Еуропа чемпионаты қыза түсті. 24 команданың 8-і елдеріне қайтты. 1/8 финалда тіпті қызықты матчтарға куә болатын түріміз бар, мәселен Португалия - Бельгия, Англия - Германия, Испания - Хорватия...
Топтық кезең жайлы біраз әңгіме айтуға болады. Үшінші тур тартысты болды. Италиялықтар Локателли мен Инсиньесіз-ақ Уэльсті ұтты. Швейцария түріктерге мүлде дес бермеді. Түркия демекші, чемпионатта ең нашар ойнаған құрамалардың бірі болды, ұпай олжалай алмады, бір рет қана қарсы қақпаны дәл көздеді. Чемпионат түріктердің автоголынан басталғаннан-ақ, олардың бұл додада айы оңынан туа қоймағанын аңдауға болады. Нәтижесінде топта соңғы орында қалды. Бәлкім Арда Тұран секілді тәжірибелі футболшылар жетіспеді, сірә.
Украина соңғы ойында Аустриядан ұтылды да, үшінші орында қалды. Олар өз мүмкіндіктерін кешеге дейін күтті. 1/8 финалға жолдама алу үшін Португалия немесе Польшаның ұтылғаны ауадай қажет болды да, ақыр соңы оларға шведтер көмектесті. Польшамен өткен аса тартысты ойында шведтер соңғы секундтарда жеңісті жұлып әкетті. Жеңіп қана қоймай, Украинаны да 1/8 финалға алып шықты. Қызық болғанда, аталмыш кезеңде Украина осы Швециямен күш сынасады.
Ресейдің мүмкіндігі тәуір-ақ еді. Даниядан ұтылмаса болды, жолдама алақандарында болатын. Бірақ бірінші турда Эриксеннің хал-ахуалынан есеңгіреп, онша ойнай алмаған дат динамиттері тап осы Ресеймен ойында дүмпіді, бір-бірінен өткен әдемі голдарды соғып, 4:1 есебімен таптап тастады. Ресей үшінші орынға да іліге алмады.
Хорваттарды 36 жастағы Лука Модрич пен Никола Влашич құтқарды. Шотландия оларға лайықты қарсылас болғанымен, жеме-жемге келгенде хорваттардың тәжірибесі бәрін шешіп тастады.
Ал, соңғы “өлім тобы” ше? Немістерді өткенде ерте мақтап қойыппыз. Мажарлармен ойында өз жанкүйерлерінің төзімін 66 минут бойы сынады. Осы минутта ғана Хаверц есепті теңестіргенде күллі Германия үстінен ауыр жүк түскендей терең дем алды, бірақ артынша мажарлар тағы алға шықты — 1:2! Осы сәтте Португалия мен Франция 2:2 есебімен тең ойнап жатқан, демек бұл нәтиже немістерді соңғы орынға ығыстырады. Тайлы-тұяғымен шабуылдап жүріп, 84-минутта есепті әзер теңестірді де, қайтадан екінші орынға көтерілді. Ал Мажарстан футболшылары соңғы орында қалғанына қарамастан, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Немістердің аяқ алысын ғажап деп айта алмайсың, басқа құрамалар қаладан-қалаға көшіп жүргенде, бұлар “Альянц Аренадан” аттап шыққан жоқ. Өз алаңында бұлай солғын ойнаса, ертең 1/8 финалда Лондонда Англияға қалай төтеп береді?
Үшінші турдың соңғы күні тартысты өтті, төрт кездесуде 18 гол соғылды, төрт пенальти белгіленді, екі автогол куәсі болдық, төрт бірдей футболшы дубль жасады (Роналду, Форсберг, Бензема, Левандовский).
Топтық кезеңнің әңгімесін жуық арада айтып тауысу мүмкін емес. Келесі кезең бұдан да қызық болатын шығар деген үмітпен енді 26 маусымды күтеміз. Оған дейін футболдан демала тұрамыз.