботтарын жарысқа шығарған.
“Робот құрастыру – әр адамның ой жүйріктіне байланысты. Мұнда мақсатқа жету маңызды. Роботты құрастыру оңай болғанымен, бағдарламалауға келгенде қиындықтар болады. Күрделі бағдарлама роботты күшейтеді”, – дейді 12 «А» сыныбының оқушысы Асхат Құрал.
9 «D» сынып оқушысы Төребек Құдірет олимпиадаға өзі жасаған сызықпен жүретін роботты қатыстырған. Оның міндеті – қара алаңда ақ сызықпен, ақ алаңда қара сызықпен жүруі керек. “Оны істеуге 2 ай уақытымды жұмсадым. Робот жасауда өз қиялың мен идеяң маңызды. Роботтар адамның өмір сүру жағдайын жеңілдетеді. Жұмыс күшін алмастырады”, – дейді ол.
Ал 8 «А» сынып оқушысы Аллажар Мәуленовтің құрастырған роботы робогатор деп аталады. Қолтырауынның сыртқы тұрпатына ұқсас жасалған.
“Үйірмеге қатысқаныма бір жыл болады. Мен құрастырған робот тірі қолтырауынның қозғалысын қайталайды. Құрастыруға бар-жоғы 6-7 сағат уақыт кетеді. Тек ықыласың мен идеяң болса болғаны” – дейді Аллажар.
Үйірме жетекшісі Берік Мырзабаев “балалар бұл үйірмеге алғашында шетелдік кинолардан көрген түрлі робот кейіпкерлеріне қызығу арқылы келеді”, – дейді.
Үйірмеде Lego роботтары негізінде үйретіледі. Lego роботтарының артықшылығы, халықаралық жарыстардың дені осы компания роботтарының қатысуымен өткізіледі. Робот жиынтықтар әр үш жылда жаңарып отырады екен. Соңғы нұсқасының бағасы – 80 мың теңге.
Алдағы уақытта осы робототехника саласын жалпы білім беретін мектептерге енгізу үшін жоба қолға алынбақшы. Бекітілсе Берік сияқты мамандар қарапайым мектептерге барып, информатика және физика пәні мұғалімдеріне робототехника негіздерін үйретеді.
Ұққанымыз, үйірмедегі балалардың дені келешекте кәсіби мамандықтарын робототехникамен байланыстырғысы келеді. Қазақ ғылымының болашағы – олар.