Шоқан - публицист

                                   Шоқан – публицист

  Шоқан – публицист. Ең алдымен, публицист ұғымын барынша түсінікті етіп ашып алайық. “Публицист” сөзінің баламасы ретінде “көсемсөз” сөзінде қолдана аламыз. Яғни публицист – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті,  ел арасындағы белең алған өткір мәселелерді қозғайтын, сол жайлы жазатын тұлға.

  Қазақ баспа-сөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Х.Н.Бекхожин өз еңбегінде қазақ публицистикасының негізін салушылар ретінде Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев есімдерін атайды. Осы тұста, біз Шоқан Уәлихановтың еңбектерімен бөлісіп, әрі баға беретін боламыз.

  Шоқан – публицист “Сахарадағы мұсылманшылық туралы” мақаласында әйел теңдігі мәселесін көтерді, “Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары” атты әйгілі публицистикалық шығармасында дін тақырыбын, “Қазақтардың қонысы туралы” мақаласында патша өкіметінің жерді бөліске салудағы теңсіздігін жазды. Шоқан – публицист қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтерді. Соның бірі – орыс әліпбиін қабылдау идеясы, қабылдағанда да қазақ тіліне тән дыбыстарды қосымша таңбалау қажеттігін қазақ зиялылары ішінде бірінші айтқан Шоқан болатын.

  Шоқан Уәлиханов өзінің публицистикалық мақалалары мен очерктерінде өзі өмір сүрген тұстағы қоғамдық маңызы зор мәселелерді қозғады. Мәселен, Шоқан “Сот реформасы” атты мақаласында 1864 жылы қазақ елін билеу және онда сот жүргізуге патша өкіметінің жасаған өзгерістеріне қарсылық білдіріп, батыл сынға алады. Сонымен қатар, Шоқан ол комитеттің  қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін көзге ілмей, көпшіліктің ойымен санаспай, жоба барысын тек билер мен сұлтандардың пайдасына шешіліп, солардың пікіріне ғана сүйеніп жасап отырғандығын әшкере қылған.

 Шоқан еңбектерінің көпшілігі жоғарыда айтылып өткен тақырыптарға, өзекті мәселелерге негізделіп жазылған. Қашан да қазақ халқының ұлттық мүддесі, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және ерекшеліктері туралы ой қозғаған. Бұдан өзге де шығармаларына қарап, Шоқанды нағыз публицист деуіміз артық айтқанымыз емес.



Бөлісу: