ШУҒА ТОЛЫ ҒҰМЫРДЫҢ ШОУЫНА ШОМЫЛЫП ЖҮРГЕН БІЗ КІМБІЗ? БУМ...

ШУҒА ТОЛЫ ҒҰМЫРДЫҢ ШОУЫНА ШОМЫЛЫП ЖҮРГЕН БІЗ КІМБІЗ? БУМ...
жеке
блог
Еркіндік..! 
 
Бұл мәңгілік арман. Біз еркімізді беріп қойғанбыз. Еркіндік дегеніміз тыныш өмір сүру, бейбіт күнде күліп-ойнау, бақытты болу, бәрі жақсы болу деген сөз емес. Еркіндік – жауабы жоқ, түсіндірмесі жоқ теория. 
 
Қазіргі қоғам, өткен қоғам да, келетін келешек қоғам да идеология үшін жұмыс жасайды. Ал идеологияны тудыратын белгілі бір адамдар. Олардың лақап аты көп, шын есімдері біреу ғана. Шындықты білу үшін күресіп келеміз. «Неге және кім?» дейтін екі-ақ сұраққа жауап таба алмай келе жатырмыз. Ең бірінші Құдайдың құлы екеніміз анық. Шүбәсіз ақиқат. Бірақ құдайдан кейін «құдай» болғандар қанша... Олардың да құдіреттілігі сонша сенің тағдырыңмен ойнай алады. Саусақтың ұшын ғана қимылдатып сізді жоқ қылып жібере алады. Өлтірмеді деген күннің өзінде өмір сүруге жарамсыз хәлге түсесіз. Жоқ өздігіңізден емес, сізді сол күйге түсіреді. Бұл қандай күш? Олар кім? Ойлаудың өзі қорқынышты... 

ХХІ ғасыр – осыған дейінгі заманның ішіндегі ең қауіптісі. Өйткені ол сіздің тәніңізбен немесе жұмыс барысыңызбен айналыспайды. Ол сіздің санаңызбен жұмыс істейді. «Найман ананың» баласына аяныш танытып едік. «Байғұс «мәңгүрт» болып есінен айырылды» деп. Ең қорқыныштысы Шыңғыс Айтматовты оқып отырған кезде бәріміз «идеология» дейтін кепешті киіп отырдық. Біз мәңгүртке жаны ашып отырған мәңгүрт оқырман болдық. Сіз оны мойындамайсыз және мойындамай өтесіз. Себебі, басыңыздағы «идеология» кепешін шешіп тастаса сіз қаңырап бос қалатын секілді күйде боласыз. Сіз өз ойыңыздың иесі емессіз. Күлкілі ме, күліңіз. Сіз тек пешкасыз. Біз ойындамыз. Біз алып бір бөлме ішіндегі шахматтың тастарымыз. Бізді жылжытушы күш бар. Күштің иесі – адам. 

Халық шынымен тобыр. Сауатсыз емес, сауатты тобыр. Оқыған, тоқыған бірақ санасыз. Не үшін оқыдық не үшін тоқыды жауабын бере алмайтын тобыр. Мақсаты айқын-мыс: жақсы жұмыс жасап, ақша табу, үй алу, шалқып өмір сүру. Бұл адам өмірінің бар миссиясы ма?! Сонда қажеттілік өтелсе болды ма?! Жоқ! О баста, қызық шақа кезімізде біз азат едік, еркін әрі дербес едік. Періште күйімізде саналы, сауатты болуға ықпалы жоғары адам болып туылдық. Ең бірінші ықпал етуші ата-анамыз болды. «Байқашы, абайла, жолама, бәлесінен аулақ». Бұл сөздерді оларға олардың сәби кезінде ата-аналары (ата-әжеңіз) үйретті. Санасына сіңірді. Сіз бұрылып «неге?» деп сұраған емессіз. Немесе сұрадыңыз, жауап орнына ұрыс естідіңіз. Өйткені әбден қорқып қалған. Еркіндігін беріп қойған. 

Балиғат жасына жеткен кезде қоғамды көрдіңіз. Көшеге шықтыңыз. Таңсық дүниеңізді ұстап көргіңіз келді бірақ жоламадыңыз. Өйткені сіз қорқасыз. Басыңызда мәңгүрттің кепеші бар. Өкініштісі тері болса бір сәрі алып тастар едік, көзге көрінбейтін кепеш. Әрі қарай жіктеп айтсақ психологияңыз сыр беруі де ғажап емес. Тым ауыр өйткені. Түсіндіре алмаймыз. Солай жасап қойған. Сценарий бойынша тудыңыз, есейгенше идеологиямен уландыңыз, мектепке барадыңыз тағы сол улану, университет қабырғасы сол идеологияны жетілдіреді және сол қалпыңызда жұмысқа жібереді. Сіздің жұмысқа дейінгі қорқынышыңыз: «мектепте жақсы оқысам екен, «5» деген баға алуым керек, университетте оқудан шығып қалмасам екен, гранттан айырылып қалмасам болды». Мұның бәрі сіз үшін маңызды болмаса несіне тырысып жүрсіз. Сіздің ішкі жан дүниеңіз не дейді? Неге тәуелдісіз?! Сіздің өміріңіз өзіңізден басқа ешкімге керек емес. Тап осы ойдың ағысымен жұмысқа тұрасыз. Сіз қоғамның ең былығына баттыңыз. Материалдық қажеттілік дейтін этапқа жеттіңіз. Ендігі қорқыныш: «жұмыстан шығып қалмасам болды, айлық тоқтамасын». Бұл сіз бе? Бұл шынымен сіздің қалауыңыз ба?! Кімге тәуелдісіз, мектептің директоры, ұстаз, бастық?! Жоқ, сіз олардың ешқайсысына тәуелді емессіз. Сіз о баста еркіндігіңізді сатып жібергенсіз. Ашығын айтқан кезде сатып жіберуге мәжбүрледі. Ақысына тыныш өмір алдыңыз. Ал тыныш өмір сүру еркіндік емес. Бақытқа жетудің жолы емес. 

Адаспаған адамдар да бар. Олар жүрегін тыңдағандар. Ықыласымен Құдайға жол салғандар. Бірақ оларды да адастырып бітті. Өйткені олардың тәуелсіздігі, еркіндігі беймәлім адамдарға ұнаған жоқ. Не істеді? Соғыс ашып немесе шу жасаған жоқ. Қарапайым түрде ғана өз кітаптарын өздеріне қарсы қойып берді. Жоқ жерден құдай жасап, бар құдайды жоққа шығарды. Ішімізден қырық пышақ болып, азып-тозып біттік. Көрдіңіз бе, әлемдегі ең қауіпті қару АҚШ пен Ресейдің ойлап тапқан атом бомбасы емес, ол – идеология. 

«Сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады» дейтін сөзді жиі естиміз. «Саясат» деген сөз идеологияның лақап аты. Екі жүзге тарта елдің өзіне тән саясаты бар. Ұлттық статусы, елдігі. Әр елдің саясаты өз сойлыны өзінше соғады. Бірақ бәрінің айналып келіп бас ұратын жері идеология. Қоғамда дүмпу болмас үшін солай жасалған. Яғни әр халық өзінің саясатымен айналысу керек, сонымен бас қатыру керек. Таратып айтайық. 

Әлемде сіз бен біз білмейтін мыңдаған түрлі жаңалықтар болып жатыр. Біз оның бәрінен хабардар болмаймыз. Себебі хабардар болмауымыз керек. Доллардың биржадағы өсімі қанша, мұнай, елдің сыртқы саясаты, жер мәселесі деген сынды дүниелерді бізге ешкім ашып айтпайды. Біз тек белгілі бір беделді адамдардың ықпалы арқылы ғана біліп отырамыз. Ең өкініштісі олардың да идеологияға жұмыс жасайтынын білесіз бе?! 

Әлеуметтік желі алып соғыс майданы. Идеологияның ең белсенді ортасы. Мәселен, фейсбук парақшасына санасы аяқ астып оянып кеткен, пешкалардың қатарынан қашып құтылған тұлға өзі көрген шындығын бөлісті. Ол тарап кетті. Оны тоқтату мүмкін емес. Тек қоғамда, әлеуметтік желіде халықты басқа жаққа алдайтын «Б» планы қалды. Бұл «назарды басқа жаққа бұру» деп аталады. Дәл қазір біздің назарымыз «қытай күйеу балаларында». Сіз бен біз улап-шулап сол дүниені жарнамалап жатқанымызды білесіз бе?! Сіз қатырып жаздым деп ойлайсыз, сіз көтеріліске шықтым, қыздарымды сақтау жолында әрекет жасадым деп түйдіңіз бе, күлкілі. Сіз о бастан солай істеу керек едіңіз. Өйткені сол қысқық көз күйеу бала жайында білсе сіз ғана білген боларсыз. Ал сіз білдім деп, қарсы шығамын деп қара пиардың құлына айналдыңыз. Сіз қыздардың кетуіне мүмкіндік беріп қойдыңыз. Ал менің айтқаныма келісесіз бе, жоқ. Келіспейсіз. 
Халыққа керегі пайдасы жоқ бағдарламалар, комедия жанрындағы шоулар мен даулар. Одан қалды өсек. 
 
Тарихи құндылықтың өзінен де шоу жасадық. Ең сорақысы қоғамда «қазақтың тарихы қолдан жасалған» дейтін бір қаңғыған сөз бар. Қазір жастардан сұрасаңыз «ой, біздің тарих өтірік жазылған ғой» деп қол сілтейді. Бұл кімге керек деп ойлайсыз. Қасіреттің әкесі өзіңнің тарихыңнан безінгенде болар. 
 
Айта берсек, саралайтын дүние көп. Сарапқа салар нәрсе толып жатыр. Бірақ жауапсыз қалатын сұрақтар көп. Бәріміз адасып жүрміз. Біз ешқандайда еркін емеспіз. Біз тәуелдіміз. Біз өзімізге, санамызға тәуелдіміз. Жаның тыныш таппаса, ойың сан-саққа шашыраса, мазасыз сұрақтар есіңді алса оның несі еркіндік? Ең ақыры қойдың құмалағынан бастап, адамның сақалына дейін аңдысып отыратын болдық. Бұл – дерт. Әйтпесе қойдың құмалағы мен адамның сақалында біреудің не жұмысы бар. Былықтың бәрі елемей кеткен болмашы дүниеден басталады. 

Шуға толы ғұмырдың шоуына шомылып жүрген біз кімбіз? Олар кім? Ұрпақтың миссиясы не егер айналып келіп бір терінің пұшпағын илей беретін болсақ. Шеңбер өмірдің, идеологияның иірімі бір күні бұзылады. Бірақ ол кезде ұлы төңкеріс басталып кетері хақ. 
БУМ!