Шығыстанудағы мәдениетаралық менеджменттің маңызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және Саясаттану факультеті
Жетекші: Садықова Назира Марғұшқызы
Студенттер: Урумова Т., Қасымова Д., Дарбай Н.

***

Қазіргі таңда «Басқару психологиясы» жоғарғы оқу орындарының магистратура дәрежесінде білім алатын студенттер үшін міндетті әдістемелік пәннің бірі болып табылады. «Басқару психологиясы» студенттерді іскерлік ара-қатынасты дұрыс әрі сауатты құру үшін, ұйымдарды тиімді басқару үшін, оның теориялық негізін біліп, оны практикалық тәжірибеде қолдануға үйретеді. Өз кезегінде шығыстанушылар мәдениетаралық менеджментті «Басқару психологиясының» зерттеу объектісі ретінде қарастырады. Бірнеше мәдениет тоғысында қызмет атқаратын шығыстанушылар үшін мәдениетаралық менеджментті игеру, іскерлік біліктіліктің негізі саналады.

Мәдениетаралық менеджмент қызметкерлердің ұлттық мәдениеттермен немесе әртүрлі ұйымдық мәдениеттермен өзара әрекеттесуін нақты зерттеуге тырысады. Әр мәдениетке тән мінез-құлықты сипаттау және салыстыру арқылы теоретиктер ынтымақтастық пен іскерлік өнімділікті жақсарту үшін түсінбеушіліктерді азайтуға тырысады. Бұл тұрғыда мәдениетаралық менеджмент әртүрлі мәдениеттерді тануға, сол мәдениеттерге негізделген құндылықтарды әртүрлі іскерлік функцияларды орындауда және мәдени тұрғыдан нақты шешімдер қабылдауға қабілетті басшы тәрбиелеуде қолданылады. Мәдениетаралық менеджмент әртүрлі адамдар мен топтар арасындағы айырмашылықтар туралы хабардар болуды және осы айырмашылықтардың негізінде қажетті нәтижелерге жету үшін оларды сәйкестендіруді қамтиды. Атап айтқанда, халықаралық дипломатияда сауатты дипломаттар мәдениетаралық менеджмент дағдыларын пайдалана отырып, елдер арасындағы мәдени байланысты дұрыс жүзеге асыруы қажет.

Мәдениетаралық менеджменттің маңыздылығы әр мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері болатынын ұғынған сәтте туындайды. Біз бір елден болсақ та, білімімізге немесе өскен ортамызға және жұмыс орнымызға байланысты бізде әртүрлі құндылықтар болуы мүмкін. Ал бұған халықаралық қатынастар барысында мүлде өзге мәдениет өкілдерінің қатынасуы мүмкіндігін қоссақ, жауапкершілік екі есе артып, мәселе күрделене түседі. Мәдени менеджмент тек түрлі мәдени ерекшеліктерді зерттеп қана қоймай, мәдениет өкілдерінің реакцияларын алдын-aла болжауға үйретеді. Өз идеяңызды басқа мәдениетке таныстырғанда, егер сіз олардың құндылықтарын құрметтемесеңіз, сіздің идеяңыз лайықты түрде бағаланбайды. Өйткені олар сіз үшін емес, сіз олар үшін бейімделу керексіз.

Шығыстану саласында «Басқару психологиясының» бұл құралын дұрыс қолданудың қыр-сырын үйреткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты Садықова Назира Марғұшқызы  болып табылады. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы өзінің жұмыс атқарып келе жатқан жылдар бойы бәсекеге қабілетті, білімді де білікті мамандар дайындаумен айналысып келеді.



Бөлісу: