Шілдехана

 

Шілдехана                                                                              (Шілдеханаға шақырмай барады)

 

Жарыс қазанның арты іле-шала, не ертеңінде шілдеханаға ұласады. Шілдеханаға алыс-жақындағылар шақырусыз келеді. Көлігі барлар көлігімен келеді, көлігі жоқтар қыбын тауып, қалмай келеді. Біреуге мінгесіп болса да жетулері керек. Құдайдың бір пендесі келді деп қисса-жырдан, термеден, әсем әннен тұс-тұстан төгілте келеді. Тілектестік, ниеттестіктің тағы бір көрінісі осы. Босанған келінге аста-төк қошемет, құттықтау айтылады. Ал, сосын жегжат-жамағат баланың ұл не қызына қарай күмістен ер-тоқым немесе жүзік, сырғадан атайды. Қуаныш үстінде шын көңілден біреулер тіпті ат та байлап кетеді. Қазір коляска, тіпті баланың ит көйлегі де жарай береді. Бұл тек көңіл үшін. Орамал тон болмайды жол болады деген осы. Бұл адамның көңілін бірлеу, жақындастыру үшін ғана. Келгендер әнмен келіп, ғибратлы сұқбатпен тарқайды. Толғатқаннан бастап, шілдеханаға дейін бүкіл аймақ аяғынан тік тұрып, сай-сайдан жөңкіліп жиылғанын көрген келін «Бала тапқанды ұрт жаппай жөңкілетін, келгендер керемет көрімдік атайтын мұндай маңызды оқиға екенін қайдан білейін, бәлем тұра-тұр, бұларды мен шілдеханадан көз ашпайтын қылайын» деп, бала санын 10-15-ке дейін апарады. Құрсағы құр жатпайтын келінді аймағы төбесіне көтеріп құрметтейді. Енесі мейірленіп, құшырланып құшақтап, маңдайынан иіскеп, жақсы көріп жүреді.

 Қазақтың дәстүрі - дін, салты - ғибрат, тыйымы - шариғат, әдеті - бауырмалдық. Бұрын көшпелі кезде әр төбенің бауырында бір ауыл, әр ауылда 20-30-дан келін бар, келіннің бәрі аймағы төбесіне көтеру үшін бала туып жарысып жатса, ойлаңыз аптасына, айына қанша шілдехана боларын. Бұ қазақ бұдан басқа тойы бар, тоқымқағары бар, асы бар, құран-қатымы бар, бесік тойы бар, төсек тойы бар, тұсаукесер, ашамай т.б. бір-біріне  ат байлап, амандасып-құшақтасудан, сұқбаттасудан, яғни бауырмалдықтан, ниет бірлеп, серттесуден қолы босамаған. Сосын «Арасаласпай тек жатсаң, алыстайсың жегжаттан» деп мақал шығарып берген. Хазретті Пайғамбардың «Менің үмметім бір-бірімен жиі жолығысып, сұқбаттасып отырсын. Сонда бір-біріне бауырмалдығы беки түседі» деген өсиетін қазақтар іждаһатпен, ықыласпен өстіп іске асырған. «Сұқбаттан күман сейілер» -деп аталарымыз мұндай жиындардың иман бекітетін қасиетін тағы бір қайыра түсіндіреді.

Шілдехана үстінде болатын бір қызық мынау: жастар осындай думанмен отырғанда дастарқан даярлап, қымыз құйып, зыр жүгірген күтуші әйелдердің кейбірі «қалжаның омыртқасынан ауыз тимедік. Бір омыртқа мұжуға тиіс едік», деп, аяқ асты өкпелейді...Омыртқаны таза мүжіп, бәрі жабылып биікке ілу – «баланың мойыны тез бекіп, таза ниетпен өссін. Бәріміз де бала табамыз, сонда да осылай болсын» деген ниеттестік. Өкпелеу - осы ізгі ниетімді түсінбеді дегеннен шығады. Сол үшін қалжаның он екі омыртқасын басқарушы бәйбіше жас абысындарға тең бөлуі керек. Омыртқаны тек өздері ғана таласып мүжу қазақ әйелдері үшін өз алдына бір қуаныш. Тезірек тағы бала тапсақ деген ырым. Және омыртқаны босанған әйел де береді «Аман-есен босандым. Сендерге де осындай қуаныш тезінен болсын» дегені бір жағы ырым, бір жағы тәбәрік. «Тәбәрік» береке деген сөз. Бала берекенің ұлығы. Омыртқа жегеннен әйел көтере қалмайды. Мұны тіке түсінбеңіз. Бірақ, абысындар арасындағы ниеттестік, бауырластық үшін, күтуші әйелдер мен босанған әйелдің бір-біріне ризашылығын бекіте түсу үшін аталарымыз осындай дәстүр шығарып қойған. Жөңкілген көп қатынның омыртқаға таласуы әрі көңіл бірлейді, әрі бала табудың қуанышын, маңыздылығын естен кетпестей етеді. Бұл қызықты көріп өскен жас қыздар да күйеуге тиіп, бала табуға асығады. Абысын-ажын омыртқаға таласып жатқанда үлкендер бөлек үйде ұрпақтың келешек қамы деп мінісіне тай, қымызына бие байлап, шұрқырасып, табысып жатады. Бәрінің де келіні дәл осы құсап маңдайы тостағандай ұл, яки еліктің асығындай қыз табады. Бәрі үмітті. Қазір шілдеханаға барарда орамал яки қораптағы тәтті-пәтті де, қолтыққа көйлек-көншік қыстыра бару да жарай береді.

            Шілдехана күнін қазір хабарлап қояды. Қонақ күтетін үй дайындалуы керек. Отағасына салмақ салып, орынсыз шығынға батырмас үшін жамағат дастарқанға қоятын дәмді тағамдарды бөлісіп, үйден пісіріп апарғаны да жөн. Ал жамағат боп жабылғанда дастарқан да дәмді болып, шілдеханада жылы көңіл аса түседі. Шілдеханада тақуалығы тұрақты, өзі салмақты, жасы үлкен ер кісі балаға бата береді. Әйел бата бермейді.

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті.

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер, білімге икемді болсын.

Бәйтеректей бойшаңданып,

Дәйім діншіл, өркенді болсын!

Жақсы жолды таңдасын,    

Жамандық тәлім алмасын.

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын жалғасын.

Шұғылалы күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын.

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын.

Ары адал,  жаны жаз.

Құрбысынан қалмасын.

Әл Фараби, Қашғари,

Баласұғни, Дулати,

Қадырғали Жалайри,

Арыстан баб, Яссауи,

Абай, Шәкәрім, Мәшһүрдей

Хатқа бассын таңбасын.

Әумин, Аллаһу әкбар



Бөлісу: