Шұбайқызыл күннің шуағы

Ол пойыздан сыртқа көз тастап келе жатыр. Шыны терезенің ар жағында көзтартарлық заңғар таулар, көк өзендер, жасыл желекке оранып келе жатқан балғын көктемі ерекше табиғат менмұндалап көз тартады. Ол өзінің туған жеріне, отанына келе жатқанын әлі білген жоқ. Тек көктемнің жұпар ауасымен құшарлана демалып, ләззат алып келеді...

... Айқыз жастайынан тағдыр тауқіметін бастан кешірді. Олай демегенде ше. Есін білер-білместен ата-анадан айырылды. Әке-шешесі қызын әдейі тастап кеткен жоқ. «Ажал» деп аталатын сұм ерлі-зайыпты қос жанды бір-ақ күнде өзіне ілестіріп кете барды. Көзі жәутеңдеп, жетімдердің қатарын толықтырған бүлдіршін қыз түкке түсінбей аңырып қала берді. Ата-анасын арулап жер қойнына тапсырған ағайын-туыстары алғашында Айқызға жамандық көрсете қойған жоқ. Бірақ бұл өмір дегенді қойсаңшы. Адамның жүрегіндегі мейірімнің азайғаны ма, нарықтық заманның шалығы ма, әйтеуір, жетім қызға қарасар жандардың саны күн санап азайып бара жатты.

Өздері тұратын ауылда келбетіне көз тоймайтын әдемі де заңғар тау бар болатын. Бірде өзімен қатарлас қыздармен тау аңғарында жарыса ойнап жүрген. Бір кезде өзі тұрып жүрген ағасының үйіндегі жеңгесі шақырды. Айтқанды екі етсін бе! Ұшып барды. Үйіне келсе бөтен адамдар бар екен. Бұл олармен жай салқын ғана амандасты да қойды. Қонақ болып отырған ерлі-зайыпты жандардың әйелі тал шыбықтай бұрала өсіп келе жатқан қыздан көзін алар емес. Мейіріммен қарайтындай ма. Әуелгіде қыз түкке түсінбеді. Бірақ өзіне жылы қарап, тәтті беріп, басынан сипап еркелетіп отырған әйелдің қамқорлығы жетім қыздың көңілін босатып, оның құшағына еріксіз құлата берді.

Бұл ерлі-зайыптылар отасқандарына жиырма жыл болса да, перзент көру бақытына ие бола алмай жүрген шетелдік бейбақ жандар еді. Ажырасып кетейін десе араларындағы сезім оларды ажыратпайды. Осылай жүргенде, олардың басына бала асырап алу жайлы ой келді. Бұл ойды екеуі де бірауыздан қостай кетті. Өз елінде бала асырап алу оңайға түспейді. Сондықтан оны шетелде іске асыруды ойлады. Мың ойланып, толғанып, қазақ ұлтының қаны таза болатынын ескеріп, баланы  осы елден асырап алуды ұйғарды. Ғаламтор арқылы біршама мәліметтер жинап, әлеуметтік желілер арқылы бірнеше адаммен достасты. Оларға өздерінің жағдайын түсіндіріп, көмек берулерін сұрады. Нәтижесінде Тимур есімді азамат оларға көмектесетіндіктерін жеткізді. Содан кейін екеуі артынан жау қуғандай асығыс-үсігіс жиналып, Қазақстанға жол тартты. Келе сала Тимурды тауып алды. Қазақстандық азамат шетелдік қонақтарды жылыұшырай қарсы алды.  Алғашында оларға үлкен ақша үшін қызмет жасамақ болған. Бірақ ерлі-зайыптылар өз бастарындағы жағдайды етегін көлдете айтып берген соң шын ниетімен қол ұшын беруге ниет етті.

Тимур негізінен қалада тұрғанымен, түбі Айқыз тұратын ауылдың жігіті еді. Күнкөрістің қамымен үлкен қалалардың бірінде тіл үйрету курсында голланд тілінен сабақ беріп  жүрген. Сондықтан Голландия елінен келген қонақтармен тіл табысу қиынға соқпады. Олар өз тілектерін білдіргенде де бір оқпен екі қоянды атып алуды көздеген-ді. Біріншісі- табыс табу болса, екіншісі – жат қолында жетімдіктің күйін кешкен Айқызды, мейлі, шетел асса да жағдайы  жақсы, өзіне қамқор болатын жандардың қолына тапсыру болды. Олай ойлайтын жөні де бар. Себебі, Айқызды алыс туыс ағасы да, жеңгесі де өз баласындай көрген емес. Қаршадай қызды үйдің ауыр тірлігіне  жегіп қойғанын да талай көрген. Өздерінің шиеттей алты бала-шағасы тұрғанда оларға жетім қыздың қажеті де шамалы еді. Жетім деп есіркеп, басынан сипайын десе, басына жетсе, аяғына жетпейтін қу дүние мүмкіндік бергендей де болмаған екен.

Тимур голландиялықтарды бірден өз ауылына ертіп әкелді де, Айқыздың аға-жеңгесінің үйіне жол алды.Түрлері бейтаныс, ұлты бөлек жандарды көргенде үй иелерінің түсінбей қалғаны да рас. Сондықтан Тимур оларды оңашаға шығарып алып, бәрін бастан-аяқ түсіндірді. Сөз арасында қомақты қаржы беретінін де қыстыра кетті. Үй иелері алғашында не деп жауап берерлерін білмей қалды. Дегенмен, ақша туралы естігенде жоқ дей алмады. Осылайша Айқыз тау асып, көл асып Голландияға кете барды.

Шетелдік ата-анасы қызды өбектеп, айналып-толғанып, бар жағдайын жасап өсірді. Кішкентай кезінде дауысының кең екендігін байқап бірден вокал үйірмесіне берді. Ай артынан айлар, жыл артынан жылдар сырғып өтіп жатты. Уақыт өте келе Айқыз әлемге танымал әнші болды. Түрлі шетелдерге шығып, миллиондаған көрерменнің қошеметіне ие болды.

... Қазір пойызда келе жатқан Айқыз Қазақстан еліндегі өзінің туып-өскен мекеніне арнайы шақыртумен келеді. Бірақ ол бұрын-соңды болмаған еліме келе жатырмын  деп, әсем табиғат пен кәусар ауаға тамсанып келеді. Онымен бір купеде отырған шетелдік ата-анасы да өзгеше толқыныс үстінде. Себебі олар осыдан бірнеше жыл бұрын осы даладан өз бақыттарын тапқан болатын. Бірақ ол жайлы қыздарына тіс жарған емес. Орайы келгенде өз елінде айтармыз деп келе жатыр.

Әнші қызды мұнда табанын жерге тигізбей мол сый-құрметпен күтіп алды. Айқыз мұншама ыстық ықыласқа дән риза. Бірақ неге екенін қайдам, өзінің баяғыдан іздеген сағынышын тапқандай, адамдардың жүздері жылыұшырап, бұрын-соңды болмаған күй кешуде.  Мұндағы әрбір ағаш, әрбір гүл, өзен, тау таныс секілді, бұрын көргендей ме қалай. Оның себебін өзі де түсінер емес.

Кешке тау бөктеріндегі концерт өтетін ашық алаңға халық лық толы жиналды. Әнші қыз мұнда ерекше дайындықпен келген. Кешті жүргізуші оны хабарлап, сахнаға шақырғанда қол-аяғы дірілдеп, буыны босап өзгеше сезімді басынан өткізді. Сахнаға шығып әнін бастай бергенде көзінен бір тамшы жас еріксіз ыршып түсті. Ол сонда да тоқтамай, әнін жалғастыра берді. Қазаққа тән қоңыр дауысты, қаракөз қызды көрген халық бір  сәтке демдерін іштеріне тарта қалды. Әнші қыз бір сәт тауға қарағанда көз алды тұманданып, балалық шағы санасында қайта жаңғырды. Өзінің Отанын шын таныды. Бүкіл әнді елін сағынаған шерменде көңілдің даусымен, сағыныш толы әуенмен айтып, бір  сәтке  де көзінен жас, көңілінен толқыныс арылмады. Оның мәнісін көрермендер түсінбесе де, жүректен шыққан әнді тебірене тыңдап, олар да көздеріне жас алды.

Айқыз бәрін де есіне түсірді. Иә, бұл оның кіндік қаны тамған жері, ата-анасынан көз жазып, тағдыр талайына ұшыраған жері, жалаң аяқ жер басып, асыр салған жері, соңында ағайынға сыймай шетелге сатылған жері. Әнді аяқтағаннан кейін ол көрермендерге қайта-қайта тағзым етіп, қара топырақты сүйе өкіре жылады. Бұл – оның өз қанын тапқан, өз Отанын тапқан, өзінің балалық шағын тапқан қуаныш көз жасы еді. Осы сәтте ата-анасы оңтайлы сәттің келгенін түсінді. Өздерімен бірге жүрген тілмаш арқылы, Айқыздың тағдырын көрерменге қысқаша ғана жеткізді. Жетім қыздың өз ата-анасын көрген көнекөз қариялар мен олардың қатарластары «Бейбақ қызым-ай», «Шетелге сатылған шермендем-ай» деп, оған мүсіркей қарап, күрсініп, жылап жатты.

Барлық шындыққа көзі жеткен Айқыз шетелдік ата-анасына ешқандай кіна таға алмады. Әлдеқашан топырағы тапталып кеткен туған ата-анасының басына барып, құран бағыштап, тағзым етті. Бірнеше күн өз ауылында болып, табиғатынан нәр алғандай болды. Бірақ, өзінің өскен, жетілген, азаматтығын алған отанына оралуы керек. Себебі, мұны бәрі де сол елдің азаматы, әншісі ретінде қабылдап, мойындап кеткен.

... Содан бері бірнеше жыл өтті. Әр жылдың көктемінде Айқыз туған жерге оралып, ата-анасының басына зиярат жасап кететін болды.

 

P.S: Айқыз да Шұбайқызыл қызғалдағындай шетел асып кетті. Әр көктемде ол да қызғалдақтай туған жерге келіп кетеді. Ол да қызғалдақтай Голландияның азаматтығын алып, әлемге солай танылып кетті. Қызғалдақ секілді оның да отаны Қазақстан екенін дәлелдеуге дәрмен жоқ...

 



Бөлісу: