Шығарма. «Жазғы демалысты қалай өткіздім?»
блог
Сөз басында аздап ностальгия
Әр оқу жылының барлық сабақтары дерлік мұғалім апайдың: «Сәлеметсіңдер ме, балалар?! Жаңа оқу жылы құтты болсын! Жазғы демалыстарыңды қалай өткізіңдер?!» деп сұрақ қоюынан басталатын. Еріксіз, бүкіл сыныппен: «Жжжаааааққссссыыыыы» дейтінбіз. Жақсы болмаса да, жақсы дей салатынбыз. Қайтейік енді, үш ай көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Мұнымен қоймай, гуманитарлық сабақтарда «Мен жазды қалай өткіздім» деп шығарма жазатын едік. «Май саммер холидэй вас гуд. Ай визитед май гранни» деп өтірік-өтірік бар ағылшыншаңмен «Май саммер холидэй» деген тақырыпқа инглиш сабағынан шығарма жазатын едік. «Как я провела летние каникулы» деген тақырып бойынша ағылшында не жаздың, соны тек орысша жаза саласың. Ал қазақ тілі мен әдебиеті сабағында көсіле кетесің ғой өткен күндеріңді еске түсіріп.
Эстафета
Қыркүйектің жиырма алтысы
Шығарма
«Жазғы демалысты қалай өткіздім?»
Қызықты эстафетаны бастаған Айжанға, оның таяқшасын маған ұзатқан Абзалға мың да бір рахмет. Шамам келгенше қызықты етіп мен де жазып көрейін.
Сіз жазды қайда, қалай өткіздіңіз?
Жаз мен үшін кезекті екі апталық еңбек демалысынан басталған. Қызықты күндер сол кезде басталған. Жазғы демалысымды есте қаларлқытай өткізуді ғана ойладым. Алайда, бұл ойым көп ұзамай сейілді. Отбасылық жағдайларға байланысты біраз уақыт ес жинай алмай есеңгіреп қалдық. Бұл кезде демалысты қалай өткіземін деп ойланбайды да екенсің. Биыл жайлауға барсам деген ниетім де жайына қалды.
Не керек бар жұбанышым, бар қызығым жұмысым мен өзге жобалар болды. Араға біраз уақыт салған соң, іс-сапармен Еуропаға кететін болдым. Бір жағынан, ел көріп, жұмыс тапсырмасын орындауды, бір жағынан ойымдағы бар нәрселерден арылып, жақсы демалып қайтуды мақсат еттім.
Сонымен, менің іс-сапарым шағын каникулға айналды. Екі аптаға жуық уақыт Венгрияның алты қаласы мен Австрияның астанасы Венада болып қайттым. Енді ол туралы кезекпен.
Венгрия астанасы мені осылай қарсы алды
Будапешт
Венгрия астанасы Будапешттегі алғашқы жазбаларымды мына жақтан оқуға болады. Ал жалпы бұл қалада мен не істедім?! Жаңа және ескі достарыммен бірге болып, көңіл көтердім. Күндіз ресми бағдарлама аясында қыдырсақ, түнде өз еркімізбен Будапештті жаяу аралап мәз болып жүрдік.
Бугац
Бугац әкімінің нан әкеп бергені туралы, сол өлкеде өткен Құрылтай туралы да жазып едім. Енді осы аймақта не істедік?! Шыны керек, бәрімізді Бугац қалашығының маңындағы кішкентай ауылдарға бөлді. Кишкунмайше деп аталатын ауылдағы екі қабатты шағын үйімізге үш күн бойы тек ұйықтау үшін ғана келдік. Себебі, таңертең бізді құрылтайға алып кетеді, түнде бірақ алып келеді. Бұл өлкеде көңілімізді таңертең автобус күтіп тұрғанда көтеретінбіз. Қалай десеңіз, суретке зер салыңыздар.
Мадияр елінің азаматының қолынан ұстап, сонымен бірге кете жаздадым)))
Ópusztaszer
Бұл Бугац қаласының маңындағы әдемі аймақ. Байқағаным жүгері өсіреді. Өкінішке орай, биыл жаңбыр жаумай, барлығы күйіп, шаруалар астықсыз қалған. Бұл өлкеде ұлттық саябақ пен кең көлемді панорамалы мұражай бар. Керемет жер екен! Бұл жақта да көңіл көтердік.
Жоғарыдағы диірменнің іші
"Золушка" фильмінен көрініс
Балатон көлі
Құрылтайға келген барлық делегация мүшелерін игі шарадан кейін демалсын деп Балатон көліне демалуға апарды. Керемет күндердің жалғасы осында болды.
Шиофок
Балатон көлінің жағалауындағы кішкентай ғана қала. Көшесі таза, сәулеті тамаша мекен. Қонақүйдегі менің бөлмем тура ғимараттың бұрышында, жоғары қабатта болғандықтан, Балатон менің аямда болды.
Бұл қалада мен алып балмұздақтан дәм таттым
Тихани
Балатонның жағалуындағы тағы бір керемет қала. Бұл қалада монастырь шіркеуі бар. Тек ол жаққа басыңа орамал салып, аяқ-қолыңды жауып кіру керек. Бұл қалаға туристтер көп келгендіктен, көше бойындағы әрбір үйден дүкен ашып қойған. Көбіне, қолдан жасалған бұйымдар сатылады. Мадиярлар елі паприкамен танымал. Олар ащы бұрышты арнайы өсіріп, үй шатыры мен іргесінде кептіреді. Кейін оны зауыттарға өткізеді, өздері сатады.
Монастырь шіркеуінің алдында
Жануарлар әлемінде
Балатонфюед
Балатон көлінің жағалауындағы тағы бір қала. Бұл қала-порт. Қайық-кемелер осында тұрақтап, саяхатқа шығады. Үйрек, аққулар жатсынбай жүзіп жүр. Бұл қалада тұрғындар мен қонақтарға арнап барлығы қарастырылған.
Австрия. Вена
Шиофок қаласынан Венаға автобуспен 4 сағатта жетуге болады екен. Таңертең ерте тұрып, Венаға қарай жол тарттық. Бұл қалада небәрі 4 сағат қана болдық. Бірақ, соның өзі қаланың ең, ең деген көрікті мекендерін араладық.
Салт аттармен жас жұбайлар жүріп өтті
Барған жеріңіздің қызмет көрсетуі ұнады ма?
Әлбетте, ұнады. Барлығы жақсы, жоғары деңгейде болды. Тек мадиярлар асықпайтын, жайбасар халық. Сондықтан да, сабырлық танытыңыз. Бірақ, келешекте Венгрия, Австрияға баратын жандарға айтарым бар. Ол жақта қауіпсіз. Тек қайыршы-кедей сымақтар, өтірік ақша сұрауы мүмкін. Мадиярлар елінде ағылшын тілін тек жастар біледі. Ал орыс тілін түсінгенменен аса сөйлемейді. Оның үстіне олар орыс тілін жек көреді. Көздерінше орысша сөйлемеңіздер. «Қазақстаннанмын» десеңіз, сізді қуана-қуана қарсы алады. Австрия елі де қауіпсіз. Қай тілде сөйлеймін десең, өз еркің. Бұл жақта үлкен-кіші орыс тілін жақсы біледі. Қиналмайсыз.
Демалыс кезінде өзіңізге қандай қызықты жаңалықтар аштыңыз?
Жаңа достар таптым, түрік, ағылшын тілдерінде сөйлеп, тіл білімімді жетілдірдім. Ел көрдім, жер көрдім. Алға қойған жоспарлардың біразына қол жеткіздім. Таныстарымның қатарын арттырдым, бес жыл бойы көрмеген кезінде бірге оқыған құрбыммен кездестім. Құрбым Индира бес жыл бұрын Венгрия еліне отбасымен бірге көшіп кеткен. Будапештте онымен және сіңлісі Тоғжанмен кездестік. Олар бізбен бірге Құрылтайда болды. Барлығы жақсы, барлығы керемет болды.
Әуежайға қыздарым мені шығарып салды
Тіл-көзден сақтасын, көп сөйлеп кеттім-ау деймін. Сол себептен Абзалдың маған қарай ұзатып жіберген таяғын Сәкен деген әріптесіме бердім.