Шоқан Уәлихановқа - 185 жыл

Шоқан Уәлихановқа – 185 жыл

       2020 жылдың қараша айында Ұлы Шоқанның туылғанына 185 жыл толды.

      Мұхаммед-Қанафия Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы Қостанай облысындағы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Анасы Шоқан деп еркелеткен соң, Шоқан атап кеткен. Шоқан – атақты сұлтандар әулетінің ұрпағы: Орта жүздің ханы болған Уәлидің немересі, қазақтың ұлы билеушілерінің бірі болған Абылай ханның шөбересі.

      1847 жылы әкесі Шоқанды Сібір кадет корпусына оқуға орналастырып, сол жерде білім алады. Ауылдық бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алған ол, Кадет корпусында да өзінің зеректігімен ерекшеленген; саяхатшылардың өмірбаяны мен еңбектері туралы жазылған мәліметтерге аса қызығушылықпен қарап, танысқан. Осы еңбектерге қызығушылық оның болашақта саяхат ісімен айналысуына ықпал еткені әбден мүмкін.

     Ресейдің географиялық қоғамының толық мүшесі болған ол, сондай-ақ қазақ халқының, Орталық Азия халықтарының тыныс-тіршілігін, ғылым, білім, мәдениеттің түрлі салаларын қамтитын көптеген шығармалар жазды. Мысалға келтіретін болсақ: Жоңғария очерктері; Қазақ шежіресі; Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде; Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихынан; Тәңірі; Қазақтардағы шамандықтың қалдығы; Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы; Қырғыздар туралы жазбалар; Ыстық көл сапарының күнделіктері; Қозы Көрпеш-Баян сұлу; және т.б. еңбектері бізге белгілі. Шоқан, сонымен қатар, аударма ісімен де айналысқан. Ол қырғыз халқының дастандарының біраз тарауын орыс тіліне аударып, баспаға да берген. Шоқан тек Орталық Азия елдерінде атағы шығып қана қоймай, дүниежүзілік географияның тарихына да қосқан үлесі зор. Оның Қашғарияға сапарынан кейінгі еңбегі; ғылым нәтижесі, алдымен, орыс халқының география қоғамында жарияланып, кейін неміс тіліне аударылып Германияда, көп ұзамай ағылшын тілінде Лондонда басып шығарылды.

   Шоқан Уәлихановтың еңбектері алғаш рет 1904 жылы «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың шығармалары» атауымен жарық көрді. Бұл Ш.Уәлихановтың еңбектерінің алғашқы басылымы болғандықтан, ерекше құндылық пен мән берілді. Сонымен қатар, 1961-1972, 1984-1985 жылдары Қаз КСР ҒА тарих, археология және этнография институтының ғалымдары көрнекті ғалым, тарихшы, этнограф, археолог Әлкей Марғұланның жетекшілігімен кеңес заманында тынымсыз зерттеу еңбегі мен ғылымға адалдығының арқасында Шоқан Уәлихановтың «Ш.Ш. Уәлиханов бес томдық шығармалар жинағы» атты шығармалары жинақталып, басылып шықты.

   1984-1985 жылдары жарық көрген бес томдық шығармалар жинағы негізінде, қазақ және орыс тілдерінде «Ш.Ш. Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы» атымен алты томдық шығармалар жинағы 2010 жылы жарық көрді.

    2015 жылы «Ш.Ш. Уәлиханов сегіз томдық шығармалар жинағы» атымен сегіз томдық еңбек жарыққа шықты. Жинақтың алтыншы, жетінші және сегізінші томдары ғалымның жаңа еңбектерімен және оның қызметі туралы материалдармен толықтырылған. Шоқан Уәлихановтың қалдырған мұрасы сан қырлы және түрлі білім салаларының мамандары үшін пайдасы зор. Білімге, ғылымға және мәдениетке қандай да бір қатысы бар адамдардың барлығы Шоқан атамыз сияқты атақты, бірегей тұлғаның бай мұрасын зерттеуге және насихаттауға міндетті. Өйткені, ғалымның еңбектерінде біз ХХІ ғасырда айтып отырған Ұлы Даланың көптеген қырларының тарихи дәлелдемелерін табуға болады.

«Ресей империясының құрамына кіретін барлық тайпалардың ішінде саны, байлығы және болашақта даму үміті бойынша бірінші орын бізге – қазақтарға тиесілі» деген сөзінен Шоқан Шыңғысұлы өз халқын сүйіп, оған сенгені байқалады. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - орасан зор ғылыми мұра қалдырған және патриот, өз халқын ыстық ықыласпен сүйетін, оның игілігі мен өркендеуін армандаған аса көрнекті ғалым.

    Шоқанға жазған хатында Достоевский: «Сіз еуропалық білімге жеткен сіздің тайпаңыздың алғашқы адамысыз» деген екен. Демек, азиялық провинцияның жас жігіті еуропалық мәдениет пен білімді терең игергені соншалық, айналасындағылар оны еуропалық ретінде көрді. Сол уақытта Шоқан атамыз өз халқын сүйді, оған өз тағдырын жеңілдету үшін қызмет еткісі келді, бұны өз өмірінің мәні ретінде көрді. Өзінің қысқа өмірінде Шоқан Уәлихановтың қалдырған мұрасы – тарихтың баға жетпес қазынасы. Оның еңбектерін барған сайын зерттей түсу жас ұрпақтың міндеті. Ұлы Шоқанның өмірі мен қызметі – бүкіл Қазақстан халқы үшін еліктеудің жарқын үлгісі.

 

  Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

  Мадина НАУАН, 1 курс студенті.



Бөлісу: