Шымкентте тоғысқан тағдырлар...

 

Әдетте түрік фильмдерін ұнатпайтынмын. Жалпы киноны көп көре бермеймін. Былтыр бөлмелес түрік қыздармен бір-екі рет кинотеатрға  бардым. Көрген фильмдерімнің әзілдері дарақы, арзанқол болып көрінді ме, содан бері кино көруге ықыласым онша болмады.  Өткенде газеттен жаңа фильмнің анонсын  көзім шалып қалған. Бір қарағаннан-ақ, бас кейіпкерлер тартымды көрінді.  Кеше ойламаған жерден сол фильмді көруге бардық. Фильмнің атауы «Birleşen gönüller». Өмірде болған шынайы оқиғаға негізделген. 2003 жылы жарияланған Ниязи Санлының «Aşka Son Bakış»  кітабының желісі бойынша түсірілген екен.

Фильм 90-шы жылдары Түркияның Измир қаласынан ерлі-зайыпты Юнус пен Дилек атты жас жұбайлар чемодандары мен екі баласын ертіп алыс жолға шығуымен басталды.  Бағыты Қазақстан. Иә, иә жаңылыс естіген жоқсыз. Анығын айтқанда Астана не Алматы емес  Шымкентке! Алдын-ала фильмнің рецензиясымен таныспай барғандықтан,  шартсыз рефлекс түрде эмоциям залға шығып кетті. Бір жағынан кеудем қуаныштан кернеп тұр. Қазақстандағы жағдайды бейнелеген көріністерді көргенде, жаңағы сезімдерден жұрдай бола қалдым да, отырған кресломнан қалай бұғып отырып қалғанымды өзім сезбей қалдым.  Қайтадан қойшы тәйірі, ол кез алмағайып тоқырау заманы еді ғой деп өз-өзімді  ақтап алдым да, оқиғаның қалай өрбитінін қызықтап, фильмге ден қойдым.

Дилек, жаңа орта, бейтаныс адамдар, тілі мен мәдениетін сырын  білмейтін бөткен  өлкеде өмір сүрудің қорқынышымен үрей сезімінде жүрсе, Юнус мұғалім болса  әлі құрлыс нысаны бітпеген қазақ-түрік лицейінің ертерек пайдалануға берілуін сабырсыздана күтіп жүр.  Әу баста келуге қарсы болған әйелі, өзіне салса жоқшылықтан көз ашпаған жаңа мекенде артық  бір күде қалғысы жоқ. Осы жағдайлардың барлығы екеуінің арасын одан әрі шиеленстіре береді. Алайда көршілері Жәннет апаның айтып берген хикаясы Дилекке күш беріп, жігерлендіре түседі. Осы жерден бастап, фильмнің басты оқиғасы басталады.

 

Картадан мекендерінің үнемі ауысып отыруы, талай  қалалар мен елді-мекендерді артқа тастауы, оқ пен қару үнінің тіпті бір күн толастамауы... осындай зобалаң жылдарды басынан кешірген Солтүстік Кавказ жеріндегі Ахыска түріктерінің өмірі сырт қалмаған бұл фильмде, үлкен махаббат хикаясын баяндайды.

Екінші дүнижүзілік соғыс кезеңі. Кеңес Одағы болатын. Бір жағадан неміс фашистері, екінші жағадан Қызыл әскерлері елге қырғидай тиіп жатқан кезең болатын. Бірісін жер аударып, ата қонысынан айырса, бірісін еңбекпен түзеу колонияларына жіберіп, ал елде қалған жас жігіттерді әскерге алып жатты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай күндер аяқталып,  жаңа үйленген қос ғашықтар Нияз бен Жәннеттің басынан зорбалаң жылдар айналып өтпеді.  Ниязды әскер қатарына соғысқа алып, тағдырдың жазуымен екеуі осылайша екіге айрылады. Екеуі бір –біріне «Ақтық деміміз біткен күнге дейін күтеміз» деп серттеседі. Неміс фашистерінен қашып келе жатқан қаршадай орыс қызын жасырып қалғаны үшін, Жәннетке берілген жаза да оңай болған жоқ. Бүкіл ауыл тұрғындарын жазаландырып, вагон –вагонға тиеп, ит жеккенге айдауға жегеді.

Фильмнің шиеленіскен тұсы да осы жерден басталады. Декорация өте бай. Совет заманын айнытпай дәл келтірген. Орыс тілді орта, «Казахстанская правда», «Известия» газеттері, Соғыс кезеңіндегі көріністер  мен актерлердің костюмдері жақсы шыққан. Фильмге бастан-аяқ, 10 миллион лира жұмсалған. 2013 жылдың 27 қараша айында басталған түсірілім жұмыстары, 16 апта ішінде бітіпті. Совет заманындағы көріністерді Болгарияның Луковит, Пловдив, Жеравна, Бели Бряг темір жолымен Софиядағы мектептерде түсірген. Ал тоқсаныншы жылдардағы көріністерді Түркияның ішкі қалаларынан арнайы түсірілім алаңқайлары жасалып, сонда түсірілсе, соғыс кезіндегі ең маңызды бөлігін Голливудтың «Nu Boyana» студиосында түсіріпті. Көптен бері шықпаған стресстерді, сезімдері бір ақтарып алуға жақсы екен. Кіргеннен көзімнің жасы құрғамады. Көптен мұндай кино көрмеген едім.

Фильмнің ұнамаған тұстары да болды әрине. Мысалы, Қазақстанға барып түсірілмегенмен сол жақтағы сол кезеңдегі көріністі барынша көрсетуге тырысқаны байқалып тұр.Мәселен,  метро сияқты поезд бізде жоқ, ішін қазақша ою-өрнекпен, ара тұра тақия, айыр қалпақ киген жолаушы қазақтар эпизодта көрініп қалады. Жалпы кинодағы қазақтарды қайдан тауып алғанын білмеймін, қазақтардан гөрі қырғыздарға көбірек ұқсайды, немесе Түркияның жергілікті қазақтары  болуы да мүмкін. Кино ішінде қазақша сөйлейтін көріністер бар. Шынымды айтсам, олардың қазақшасына өзім де дұрыс түсінбедім. Медбике мен физкультурник жігіттің ғана қазақшасы таза шыққан. Қалғандары қырғызша  өзбекше ме араластырып  гәпірді, оны Құдай біледі. Базарда жүрген жүргінші адамдар бар эпизодта, көрінеді- аудеген үшеуіне қазақша шапан, қамзол, кәжекей кигізіп қойған. Арнайы күндерде болмаса, жалпы күнделікті жүргенге ұлттық киімімізді кимейтініміз айдан анық қой. Тіпті бір әйел, ер адамның жасыл шапанын киіп алып, белін буып алған. Бояушы бояушы дегенге... Шымкентке өмір сүруге келген жас жұбайлардың жалға алған квартирасындай жұтаң үйлер бар шығар, бірақ көп қабатты үйде тұрып жатқан тұрғындардың тұтастай аулаға  кір жайып қойғанын түрік сериалдарынан көрмесем, біз жақтан ондай байқамаппын.  Білуімше, біздің елдегі түрік лицейлері оқушыларды бесінші, алтыншы сыныптан кейін қабылдайды емес пе, ал фильмде өмірінде оқу-сызу көрмеген, жердің бір жерінде, сонау Африкадағы балалардың сауатын ашып жатқандай сондай-ақ, ағартушы-мұғалім маман тапшыдай мектепке дейінгі білім беру бағдарламасын Түркиядан келген түрік әйелдің айналысуы тым күлкілі және қисынсыз көрінді. Фильмнің басты оқиғасы, айтары бұл болмаса да бізге қатысты жері болғасын үнсіз қала алмадым. Ал, жалпы фильм керемет шыққан.   Айтары, берері мол. Көруге ұсынамын. Ал Нияз бен Жәннет қосыл ма қосылмай ма оны сіздерге қалдырдым. 

 Фильмнен үзінді 



Бөлісу: