"Шүлен тарату" салты
блог
Дәстүрлі қазақ қоғамында жарлыға жәрдем беру мен әлсізге қамқорлық көрсетуді насихаттайтын салт көп болған. Әлі де аз емес, десек те олардың бірқатары қазіргі күні ұмытылып кеткенін мойындауымыз қажет. Сол ұмытылған немесе бүгінде көп насихатталмайтын салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында порталымызда "Ұрпақ ұмытпауға тиіс салттар" блог эстафетасы басталған екен. Бұл жерді әркім өз білгенімен, естігенімен бөлісетін орта деп білемін, сондықтан эстафетаға өз үлесімді қосу үшін бүгін сіздерге өзім күні кеше естіген "Шүлен тарату" дәстүрі жайлы айтып берсем деймін.
"Шүлен тарату" — жомарттықты көрсететін салт болса керек. Бұл дәстүрдің тамыры өте тереңге кетеді екен. Оның мақсаты: жағдайы нашар адамдарға көмектесу. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл — қайырымдылық шарасы. "Шүлен тарату" салты күз түсіп, мал саны көбейгенде хан-сұлтандар мен дәулеті тасыған байлардың кедейлерге тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіруі арқылы жүзеге асқан. Бұл біріншіден кедей-кепшіктің келе жатқан қыстан аман шығуына жәрдемдесу болса, екіншіден көптің алғысын алудың амалы десе болады. Шүлен таратқан жандардың ел арасындағы беделі артып, алыс-жақын жерлерге ол жайлы мақтау әңгімелер тараған. Жалпы, адамдарды бауырмалдыққа баулитын, қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін бұл дәстүрдің игілігі көп.
Эстафета кезегін Бауыржан Жақсымбетке беремін.