Ішкі қайшылықтан сақ болыңыздар!

Ішкі қайшылықтан сақ болыңыздар!
жеке
блог

Соңғы кезде әр нәрсенің басын шалған, қиқым-қиқым жоспарлар мең-зең қылып жүр. Бәрі жүрек қалайтын істерге "бұрыла" алмайтындықтан болар. Бала кезде теледидардан концерт қарап отырып, сахнаға әдемі  жүзі оттай жанып, жымиып шыққан Бейбіт Сейдуалиеваны көріп әнші болам дегем. Әншінің бет-бейнесі, нәзік даусы санамда жаңғырып, хат жазуға көштім. Ол кезде пошта байланысының дүркіреп тұрған шағы, үйден шыға салып, жолдың арғы бетіндегі орналасқан поштадан конверт әкелу қиын шаруа еместін. Ойланып, сөзімді жүйелей алмай, қайта-қайта көшіріп, үш ауыз сөз жаздым-ау."Бейбіт әпке, салематсыз ба, мен өскенде Сіз сияқты әнші болғым келеді, ол үшін не істеймін, жауабын жазыңызшы, сіз конверт іздеп әуре болмасын деп жаңа конверт қосып салып отырмын" деп, тілдей қағазымның қасына жаңа конверт қосып жібердім. Ол кезде жұмысым жоқ қой, әншінің мекен-жайы қандай екенінде, "Алматы қаласына" деп жібердім, іс бітті. Сол хатпен бірге балалық арманым алдап кететінін білсем ше?!

Кейін оқуға түсерде мамандық таңдап, бастарын қатырды ата-анам. "Әншісі несі" деп үрке қараған соң, сол кісілерге тапсырдым мамандықтың жайын. Қазірге шүкір!

Бірақ ішіңді тырналап, жан дүниеңді жабырқататын ішкі қайшылық деген "жау" барын білмедім. Ойлағаныңды ойрандайтын, бастағаныңды тастататын бұл құбылыс менің осал жерім. Жұмысқа қатысты тірлікке білек сыбана бастасаң, өнер, өлең туралы ақпарат жинап, сұхбат іздеу кедергі келтіреді. Бұның бәрі маған неге керек, нем бар оларда, өз тірлігімді жасайын деп бұрқылдаймын. Менің айналамдағы адамдардың бәріне өлең қызық емес, солар сияқты болғым келеді. Ештеңеге ой бөлмей, өз ісін шиыратын. Әй, қайдам, туа біткен қайшылық па деймін?! Бір кісі айтып еді, "ішкі қайшылықпен қалай жүресіңдер, түсінбеймін"-деп. Аға, жүре береді екенсің бұрқылдап.

Бұл қайшылық бәріне кедергі келтіреді. Алға ойдан шықпай жүретін тағы жоспар қойдым. Айттым, орындалады деуге ауыз бармайды, себебі кері тартып тұратын қайшылық бар, айналып өту қыруар жұмыс. Көрермін.

Әй, біздің оқушы тұрғындар, жүректің қалауын орындаңдар! Ішкі қайшылықтан сақ болыңыздар!