Шейіт болған Иасин Чалкым
жеке
блог
блог
Әлиманның қарапайым әрі жайлы үйі мен аулада жайқалып өскен ағаштары көктемнің сол бір шуақты күнінде наздана ағып жатқан Жайыққа бас шұлғып тұрды .
Атқан таң – шыққан күннің жаңадан түскен жарығында күміс жамбыдай жарқырап ақты өзен. Табиғаттың тұлымшақты қыздай түртінектеп ойнаған осы бір тылсым мезгілінде Әлиманың шаңырағына бір әйел қонақ болып келді. Қонақ әйел келген күннен бастап, неге екені белгісіз, Әлима өзенге қараған терезенің пердесін қымтап қоятын болды.
Бір кезде қонақ әйел ас үйіне кіріп, жабулы тұрған пердені ысырып, жайбарақат ағып жатқан өзеннен мұңға толған жанарын айыра алмай қалды. Көлкілдеген көкжиектен көзі талып жауын алдында үйірілген бұлт іспетті толықсыды.
Содан соң өзеннің атын сұрады.
Әлиманың көкірегіне толған ащы жас әуел баста сөйлетпей қойды. Сонан соң жұтынып алып: “Жа-а-айы-ық”, – деді ақырын ғана.
Жайық – әлгі қонақ әйелді сүйікті перзентінен ажыратып әкеткен тылсым тұңғиық өзен тұғын.
Әлима өзеннің атын естіген қонақ әйелдің көңілі босап, баласын жоқтап, өзенді лағынеттейді деп ойлады. Әлиманың өзі бірдемеге дайын тұрғандай еді.
Алайда әлгі әйел үнсіз ғана “Раббым қандай керемет жаратқан,” – деді де, пердені жауып тастады…
Одан кейін ашпады.
***
Қазақтың кең даласына алғаш келуім он жыл бұрын болатын.
Сол күнді қалай ұмытасың?
Ұшағымыз ұшы-қиырсыз шалқар далаға қона бергенде, кенеттен көңілім ішіме сыймай, сабырсыздана бастадым.
Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы “Сарыөзек” осы жер ме еді? Батыс жақтан Күншығысқа өтетін, Шығыс жақтан Күнбатысқа өтетін шойын жол осында ма еді? Армансыз шапқылап жүретін иесіз жүйрік аттар осы далада мекендей ме?
Түн жарымында алқаракөк аспаны жусан аңқыған даланың құшағына құлайтын, жалт-жұлт еткен баданадай жұлдыздары жапан даланы күзетіп тұрған шежірелі шынарлардың бұтағында гүлдейтін киелі мекен осы ма?
Неше жылдан кейін Атажұртыма қауышқан осы бір сырлы сәтте қуаныш сезімі ақкөбіктеніп тулады тасып аққан өзендей.
Алайда ұшақтың есігі ашылар ашылмас әлгі бойымнан асып тасыған сезімді даланың лап қойған ызғарлы желі жұтып қойды.
Өмірімде соншалықты тоңған емеспін.
Ресми делегация біздерді тосып алды.
Құшақ жая қарсы алған жас жігіттің түрік тілінде “Қош келдіңіздер!” деген сөзі тоңған жанымды кенеттен жылытып, жүрегім шымырлап, бауырым езілді. Туған тіліміз асыл ананың ыстық мейіріндей балқып құйылды жан-жүйемізге.
Шынтуайтына келгенде, бұлай қарсы алады деп күтпеген болатынмын. Сөйтсем, бізді жылы шырайымен қарсы алған жас жігіт Қазақ-түрік лицейінің түлегі екен.
Ертесіне Қазақ елінің Көшбасшысына сыйлық тапсыруға Ақордаға келдік.
Бұрынғы Президентіміз марқұм Тұрғыт Өзалдың: “Бауырым, қуаныштан таңның атуын күте алмадым,” – деп, түн ортасында телефон соғып, тәуелсіздікті ең алғаш Түркияның мойындағанын Қазақтың дара тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтан есту кәдімгідей ішімізді жылытты.
“Осы жолы кешікпей, таңның атуын күтіп, қол қусырып отырмаған екенбіз” деген ойға баттым.
Ызғарлы желден ығысқандай бір-біріне мінбелей тұрған үйлері көкке қарай жанталаса бой көтерген осы бір қаланы күн барын төгіп жылытып жатса да, даланың боранына шыдас бермей, қауқарсыз күй кешкендей.
Қаланың кіндігінен шашырап-шоқтанып шыққан сондай бір сүйкімді сәуленің ішінде ұйытқи жауған қардың астында келе жатқан пальтосы да жоқ ғаріп адаммен кездестік.
Өмірдің қайғы-қасіретін өткергені асықпай, анық басып келе жатқанынан байқалды. Өзі орта бойлы болғанымен, сонау Тәңіртаудың биік шыңдарынан қарап тұрғандай еді.
Екі иығына мұңға батқан періштелер қонып, Ұлы Есеп күнінен бұрын есепке тартып жатқандай сезілді.
Көзі қам-қайғыға толған осы бір ғажап адам мұзда жалғыз қалған бірқазанды еріксіз елестетті.
Оны көрер көрмес тұла бойым шымырлап, көңілім көтерілді.
“Танысып қойыңыз, Иасиннің әкесі” деп таныстырды.
Бұрын Иасин туралы әңгімені жарым-жартылай естігенмін.
Бір-бірімен жағаласып жанталасқан сезімдер Жайыққа сүңгіп, тоқтаусыз ағысына ілесердей.
Айқасып-шайқасқан екі тараптың ортасында не істерін білмей аңтарылған журналистер іспетті ішкі және сыртқы топанның қақтығысында сасқалақтап тұрғандай едім.
Иасиннің әкесі бұл жерде не істеп жүр? Әлгі “алыстағы бауырының” мекеніне неге келді екен? Ғаріптіктің ызғарына төзіп, неге тоңып тұр екен?
Тас түскен жүрегіне салмақ салмайын деп бірдеме сұрауға батылдығым бармады.
Айбынды Атырау қаласына барғанымызда, Иасин туралы әңгімені мектеп мұғалімдері айтып берді.
Кедей отбасыдан шыққан екі ұлдың тұңғышы Иасин орта мектебін тәмамдап болған соң, Орта Азия мекеніне барып, жоғары білім алуға бекінеді.
Иасинді әке-шешесі мен інісі сол туған жерінен шығарып салады. Баласының автобустың әйнегінен қол бұлғап тұрғанына шыдай алмаған әкесі көз жасын жасырып, үй арасымен жүріп кетеді.
Иасин Атырауға келгенде, он сегіз жасында еді. Көркем мінезді жас жігіт азғантай уақытта достарының ең сүйікті жанына айналады.
Атыраудағы университетте әрі білім алып, әрі Қазақ-түрік лицейінде оқып жүрген балалардың тәрбиешісі болып қызмет істейді.
Көктемнің сұлу қыздай сәнделген бір күнінде бар әдемілігін қанатында жасырған көбелектей оқушыларымен дала төсіндегі Жайық жағасына көкке шығады. Түсі өзгеріп, лайланып аққан Жайықтың жағасында тамақтарын дайындап жатқанда, оқушылардың бірі өзенге түскен допқа қарай жүгіріп, суға сүңгіп кетеді.
Жайықтың аяусыз ағысына беріліп, суға батып-шығып малтыққан оқушының: “Құтқарындар! Құтқарындар мені!” деген дауысын естіген Иасин: “Бұл балалар бізге аманат қой, әке-шешесіне не деп айтамын,” – деп, артынан суға секіреді.
Ала айран судың аяусыз алақанынан оқушысын суырып алса да, олжасынан айырылған өзен ашуланғандай әрең-әрең сүйреп оқушысын жағаға шығарған Иасиннің қол-аяғына жармасып өзіне қарай тартып әкетеді.
Оқушысын судың бетіне қарай итере серпіген Иасин дәрменінен айырылып, өзен ұйығына батып кете барды.
Жел сарнай еседі кең далада.
Ақ көгершін құс тыпырлайды бұтағын шілденің шіліңгір ыстығына жайған ағашта.
Оқушылар шоршып жатқан балықтар іспетті Жайықтың жағасында.
Шалқар далада шоқырақтап шапқан аттың жолы кесілді.
Қара хабар ызғарлы желмен жетті отбасына.
Сүйікті анасы: “Сезіп едім,” – деп есінен танып құлайды.
Қазақтың қара домалақтары өз-өздерін түпсіз көңілдің сүйіспеншілігіне берсе, Иасин Жайықтың құрбанына айналды.
Қазақ қандастарымыз Иасинді жібермеді.
“Балаларымыз үшін жанын пида қылған жас көшетті өз жерімізге отырғызып, көк байрағымыз іспетті Қазақ даласында желбіретіп қойғымыз келеді” деді.
Иасин Ұлы Азия жеріне шоқтай болып түсті.
Балаларын Тәңіртаудың етегінде қалдырып кеткен әке-шешесі Түркияға сыймады.
“Біздің өлке елсіз, біздің қолдар сенсіз, балапаным-ау… Сенсіз жасай алмаймыз,” – деп, бар-жоғын сатып, кері қарай оралмайтындай Иасиндері жатқан киелі жерге көшіп келді.
Иасиннің анасы Атырауға келгенде, Әлиманың үйінде қалады.
Әлиманың үйі күн астында ақ жамбыдай жарқыраған Жайыққа қарайды. Көктем мезгілінде жағасында ағашы гүл ашқан Жайық өзені наздана ағады.
Әлима Иасиннің анасы үйлеріне келген күннен бері өзенге қараған перделерін жауып жүреді.
Бір күні ас үйіне кіріп қараса, Иасиннің анасы пердені ашып, мұңайған күйде өзенге қарап тұрыпты.
Көзіне жас іркіліп, кірпіктері жасқа шыланған күйде Әлимаға бұрылып өзеннің атын сұрады.
Әлима ақырын ғана: “Жайық,” – деді.
Иасиннің анасы жылайды, баласын жұтқан өзенді лағынеттей бастайды деп, уайымдады Әлима. Жылауға ол да әзір тұғын.
Алайда Иасиннің анасы үнсіз ғана: “Алла қандай керемет жаратқан екен,” – деп, пердені қайта жауып қояды.
***
Он жылдан кейін қайта оралған Атажұртымның кең алқабында қапалақтап қар жауып жатты.
Даланың боранды желі қаланы қоршап алғандай.
Ағаштар әдемі сәукеле, бүрмелі көйлек киген келіндер іспетті қаланы сәндендіріп тұрғандай.
Иасиннің әкесімен кездестім. Әлемнің әсем қаласы Алматыда әйелімен бірге сүт тағамдарын сатып күн көріп жүр екен.
Жұмыс орнында Иасиннің анасы ыдыс-аяғын жуып береді.
Қазақтың қыздары үлкен шара ұйымдастырып, “жыл анасы” атағын беріпті.
Сонан соң ыдыс-аяқ жуатын мәшине сыйлап еді.
Алмады.
***
Қазақтың шалқар да жазира даласында қар жауып жатты.
Періштелер аяулы алақандарымен жаудырып жатқандай қандай сүйкімді…
Жаудырғанда да, жер бетін мекендеген адамға зияны тиіп кетпесін дегендей сондай сыпайылықпен…
Таңның атуын күтпей Шексіздіктің Рақымына жеткен Сәуле Сәйгүліктерінің түгелі бақшада жатыр…
Шіркін-ай, Тәңіртау болса, ап-пақ ескертіштей еңсесін тіктеп тұр.
Көк жүзі егін алқабындай ерте жиналған тәрізді.
Таңның атуын күте алмаған бір жігіттің басындағы борап жауған қар жуып-шайып жатқан мәрмәр тасына қадалады жасаураған көзіміз:
“Шейіт болған Иасин Чалкым”.
Түрік тілінен тәржімаланған