ШҚО Драма театрының ұжымы гастрольге шығады

ШҚО Драма театрының ұжымы гастрольге шығады
жеке
блог

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры COVID-19 індетіне және карантиндік шектеулерге байланысты ұзақ үзілістен кейін гастрольдік қызметін қайта жалғастыруда.
Театр баспасөз қызметінің мәліметінше, өнер ордасының әртістері бірінші болып Жарма ауданының тұрғындарымен жүздеспек. Ақпан айының 28-і күні Қалбатаудағы Мәдениет үйінде Жастар труппасы жас режиссер А. Дәулетұлының қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір-өзен» музыкалық қойылымын көрермен назарына ұсынады. Ал наурыз айының 1-нде жас өнерпаздар дәл осы қойылымды облыс орталығынан шалғайдағы Зайсан қаласында қояды. ШҚО драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызының айтуынша, өнерпаздар соңғы екі жылда гастрольдерге шықпаған. Ұжым сапында Жастар театрынан аудандарға 25 адам жол тартатын көрінеді.
– Театрдың орыс труппасы да көрермендерін қуантуға асық. Риддер қаласындағы гастрольдік сапарының бағдарламасында негізінен балалар мен жастарға, олардың үйлесімді дамуы мен рухани-адамгершілік тәрбиесіне басымдылық беріледі, – делінген мәліметте.
15 наурызда Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шақыртуымен театр әртістері жас спортшыларға бірнеше халықаралық фестивальдерде ерекше аталып өткен «Играем Пушкина» спектаклін көрсетеді.

– Риддердегі гастрольдік сапардың екінші күнінде де, яғни 16 наурызда, кеншілер қаласының тұрғындары Пушкин прозасының сиқырлы әлеміне енеді. Сонымен қатар, театрды енді танып келе жатқан жас көрермендердің назарына ән, би, оқиғалар шиеленісі бір арнаға тоғысқан С. Михалковтың «Три поросёнка» ертегісі ұсынылады, – деді Еркежан Айтқазықызы. – ШҚО драма театрының гастрольдері мемлекетіміздің өскелең ұрпаққа қамқорлығымен үндесіп, Қазақстандағы «Балалар жылы» аясында өтуде.

Әділхан ЕСІМХАНОВ, Шығыс Қазақстан облысы.