Шұбар тіл ойымды да шұбарлады...

Бастауын бастап алып, әрі қарай не жазарымды білмей, ұялған тек тұрмастың керімен аудармаларымды бірінен соң бірін тоғытып жібергем осыған дейін. Негізі ойсыз жүретін уақытым жоқ, әйтеуір мың сан ой майда шабақтарша санамды шымшылап, шақшадай басымды шарадай қылып жүреді. Әдеттегідей олардың бәрі жол жүріп бара жатқанда келеді ғой қаптап. Бірақ сол бір ойлардың ішінде тұшымдыларын жазып ала қояйын деп, ерніңді жымқырып ап, мұрынды бір тартып, сиырдай серьезный түрмен отыра қалсаң, бітті, жаңағы қаптаған ойдың қай жаққа бытырай қашқанын білмей қаласың.

Бұрын мектепте оқыған кезімде мұндай қиындық болмайтын, қабырға газетіне әлдебір мақала жазу қажет болған кезде, отыра қалып, қолыңа қаламды қыстыра қойсаң болғаны, ойлар өздері-ақ судырап төгіле жөнелетін. Тек үлгеріп қағаз бетіне түртіп отырсаң болғаны, бас-аяғы бүтін сөйлемдер бір-бірін толықтыра, монтиып-монтиып өз орындарын тауып, мақала құрап шығатын (соның өзінде маңызданып, қолым тимейтін еді негізі деп, созып жүріп алушы едім. Негізінде, уақыт жеткілікті ғой, тек еріншектік қой бәріне кінәлі). Қаймағы бұзыла қоймаған қыр ауылында тұрғандықтан, қазақ тілінің қазіргідей генді модификацияланбаған, тап-таза табиғи тұнығынан сусындап өстік десе де болады біздерді. «Обшым», «сәпсем» мен «бәпше» сықылды қазақтың төл сөзіне айналғандарын есептемегенде, өзге сөзбен тіл шұбарламайтынбыз ол кезде. Орыс тілін орыс тілі мен әдебиеті сабағынан басқа жерде іс жүзінде қолданбайтынбыз. Тіпті миының дүмбілездігі соншалық, ойлары қона алмай басының үстінде ұшып жүретін, сабақ сұрасаң партамен біте қайнасып, басын бұққан күйінен трактор тапап кетсе де мызғымайтындай көрінетін «двоешник» көкелеріңнің өзі былай шыға бере тілін безеп, айналасын қыран-топан күлкіге батыра сүбелі сөзді сапыра жөнелгенде, «апырым-оу, алдымда тұрған бір шешеннің ұрпағы емес пе?» деп қалатындайсың. Ал мен кітапхананың әдеби кітап атаулысын адақтап шыққан, ауылдан алыс аттап баспасам да, Қазақстанның түкпір-түкпірінің диалектісін білетін және әдеби кештерде сол білгендерімді әдемілеп, майын тамыза мәнерлей жөнелетін қияли оқымыстылардың бірі болдым (бір ағамыз күліп айтушы еді, басқа балалар мектептен алысып-жұлысып ойнап келе жатса, біздің Майя бір шетінде шұқшиып, газет жыртындысын оқып келе жатады деп. Үйде ата-анам менен кітап атаулыны тығып жүретін, себебі кітап көре қалсам, жасап жатқан шаруамды ұмытып, отыра қап, кітапқа басыммен кіріп кететінмін. «Еу, айналайын, бала құсап бір ойнасаңшы» деп ұрсып, далаға ойнауға шығара алмайтын).

Содан да шығар, қалаға ең әуелгі келген кезімде айналадағы қазекемдердің сөйлескенін естіген кезде құлағыма ептеп түрпідей тигені рас. (Ол кезде сол шүлдірдің ең жылдам деген инфекциядан да шапшаң жұғатынын, көп ұзамай осы көп шүлдірдің бірі болып, шұбар тілді қазақтар қатарын толықтыратынымды қайдан білейін.) Өзім бір кісідей тәуір білем, сөйлей аламын деген орыс тілін де қазақы екпінмен айтатынымды, әрі ар жағымдағы қазақша ойымды орысшалаймын деп, кібіртіктейтінімді, оным бір кемшілік тәрізді көрінетінін де осында келгенде білдім ғой. (Дегенмен, тіл білу дегенің сол тілде таза екпінмен сөйлеу емес, сол тілдің грамматикасы мен синтаксисін бұзбай, қатесіз сөйлеп, ойыңды еркін жеткізу екенін кейбір жан ұғына бермейтіні өкінішті.) Топтағы курстастарымның көбісі қалалық екен, өз ортасында үйреншікті әдеттерімен маған орысша сөйлеп-сөйлеп алып, «сен орысша түсінесің бе?» деп сұрайтын соңында. Мен күлімсіреп «иә, әрине» деп жауап беруші ем. Кейін олар да үйренді ғой менің олардың орысша сұрақтарына қазақша жауап беретініме. Кейін мен де жоғарыда айтқанымдай араластыра сөйлеуге бой үйреттім, оныма мақтана алмаймын әрине. Ал бастапқыда құлағым үйренбегендіктен, топтастарымның сабақ айтқанына, әсіресе әдебиет сабағында кәдімгідей қарным ашып отыратын, мұғалімдердің олардың жарты сөзі «ммм, ааа, сосын және т.б.» болған баяндамаларына «міне, жарайсың, бес» дегенін естігенде ішімнен «біздегі ең мейірімді деген мұғалім мұндай баяндаманы естігенде, үштен артық баға қоймас еді» деп қоятын едім. Кейін уақыт өте келе түсіндім ғой, бұлай сөйлеуіне олардың өскен ортасы кінәлі екенін, мұғалімдер де оларға түсіністікпен қарап, олардың бар ыждағатын салып, мүмкіндігінше тырысатынына қарай, жігерлерін мұқалтпай, ынтасы үшін бағалайтынын.

Ал менікіне не жорық десеңші. Әуелі тілім шорқақтай бастады, енді міне, уақыт өте келе ойым да шорқақ бола бастағандай. Оқыған жан ойлай бастаған шығар, «жазғаны тым тәуір қазақша тәрізді, несіне өзін кеміре береді» деп. Осы жазбаның ішінен оншақты сөзді әуелі орысша ойлап, қазақшасын сөздіктен қарап барып, жаздым десем, сенбессіздер, сірә. Иә, солай. Қазіргі менің уайымым да осы. Әрине, қаланың көп қазағымен салыстырғанда қазақшам тәп-тәуір көрінері сөзсіз, бірақ қазақы ауылдың қазанынан шыққан жан үшін мұндай ортанқол сөйлеу мәнерін қанағат ету кешірімсіз. Шыны керек, ауылға барсам, ағайын атаулы менің сөйлегеніме күледі қазір. Осыған орай, осы Массагет порталына айтар алғысым шексіз десем, артық болмас. Біраз уақыт болса да, осылай таза қазақша жазба жазуға талпынып, жаттығып тұрсам, әйтеуір бір тілімді түзеп, қалпына келтірермін деп дәмеленемін өзімше. Уақыт көрсете жатар.



Бөлісу: