Шетелде тіл білмеудің кесірі (оқиғалар)
блог
Шетелде үш тіл білсең, үш адамсың. Тіл білмесең, далада қалмасаң да, көп нәрседен мақұрым қаласың.
Достарым Францияға Парижға барғанда қолдарында картасын ұстап алып, қаланың қай бұрышында адасып жүргендерін біле алмай, дағдарып тұрған. Француз тілін қоя тұрып, ағылшын тілін де қатырып білмейді. Шекесін қасығаннан пайда болмағасын, көшедегі жүргіншіні тоқтатып алып, картасын көрсете береді. Француз бетіне сабырмен қарап тұр. Досым қапелімде аузына сөз түспей, «Ыыы...» деп тілі күрмеледі. Еуропалық мәдениетті ғой, бірден кетіп қалмай, күтіп тұр. Досым сасқанынан картаны шұқып көрсетіп:
- I am где здесь? – депті. Француз оның дегенін шамамен түсініпті де тұрған жерін картадан көрсетіпті.
Бір достарым мүлде ағылшын тілін білмейді. Қонақ үйде қоюлатып шай ішіп, артынша ыдысты ваннаға апарып сумен шайып жатса керек. Сол уақытта үй тазалаушы кіріп келіп мұны көріп қалмай ма. «Ыдысты ваннада жуғаны несі?» деп ойлаған болуы керек, досымнан:
- Are you cooking in the bathroom? – деп сұрайды.
Оның не деп тұрғанын ол қайдан білсін, аузына түскені сол болуы керек, «Yes! Yes!» деп мәз күйде жауап беріпті. Үй тазалаушы бөлмеден атып шығып, олардың жетекшілеріне барып: «Ана жақта сендердің сайқымазақтарың ваннада тамақ істеп жатыр» деп шағымданған көрінеді.
Қазақстанда үш тіл білсең, қалада екі адамсың, ауылда бір адамсың.