Шымкентте экс-судья өлмей жатып өзіне мазар салып алғаны рас па?
блог
Арман Шораев фейсбуктегі парақшасында видео жарияланды. Роликке "Шымкентте бұрынғы судья әйелімен бірге жататын кесенесін тұрғызды. Мемлекетіміздің сот жүйесі туралы білу қажет нәрсенің бәрі осы..." деген сипаттама жазылған.
Видео кадрларынан ер адам беймәлім ғимарат ішінде жүргенін байқаймыз. Кадр сыртындағы дауыста "Міне, мынау Бекет ағамыздың болашақта жататын орны екен. Дайындап қойған. Осы жерде жатпақшы болашақта. Мына жақта жеңгеме де орын дайындаған. Жеңгем мына жерде жатады құдай қаласа. О дүниеге қалай дайындалып жатыр адамдар" дейді.
Осылайша ол сән-салтанатымен безендірілген табытты, сарайды көрсетеді.
Ақпаратты тексеріп көруді ұйғардық.
Бұл ғимаратты YouTube желісінен тауып алдық. Бұл Түркістан облысы Қазығұрт ауданында орын тепкен ғимарат екен. Ол 2021 жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылған нысан. Алайда, видеода айтылған және жазба авторы жазғандай әлдеқандай судья мен оның әйелі қайтыс болғаннан кейін жататын орын емес, бұл Бекет Ата киелілер кесенесінің ғимараты екенін анық аңғаруға болады.
Мысалы, 2021 жылы "Айғақ" телеарнасы нысанның ашылуы кезінде түсірген сюжет кадрынан түпнұсқа видеодағы ғимараттың іші де байқалады.
"Айғақ" телеарнасы кадры:
Желіде таралған видеодағы кадр:
Бұл екі кадрдан екі видеодағы нысан біреу екенін аңғаруға болады. Әрленген табыттың және дуалдардың бірдей екенін, қос видеодағы артқы көріністе әл-Фарабидың суреті ілінгенін байқай аламыз.
Бұл кесененің ашылуы туралы көлемді мақала жариялаған "Оңтүстік Қазақстан" сайтын да тауып алдық.
Бұл сайтта мақала 2021 жылдың 15 желтоқсанында жарияланғанын байқаймыз. Авторы Аман Жайымбетов. Мақала авторының айтуынша, бұл нысан - Бекет ата киелілер кесенесі. Хабарда қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті судьясы атағы бар Бекет Тұрғараевтың бастамасымен бой көтерген "Бабалар рухына тағзым" кешені тағы бір еңселі ескерткішпен толыққаны айтылады.
Жарияланымда Пір Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай салынған кесене екені айтылады. Сондай-ақ, суреті беріледі.
okg.kz сайтынан алынған сурет
Сондықтан бастапқыда таралған роликтегі дауыс иесі қазақтың әйгілі батыры Бекет ата Мырзағылұлы мен өзге де тарихи тұлғалардың кесенесін салуға мұрындық болған Бекет Тұрғараевпен шатастырған болуы мүмкін деп пайымдаймыз. Себебі Бекет Тұрғараев — Қазақстанның Құрметті судьясы.
Үкім: фейк
@uscgalmaty @usinkz #түркітілдесжурналистерқоры #фондтюркоязычныхжурналистов #turkdilikonusangazetecilervakfi #turkicspeakingjournalists #ЖорналшыданБіл