Шу болған 3.1 млрд теңге

Шу болған 3.1 млрд теңге
жеке
блог

Бүгін вконтакте әлеуметтік желісінде отырып мынандай мәліметті көзім шалып қалды. "Kz football" деген топ 365info.kz сайтына сілтеме жасай отырып, Ақтөбе облысының бюджетінен белгілі бір салаларға бөлінген қаражатын ашып көрсеткен. Бұл ақпарат сол сәтте көпшіліктің наразылығын туғызды. Себебі де жоқ емес-ті. Тұқым өсіру шаршуашылығына 82 млн теңге, мал шаруашылығына 1.7 млрд теңге, театрды дамытуға 427 млн теңге бөлген облыс басшылығы, "Ақтөбе" футбол клубына 3.1 млрд теңге үлестірген екен. Бұл алдыңғы үш саланы дамытуға бөлген ақшаны қосқаннан да артық боп тұр. "Ақтөбе облысы өз футболымен танымал екені белгілі, алайда тұқым өсіру, мал шаруашылығы мен театр футболдан да мықты болуға лайық салалар екенін басшылар ескермегенге ұқсайды" деп жазады бір оқырман, оның сөзін қолдаған тағы бір оқырман: "Сонда, бізге нан беріп, ет жегізіп жатқан, бізді рухани байытатын футбол болғаны ғой?!" деген ой айтты.

Аталмыш ақпаратпен қоса, жоғарыда жазылған үш саланың мамандарының пікірі де алынған екен. Мысалы, Анастасия Тарасова сол өңірдегі бір театрдың актері боп жұмыс істейді. Оның айтуы бойынша, жалақылары аз, соған қарамастан өз ісіне адал. Жұмысы өзіне ұнайды. Ал бөлінген қаржыға қатысты оның пікірі мынау: "Көпшілік үшін Мәскеуде немесе Еуропада театр бар екен де, ал бізде жоқ екен. Неге олар солай есептейді?! Себебі үкімет біздің театрларға қажетті қаражат бөлмейді". Ал Қазақстан фермерлер одағының вице-президенті Ақжол Абдукалимов шаруашылығымыз бәсекеге қабілетті болғанын қаласақ, оған тиісті қаржы бөлуіміз қажет деді. 

Жалпы көпшілікті алаңдатқаны тағы бір мәселе. Ол осынша қаржы бөлінген "Ақтөбе" футбол клубында қарагөз қазақтардың, оны қойшы, жалпы Қазақстандықтардың санының аздығы. Клубтың көп ойыншылары шет елден келген легионерлер немесе "легионер" атанбау үшін Қазақстан азаматтығын алған ойыншылар екен. Бұл - елдің қаржысы "Ақтөбе" футбол клубы арқылы шет елге ағылып жатыр деген сөз.

Бюджет жайлы ақпаратты қуана қабылдағандар да болды. Мысалы, бір оқырман: "Ертең Еуропа Лигасында ойнаса, сол футбол сіздерге маңызды болып тұрады" деген ой айтыпты. Ал екінші бір оқырман бәрі есептеулі екенін, оны басшылық білетініне сендіруге тырысты.

Жалпы, менің ойымша, бюджетті дұрыс қарап, ақшаны қайта үлестірген жөн. Әйтпесе, ертең доп шайнап жүрмейік...