Ішімдіктің зияндары мен тыйым салынуындағы (хикметтер) даналық

Ішімдіктің зияндары мен тыйым салынуындағы (хикметтер) даналық
жеке
блог

Алкогольдің  адамның  өміріне,  дүние-мүлкіне,ақылына, отбасына және қоғамға беретін зияндарына қатысты осы уақытқа дейін көптеген мақалалар мен кітаптар жазылды.Біз алкогольдің ақылға, ағзаға,  адам психологиясына, мінез-құлыққа, отбасына және қоғамға беретін зардаптарына егжей-тегжейлі тоқталуды оған арнайы тоқталған еңбектердің еншісіне қалдырып, бұл  жерде  оған  қысқаша тоқталып  өтпекпіз.

Ең алдымен айтуымыз керек нәрсе, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм)  қаншама ғасыр бұрын ішімдіктің зиянын ескертіп айтып кеткен хадисін еске алуымыз керек. Бұл хадисті Әбу Дарда былай деп жеткізеді:«Арақ ішпе! Өйткені ол - барлық жамандықтың  анасы». Тағы бір хадисінде «Ішімдік-жамандықтардың анасы» деу арқылы бірқатар  келеңсіздіктердің туындау себебі осы арақ екендігін білдірген. Өйткені, арақтың өзі үлкен күнә болумен қатар бірқатар күнәларға да жол ашады. Бірде бір сахаба ішімдіктің белгілі бір дерттерге ем болатындығын алға тартып, оның үкімін сұрағанда, Пайғамбарымыздың(саллаллаһу аләйһи  уә сәлләм) жауабы мынадай болады: «Жоқ, ол дертке дауа емес, дерттің нақ өзі».

Негізінде Құран кәрім аяты  арқылы ішімдіктің күнәсі мен зиянының пайдасынан әлдеқайда көп екендігін білдіріп, ақыл иелерін оны тәрк етуге шақырады. Бұған қоса, ішімдіктің харам екендігін үзілді-кесілді кесіп айтқан аятта «рижс» деп сипатталып, оның физикалық тұрғыдан болсын, рухани тұрғыдан болсын қаншалықты лас һәм зиянды екендігін меңзеген. Одан кейінгі бір аяттың «Шүбәсіз,шайтан арақ-шарап (сынды адамды мас қылып,ақылынан адастыратын нәрселер) һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан қақпайлауды (тыюды) ғана көксейді. Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!»(Мәида сүресі,91-аят)деген жерінде шайтанның адамды қалайша ішімдік арқылы тұзаққа түсіретінін түсіндірген. Демек, арақ әрі адамдар арасындағы бауырластыққа сызат түсіріп,өзара дұшпандықты тудырады, әрі адамдарды Аллаға құлшылық етуден тосады.

Бұдан түсінетініміз: Құран мен сүннет ішімдікті харам етіп қана қоймаған, сонымен қатар оның адамдар үшін қаншалықты зиянды нәрсе екендігін де білдірген.Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда жүргізілген зерттеулер ішімдіктің зиянына қатысты ешнәрсе айтпаған күннің өзінде, аят, хадистердегі мәліметтердің өзі оның адамзат үшін қаншалықты зиянды дүние екендігін түсінуімізге жеткілікті.

Қазіргі таңда ішімдік пен есірткілердің беретін зиянының қаншалықты қауіпті екендігін статистикалық мәліметтерден-ақ аңғаруға болады. «Жасыл ай»  ұйымының берген мәліметіне сәйкес елімізде және жасалатын жалпы қылмыстардың 66 пайызы, көлік апаттарының 61 пайызы, кісі өлімінің 85 пайызы,ажырасулардың 80 пайызы, ақыл-ес дерттерінің 50 пайызы осы алкоголь мен есірткі қолданудан туындайды. Әсіресе, алкоголь тұтынудан туындайтын суицид оқиғалары оны қолданбайтындарға қарағанда 58%-ға артық.

Қоғамда бірқатар қылмыстардың түп төркіні осы алкоголь мен есірткіге барып тірелетінін байқадық.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының отыз елге жүргізген зерттеуіне сәйкес суицидтің 85%-ы(бұл суицидтердің 60-70%-ы отбасы ішінде жүзеге асқан), зорлау оқиғаларының 50%-ы, озбырлық әрекеттерінің 50%-ы, әйелді ұрып-соғу оқиғаларының 70%-ы, жұмысқа бармайтындардың 60%-ы, ақыл- ес дерттерінің 40-50%-ы алкогольден болады. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылы 2,5 млн-дай адамның алкоголь себебінен көз жұматындығын және әлемі бойынша өлім-жітімнің 4%-ының себебі алкоголь екендігін түсіндірген.

Расында, ішімдік ең алғашқы соққысын ақылға жасайды. Себебі, ішімдік ақылдың қызметін атқаруына айтарлықтай кедергі келтіреді.Адамың ойлау жүйесін әлсіретіп, мидың жұмысын баяулатады.Дұрыс шешім қабылдауын қиындатып, әдептілік сезімін азайтады. Сөйтіп адам не істеп, не қойғанын білмейтін күйде болады.Алла берген ақыл нығметін қажетінше қолданбаған адам өзіне тиесілі жауапкершілікті де өз деңгейінде орындай алмасы анық. Тіпті, өзі қаламаса да өзгелерге зиян тигізуі ықтимал. Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтер де осыны қуаттай түседі.

Басқа бір қырынан ішімдіктің көптеген ауруларға себеп болатындығын бүгінгі таңда медицина тарапынан айтылып-ақ жатыр. Ішімдік ең алдымен бауырды құртады, оның майланып әрі үлкейіп кетуіне себеп болады. Нәтижеде, бауыр циррозы дертін туындатады. Дәл сол секілді шамадан тыс ішімдік қолданған жағдайда асқазан, орталық жүйке жүйесі, өкпе, ұйқы безі, ішек және бүйрек секілді ағзаларды зақымдап,жүрек қағысының бұзылуына алып келеді, бедеулікке,қан қысымына және ұйқының бұзылуына түрткі болады. Сонымен қатар, қатерлі ісікке де шалдықтырады.Бір ғана Германияда әр жылы шамамен 50 000 адам алкогольдің себебінен өмірімен қош айтысады екен.

Басқа қырынан маскүнем әйелдің мүгедек сәби босану ықтималы 35%-ға артық. Жатырда жатып алкогольмен қоректенген сәбидің миы мен денесінің дамуы бәсеңдейді және ол сәбидің кейін мінез-құлқы нашар болып шығады. Жүктілік кезінде алкоголь ішу уақытынан ерте босану немесе түсік тастау секілді катерлі жағдайларға да себеп болып жатады. Көріп отырғанымыздай, алкогольдің зардабы тек кісінің өзімен шектелмейді, оның ұрпағына да тікелей әсерін тигізеді.

Ішімдікті тұтыну - отбасы мен қоғам тұрғысынан да орны толмас  өкініштерге,келеңсіздіктерге итермелейтін әрекет. Былайша айтқанда, маскүнем әке мен маскүнем анадан құрылған отбасыда тыныштық пен бақыттың тұрақтауы қиын. Себебі, жалпы маскүнем адамның бойында жалқаулық басым болады және кедейлікке ұрынғыш келеді.Сонымен қатар,кәсібінде кері кетушілік орын алады. Тапқан табысы, күш-қуты, уақыты мен денсаулығының бәрін алкогольге жұмсағандықтан, отбасының алдындағы жауапкершіліктерін тиісінше орындай алмайды. Мас болған сәттерінде не істеп, не қойғанынан хабарсыз болғандықтан, отбасының алдында абыройынан айырылып қор болады.

Аятта айтылғандай, ішімдік адамдар арасында дұшпандық пен араздық тудырады. Экономикалық тұрғыдан да оның орасан зор зардаптары бар. Себебі, ол халықтың байлығына үлкен көлемде шығын әкеледі.Алкогольден туындаған аурулардан айығу үшін де адам көп қаражат жұмсайтынын ұмытпауымыз керек.

Ішімдік пен есірткінің ең үлкен қаупінің тағы бірі - оның адамды аз уақыттың ішінде өзіне тәуелді  етуі.Ондай халге түскен адам одан арылуы өте қиын.Оны қолданған адам бірте-бірте мөлшерін де арттыра  беретін болады.

Дұрыс,әрі адал асты тұтынайық!

Н.Қалдыбеков.Адал астың артықшылығы. —Алматы:Көкжиек  баспасы,2017. —126 б.