Шетелден келіп 100 мың теңгеге жұмыс істеу патриотизм ба?
блог
Бүгінде шет елдерде білім алуды армандайтын жас көп. Бірі университетке түскісі келсе, екіншісі елімізде оқып, магистратураны өзге жерде тәмамдауды мақсат тұтады. Алайда, жастар арман қуған жоғары оқу орындарының да өз кемшіліктері бар ма? Бұл жайлы толығырақ өз тәжірибесінен көз жеткізген қазақ қызы Анель сұхбатымызда баяндап берді.
Анель Түлеген – Болашақ бағдарламасының түлегі. Чехияның “University of Chemistry and Technology Prague” университетінде магистратураны тәмамдаған.
- Чехияға қалай оқуға түстіңіз? Оқуға тапсыру барысы туралы толығырақ айта кетсеңіз.
«Болашақпен» оқуға түсуге жарты жыл уақытым кетті
Шетелге барып білім алуды бала кезден армандадым. Алматыда бакалаврды бітіргеннен кейін магистрді «Болашақ» бағдарламасымен оқуды жоспарладым. Содан 2018 жылдың көктемінде дайындық басталды. Күзде конкурс болды. Бастапқы екі ай уақытым ағылшын тілінен тест тапсыруға, төрт айдай уақыт басқа секцияларға (құжат рәсімдеу, қосымша тесттер) дайындалумен өтті. Қатты күш салып дайындалдым деп айта алмаймын. Себебі мектеп кезіндегі білім базам жақсы еді. Ішкі сезімім «Грантқа түсесің» деп демеп тұрды. Алайда конкурс оңай болған жоқ. Білімі мықты балалар өте көп еді. «Болашақ» бағдарламасының сайты арқылы барлық сұраққа жауап алуға болады. Тіпті, орталыққа хабарласудың да қажеті шамалы.
- Болашақ бағдарламасымен оқуға түсу үшін не істеу керек?
Бағдарламаның талаптары жыл сайын өзгеріп тұрады. Өзгермейтін негізгі талаптарын айта кетейін:
1. Ағылшын тілін жетік меңгеру;
2. Қазақ тілінен сауатты болу;
3. Конституцияны жатқа білу;
4. Тарихтан хабардар болу;
5. Өз мамандығың туралы және Қазақстанға тигізетін пайдаңды нақты жеткізе білу;
6. Құжаттарды ұқыпты дайындау;
7. Оқудан тыс жетістіктеріңді көрсету;
8. IQ тесттен өту. Бұл аса қиын емес. Сұхбаттасу кезінде ойыңды анық жеткізуің маңызды.
- Қазақстандағы білімнен қандай айырмашылық байқадыңыз?
Чехиядағы университет тек өзінің білім дәрежесімен ғана емес, адамдарымен де өте ерекшеленеді.Шетелде оқыған студент пен қазақстандық студентті бір-бірінен артық немесе кем деп айта алмас едім. Дегенмен шетел студенттерінің ойлау қабілеті мен адамға деген қарым-қатынасы ерекше. Сіз шетелде жүрсеңіз, ұлтыңыз, дініңіз, киім үлгіңіз ешкімді қызықтырмайды. Әр адамға жеке тұлға ретінде қарайды. Араласқанда өзіңнің қандай екеніңді көрсете білсең, соған лайық сыйға ие боласың. Олар әрбір ақпаратты сүзгіден өткізе біледі, яғни сараптап, оның рас-өтірігін тексере алады. Мысалы, біздің мектептерде бір тапсырма берсе, оқушы оны жаттап, мұғалімнің өзіне қайтып айтып береді. Жақсы бағаласа, соған қуанады. Біз бір түнде орындайтын тапсырманы дамыған мемлекеттердің мектебінде бір-екі апта көлемінде зерттеу, сараптау тапсырмасы жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда, білім беру жүйесі күрделі. Басты айырмашылық — осы ғана.
— Шетелдік білім беру жүйесінің біздің елге енгізу керек тұстары бар ма?
Емтиханды қайта тапсыру процесін шетелдегідей ақысыз жасауға өзгертсе, көптеген студенттерге жеңілірек болатын еді деген ойдамын. Сонымен қатар, шетелдік студенттердің мәселелерін шешіп, ұсыныстарын қабылдайтын менеджерлер өз жұмысын тиянақты орындайды. Қазақстанда да сол нәрсе дамыса екен деймін. Себебі, біздің елде көп жағдайда студенттің айтқан сөзі ескерілмейді.
– Жастардың шетелде тұрақтап қалу себептері қандай деп ойлайсыз?
Шетелде оқып келген жастар 100 мың теңгеге жұмыс істегісі келмейді
Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралған жастар жұмыс таппай жатыр дегенді жиі естіп жүрмін. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. 100-150 мың теңгені азырқанып, жұмыссыз жүрген қатарластарымды білемін. «Болашақ» бағдарламасына тапсырғанда елге келгеннен кейін жұмыс істеу туралы арнайы келісімшарт бар. Осы шарт бойынша шетелден алған біліміңді, тәжірибеңді бөлісуің керек. Егер құжатты Астана мен Алматыдан тапсырған болсаң, бес жыл, ауылдық жерден тапсырсаң, екі жыл көлемінде мемлекетке жұмыс істеуің қажет. Ол жерде түрлі талап бар. Келісімшарт бойынша қазір екі жерде жұмыс істеймін. Бастапқы кезде айлығым көп болды деп айта алмаймын. Тәжірибе жинап, алған білімімді бөлісудің арқасында жалақым да өсті. Жұмыс орныма талаптарымды да қоя аламын. Өз салаңды жақсы біліп, мықты маман болсаң, жалақыңды да көтеріп алуға болады. Бәрі бірден керемет болып кетпейді дегім келеді.
Сұхбаттасқан : Еркежан Габдуали