Шок жаңалық емес, жоқ жаңалық...
блог
Бұл күндері әлеуметтік желіде отырмайтын адамдар кемде-кем. Саусақпен санап таба алмайсың десең қателеспейтін шығармыз. Қарым-қатынас құралы ретінде аса жоғары маңызға ие. Тіпті, ұялы телефоны ғаламтор желісіне кірмей қалса, айдалада жалғыз қалып кеткендей сезінетін жандар да бар. Ол адамның психологиясына соққы болып қана тимей, есінен адастыруға дейін барады екен. Бұл – жай құлазу емес. Бұл – ауру. Тіпті, «аспан асты елінде» әлеуметтік желінің «құлына» айналған жандарға көмектесетін компаниялар да бар көрінеді. Ақшасын төлесеңіз, компания қызметкерлері сізбен уақытылы сөйлесіп, көңіліңізді аулап жүреді. Бірақ, бүгінгі менің айтпағым бұл емес. Әлеуметтік желілер феноменінің басқа жағы да бар. Бұл күндері әлеуметтік желілер – жалған ақпараттардың да жаршысына айналып барады.
Агенттің арбауы деп жүргенде, вконтактенің байлауына түскендейміз. Жастардың басын қосып отырған әлеуметтік желінің бірі – вконтакте. Өзге желілерге қарағанда түсініктірек пе, әлде өзге «құпиясы» бар ма, әйтеуір бүгінде бұл әлеуметтік желінің абыройы асқақтап тұр. Ақпараттар ағынынан кез келген бағыттағы жаңалықтарды кездестіре аласыз. Кеш те қалмайсыз. Вконтактенің дамуына қазақ жастары да «елеулі» үлес қосып отыр. Бұлай дейтініміз – қазақ тілді жеке парақшалардың қарасы айтарлықтай көбейіп келеді. Бірақ, санмен бірге сапаның да қатар жүргені абзал емес пе? Саны бар, сапасы жоқ парақшалар қаптап-ақ тұр. Кейбірінің таратқан ақпараттарынан жүрегің айнымақ түгіл, сыздап сала береді.
Әлеуметтік желілерде қазақ тілді парақшалардың дұрыс бағытта жұмыс жасауы – қуантарлық дүние. Ондай жеке парақшалар жоқ та емес, баршылық. Оған қуануға да болады. Күніне уақыт бөліп, жасап жатқан еңбектеріне сүйсінесің. Оң бағытына қарап, жүзің нұрланады. Аз да болса әлеуметтік желілерде жастардың танымын кеңейтуге септігін тигізіп жатқанына марқаясың. Ондай парақшаларды оқитын оқырмандардың саны көп қазақ сайттарының көрсеткішінен де жоғары. Мұны да біле жүрген жөн. Бірақ, ол жеке парақшалар – жүргізіп отырған (админ) адамның жеке дүние емес екені анық. Алда-жалда парақшаға заманақыр туа қалса, бар еңбегің зая кетіп қалуы да ғажап емес.
Сонымен тақырыбымызға қайта оралсақ. Әлеуметтік желідегі парақшалар тіркелушілер санын арттыру үшін сан түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Алдап та жатыр, арбап та жатыр, өсектеп, ғайбаттап та, тіпті біреулердің намысына да тиіп жатыр. Тіркелуші санын арттыру үшін – көзі тірі адамды «өлді» деп хабарлаудан да тайынар емес. Кей «шок жаналық» деп шошыта жазған жаңалықтарды көріп, қаның басыңа шабады. Ұйқастыра жазса, бір сәрі. Ұйқаспайтын дүниемен алдаудың қажеті қанша? Ең сорақысы – соңғы кезде еліміздің танылып жүрген тұлғаларын да «жарнамаларына» айналдыра бастады (Ертең сіз де танымал болып шыға келсеңіз, сондай жарнамаға айналып кетпесіңізге кім кепіл?). Ия, топты жарнамалау үшін, тіркелушілер санын арттыру үшін еңбек ету керек. Бірақ, сол еңбектің де адал болғаны дұрыс емес пе?
Дұрыс, жарнамалау да керек. Дұрыстап жарнамалау керек. Мейлі, виртуалды әлем ғой деп өтірік-ақ жаз. Сонда да ұйқастыра біл. Бірақ, біреудің ар-намысы, абыройына тиюден аулақ болған ләзім. Өтірік сөз – бәрібір өрге баспайды. Тым құрығанда, «шок жаңалық» емес, «жоқ жаңалық» деп-ақ жазыңыздаршы...