Шуды шөптің ордасы дейтіндерге...

Шу - қазақтың небір дүлдүлі дүние есігін ашқан жер. Жусаны аңқып төсінде мыңғырып мал жайылған, киелі  төрт - түліктің мекені. Шудың қасиетті топырағы үн - түнсіз сан ғасырлық тарихты бауырына басып жатқан , қазақтың қоңыр мінезді маңғаз даласы. Ең арғысын айтқанда, б.з.б. 2 млн 600 мыңжылдықтан басталатын ерте палеолиттің Қазанғап тұрағынан 300-ге жуық тас құралы табылып, тарих зерттеуіне өшпестей үлес қосқан. Ғасырлық уақыттың жылжуымен қола мен темір дәуірінде отырықшылық өркен жайған дәуіріне куә болды. Түркі халқының астанасы болған Суяб қаласы Шу өзені бойында орналасқан. "Құтты білік" тарихи асыл мұрағат кітабының авторы да Жүсіп Баласағұни Шу бойындағы Баласағұн қаласында дүниеге келген. Қазақтың маңдайына біртуар жұлдыздай жарқырап біткен, кемеңгер, заңғар тұлға Төле би  бабамыз да Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жайсан жайлауында дүниеге келген. Төле бидің өжет те өткір екенін дәлелдейтін мына ел аузындағы шағын әңгімені ұсынамын.

Ертеде Шу өзенінің Балқашқа  жақын жайылым алқабына Үйсін мен Арғынның белді жақсылары таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушыларға көңілі толмайды. Ол:

           Ақты ақ деп бағалар!                        

           О, игі жақсы ағалар!

           Өзегі талса ел біткен,

          Өзен бойын жағалар -

деп сөзін бастай бергенінде :

           - "Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,  ана тұрып қыз сөйлегеннен без", деуші еді. Мына бала кім өзі? - дейді төрде отырған би. Төле  қасқая қарап тұрып:

            - О, би аға , он үште отау иесі демес пе,

            Кінәлімін бе келіп қалсам он беске?

            Сөз сөйледім,  бұйыра көрмеңіз айыпқа,

            Ала көз болу ағайын адамға лайық па? -

деп бір тоқталады да, төрде отырған биге былай деп сауал қояды:

              - О, игі  асқар тауымыз,

              Әділ ме осы дауымыз?

              Жар астында тұрғанда,

              Жасырынып жауымыз? -

    Сонда әлгі би :

        - Қой асығы демеңдер,

    Қолыңа жақса сақа ғой.

    Жасы кіші демеңдер,

     Ақылы асса, аға ғой,-

деген, балам, билікті саған бердім,- дейді. Бала Төле жұлынып алғандай:

      - Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын Үйсін,

сол жағын Арғын жайласын, бұған қалай қарайсыздар?- дейді.

           Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді.

            Арғын мен Үйсінді таластырған мекеннің бұл күндер  қадірін қаншалықты біліп жүрміз? Қазақ тарихында маңызы зор Қазақ хандығының қайдан бастау алғаны есіңізде ме?

             Әбілқайырдан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібекке Моғалстан ханы Есен - бұға Шу бойынан киелі мекенді сыйға тартады. Сөйтіп, 1465-1466 жылы қазақтың қайсар ұлдары жанын найзаның ұшына түйіп, Керей мен Жәнібектің бастауында Шудағы Қозыбасы жеріне қазақтың ұлттық туы тігіліп, Қазақ хандығы құрылады. Бабамыздың қаны тамған, тарихымыздың түп тамыры жатқан, қазақтың ордасы болған жерді, шөптің " ордасы" деу сіз үшін де, біз үшін де дұрыс па? Тамыры терең тартқан киелі өлкенің тарихын "шөппен" емес, текпен, өткені  мен  қасиетімен байланыстырайық.



Бөлісу: