Шыда, жаным, шыдай түс, шыда тағы

Шыда, жаным, шыдай түс, шыда тағы
жеке
блог

Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай болмайды дейміз, дегенмен елімізде көп себептен ыдыс-аяқ сылдырының арты ауыр соққы мен тіпті өлімге, немесе әлімжеттік көрсеткенді өлтіруге дейін әкеліп жатыр. 
Статистикаға сүйенсек қасақана жасалатын адам өліміне қатысты қылмыстың 30%-ын туыстар жасайды екен, ал жыл сайын 500-ге жуық әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Әрбір үшінші отбасында әйел зорлық-зомбылық көреді. 

ТМД елдерінің арасында біздің елде ғана ішкі істер органдары жүйесінде әйелдерді қорғау бөлімі бар екен. 2012 жылы ол бөлімде 133 полиция қызметкері жұмыс жасаған. «Забота» дағдарыс орталығының басшысы Ұлжан Лұқпанованың айтуынша бұрын АІІБ – де әйелдерді қорғау инспекторының жетеуі жұмыс жасайтын еді, ал қазір олардың саны үшке азайған. Заң бойынша кінәліге тұрмыстық зорлық көрсеткені үшін 10 тәулікке қорғау нұсқаулығын жазып береді, оны бұзған болса 5 АЕК айып төлейді немесе әкімшілік тиым салынады. 
Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түр¬лерін жою туралы Конвенциясына қосылып, «Әйелдердің сая¬си құқықтары туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» халықаралық пактілерді ратификациялап қойған. Қарап тұрсаң қағаз жүзінде бәрі де дұрыс, төмен етектілердің барлық құқығы заңмен қорғалады. 

Бірақ іс жүзінде жағдай мүлде басқаша. Заңмен қарастырылған тиымдар мен айыппұлдардың күйеуінен зорлық көріп жүрген әйелге ешқандай көмегі жоқ, өйткені мұндай жағдайлар көбінесе тек әйелі ақша тауып жүрген отбасыларында кездеседі, яғни айыппұлды сол баяғы әйелі төлейді. Сондықтан әйел артық рет шағымданбайды да. Ал ІІБ-де жазбаша арыз болмаса, ешқандай мәселе де жоқ деген сөз. Ал керісінше отағасы бүкіл отбасын асырап, әйелі үй шаруасымен ғана айналысатын үйлерде бұндай жағдай орын алса, көбінесе ерінің мұндай жағдайда мықты тамыр-таныстары бар, әйелі тіпті кімге, қайда барып шағымданатынын білмейді, өйткені бәрі шешілген. Күйеуінен кетейін десе, бір жағынан қорқады, екінші жағынан баспанасы да жоқ, содан кейін балаларын асырайтын білімі, кезінде жұмыс жасамаған соң, тәжірибесі де болмайды. Үшіншіден күйеуі таныстары арқылы балаларды өзіне қалдырып, әйелді тіпті мәжбүрлеп емделуге жіберген жағдай да болған «Забота» дағдарыс орталығының басшысы Ұлжан Лұқпанованың айтуынша.

Тақырыптың келесі бөлігі отбасындағы әлімжеттікке ғана қатысты емес, жалпы қыз-келіншектердің зорлыққа ұшырауына қатысты. Елімізде айдың күннің аманында әрбір 5-ші әйел зорлыққа ұшырай¬ды. Алайда, әйел зорлау оқиғаларының 10%-дан төмен көрсеткіші ғана сотқа жетеді. Себебі нәзікжандылардың дені өздерін қорғауға тиісті адам-дардан қорлық көріп жүргенін сыртқа¬ шығармай, іштерінде бүгіп қалады. Өйткені, егер зорлық көрсеткен адамның құқық қорғау органдарында немесе жалпы әлі келетін таныстары болса, бұл істі аяғына жеткізбей жауып тастайды. Екіншіден, баяғы ел-жұрттан ұят деп, ешкімге айтпайды. Тіпті 5-6 жасар баланы 6 жыл бойы зорлапты деген жаңлықтарды естігенде қорқынышың, жиіркенішің ұлғая түседі. Мұндай жағдайдың құрбаны болғандардың алдағы өмірі жалпы не болмақ?

Енді жалпы тұрмыс құру мәселесіне келсек. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының зерттеулері бо¬йынша елімізде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың 5 пайызы зорлықпен тұрмыс құрады екен. Әділет министрлігінің құқықтық көмек көрсету комитетінің мәліметтері бойынша 2001 – 2012 жылдар аралығында 31 мыңнан астам неке кәмелетке толмаған қыздармен қиылған. Бірақ ІІМ-де қыз алып қашу деген қылмыс мүлдем тіркелмеген. О бастан қыздың келісімінсіз құрылған отбасында қандай береке болуы мүмкін. «Творческая инициатива» әйелдер лигасы осы мәселені зерттеумен үшінші жыл айналысып келеді. МЕҰ мәліметтеріне сүйенсек көбінесе бұл жағдайлар Оңтүстік Қазақстанның ауылдық жерлерінде орын алатын көрінеді. Даудың арты екі жақтың келісуімен бітеді. Бірақ білім алып үлгермеген, отбасын құруға әлі дайын емес қыздар ақыр аяғында көбінесе баламен қайтып келуге мәжбүр болады. Мұндай отбасылар дені заңды түрде тіркелмейді де, тек некесін қидырады, ал заң бойынша тіркелмеген жерде әйелдің құқығы еш қорғалмаған.

Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді дейміз. Тоқсаныншы жылдары дағдарыс кезінде ерлері ішіп кетіп, не істерін білмей жүргенде, базарға шығып отбасын асыраған, базарларда талай рет милициямыздың қуғынына ұшыраған әйелдер еді ғой. Қазір де көп салада әйелдер өз еңбектерін сіңіріп, еліміздің дамуына үлес қосып жатыр, бірақ бәрібір оларды сынаудан шаршамаймыз. Бірақ олардың көріп отырғаны осы болса, қалайша қазақтың санын көбейтіңдер деп талап ете аламыз? Мұндай отбасында өскен ұлдар міндетті түрде әкесінің жасағанын қайталайды, ерте ме кеш пе, ал қыз өзіне әлімжеттік көрсеткен біреу болса, соған көніп жүре береді. Өйткені олар солай өскен, бұл қалыпты жағдай болып саналады. Бұл мәселе тек сол отбасының ғана мәселесі емес, бәрімізге қатысты. Өсіріп отырған қызымыз ертең сондай отбасында өскен жігітке тап болмауына, жалпы зорлыққа ешқашан тап болмайды деген қандай кепіл бар? 

Меніңше кімге болса да зорлық көрсеткен еркекті «Врашиловский стрелок» киносындағыдай жазлау қажет. Ал әйелін ұрғанды дәл солай соққыға жығу керек. Мүмкін сонда ер адам бір нәрсе жасамас бұрын аз болса да ойланар. Әрине бұл мәселе тек жазалау мен шешілмейді. Оның туындап отырғанының да көп себебі бар. Және бұл жағдайды кешенді түрде қарастыру қажет, шешу қажет. Бірақ біз біраз кешігіп қалдық. Олар өсіп келе жатыр және олар көп…