Шымкент қаласында жастар 2015-2025 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның жобасын талқыға салды.
блог
Шымкент қаласында «Жас Отан» жастар қанатының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» дискуссионды клубының отырысы өтті. Отырыс барысында «Нұр Отан» партиясының 2015–2025 жж. арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның жобасы талқыға салынды.
Кездесуге «Жас Отан» ЖҚ ОҚОФ Атқарушы хатшысы Молдабеков Бауыржан, Шымкент қалалық студенттер Альянсы директорының орынбасары - Темирова Кымбат, «Еңбекші ауыл жастары одағы» ассоциациясының оңтүстік облыстар бойынша атқарушы директоры Байзахова Сәбира және жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, студент жастар қатысты.
Кездесуде елдегі сыбайлас жемқорлық, соның ішінде жоғары оқу орындарындағы пара туралы мәселелер талқыланды. Кездесуде студенттердің жатаханаларға қол жетімділігі және магистратура емтихандарының айқындығы сөз болды.
Пікірталас барысында қатысушылардан ерікті түрде ұсыныстар қабылданды. Бұдан бұрын атап өткендей, аталмыш жобаның бағдарламасына аймақтық партия мүшелерінен, сараптамалық бірлестігінен және ғаламтор пайдаланушыларынан 700-ден астам ұсыныс түскен болатын.
Сыбайлас жемқорлықты жою – біздің халқымыз бен мемлекетіміздің негізгі құндылығы болып табылатын – Тәуелсіздігімізді нығайтудың басты талабы.
Сондықтан да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас пен құқықтық сана қалыптастыру қажет және де сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюда, шешуші және соңғы сөз ЖАСТАР тарапынан болуы керек!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің ИДЕЯЛЫҚ НЕГІЗІН партияның саяси Доктринасында бекітілген Заңның үстемдігі, Əділеттілік, Отбасы және дəстүр сынды әмбебап ҚҰНДЫЛЫҚТАР – құрауы тиіс.