Шығыстану факультетінде оқыған қалай?

Мен Умурзакова Ләззат Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, шығыстану факультетінің 4 курс студентімін. Мектепті бітірген соң, өзім таңдап түскен университет. Шыны керек, қытай тілін оқимын, оқи аламын деп ешқашан ойламадым, бірақ факультет туралы мәліметтерді оқып, білген соң, шешімді бірден қабылдадым. Бұрын иероглифтарды көрген кезде, «Қалай түсінуге болады? Тым қиын ғой!» деп ойлайтынмын, бірақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» атты қанатты сөздер бекер айтылмаған, кафедраның оқытушыларының көмегімен мүлдем естімеген, көрмеген қытай тілін де оқи, сөйлей тіпті қытай тілінде ойлай да бастадық. Әрине ең алғашқы кезде иероглиф жаттау қиынға түсті, бірақ ұлы білімдер ешқашан оңайлықпен берілмейді, солай емес па? Тілмен қоса, қытай тілінің фонетикасы, грамматикасы, әдебиеті сияқты пәндерді де оқимыз. Ең қызықты әрі сүйікті пәндрімнің бірі ол қытай мәдениеті мен тарихы. Бұл пәндерді оқу арқылы, қытай тілінің лингвомәдени сипаттағы аспекттерін түсінуге үлкен мүмкіндік береді. Семестр басталғасымен, студенттік өміріміз өте белсенді өтеді, жыл басындағы алғашқы сайыс «Қытай каллиграфиясы» және «Қытай тілінде шығарма». Мен бұл сайыстарға бірінші курстан қатысамын және Каллиграфиядан үшінші рет қатар жеңімпаздардың бірі атандым. Қытай жаңа жылы мерекесі факультетімізде ерекше өтеді, барлық студенттер мен мұғалімдер ұлттық «чипаоны» киеді, қытай тағамдары дайындалып, қытай тілінде концерттік бағдарлама болады.

Студенттің оқу үлгерімі жоғары болып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын болса, факультет 1 семестр немесе 1 жылға оқитын тілдің еліне алған білімін жетілдіруге тіл практикасына жібереді.  Мектепті өте жақсы бітіргенімен, өкінішке орай грантқа түсе алмадым. Бірақ сонда да университет пен факультет  жақсы оқитын студенттерді барынша қолдайды. Мысалы, мен бірінші курсты аттай салысымен, барлық қоғамдық жұмыстарға қатысуға ат салысып, оқу үлрегімімді 4.0-ге жеткізіп, 2 курста КННК-ның 150.000 тг стипендиясына ие болдым.  Бұл стипендияны тек үздік студенттер ғана  иеленеді. Содан кейін мемлекеттік грантқа да ауыстым. Қытай тілі оқытушыларының көмегімен Республикалық олимпиада, Халықаралық «Ханюйчао» сайысы, Қытай тілінде өлең оқу, Қытай каллиграфиясы сияқты сайыстарға қатысып, бірнеше орынға ие болдым. 

Қазіргі таңда Ланьчжоу Университетінде қытай тілін оқып жатырмын. Тобымызда 10 мемлекеттің студенттері оқиды, сабақ тек қытай тілінде өтеді. ҚазҰУ-да алған білім арқылы, Қытайда оқу қиынға түсіп жатқан жоқ. Университеттің академиялық мобильность  бағдарламасы арқылы ҚазҰУның сабақтарын дистанциондық курс арқылы оқимын.

Жалпы шығастану факультетіне түскеніне өкінбеймін, себебі 4 жылдың ішінде үлкен көлемде білім алып, көптеген адамдармен танысып, түрлі іс-шараларға қатысып өмірлік тәжірибеге ие болдым. Болашақта қытай тілінің білікті маманы болатыныма сенемін.

4-курс студенті: Умурзакова Ләззат

Жетекші, куратор-эдвайзер: Сапарбаева Нуржан Балтажановна



Бөлісу: