Шетелде оқығың келе ме?
блог
Бүгінде шет елде оқу деген біз үшін орындалмайтын арман болудан қалды. Айналамызда әйтеуір бір-екі танысымыз шет елде оқып, тәжірибе алмасып келіп жатады. Ал біз әлі де оны тек армандап қоямыз.
Әр істің басында ой, идея тұрады дейді ғой. Сондықтан алдымен шет елде оқу жайлы жақсылап ойланып, армандап алған да дұрыс шығар. Тек бұл процесті көп созбай, нақты іс-әрекетке де көшу керек екен. Ең болмағанда, ғаламтордан керекті ақпараттарды жинастырып, ағылшын курсына жазылып оқи берген - игі бастама болмақ. Ал ары қарай адамның табандылығы, шыдамдылығы, ұқыптылығы басты алаңға шығатындай.
"Екпін"-де шет елде оқу айдарындағы көптеген студенттермен әңгіме барысында мен соны байқадым. Алға қойған мақсатыңнан таймай, оған жетіп болмайынша, әрекет ету. Олардың бәрі де бір ауыздан жалпы алғанда шет елге оқуға түсу оңай нәрсе, тек бәрі де оған бел буып бара бермейді дейді. Тек ерінбегендер, күте білгендер, тырысқандар өз дегеніне жетеді.
Осындай студенттермен сұхбаттаса отырып, әрине мен де енді өзімді кем дегенде Нью-Йорктағы Колумбия университетінен көріп отырмын:) Сондықтан шет елде оқу бұрыннан ойда жүрген, көкейіңізді тесіп, түнде ұйықтатпайтын арманыңыз болып жүрсе, әрекет ететін шақ келді!
Өзіме өзгелердің үлгісі шабыт береді, сіздер де шабыттанып отырыңыздар:
Қазақ блогосферасына белгілі Алтыградустың Жапонияға қалай түскені, қайда тұрғаны, не оқығаны жайлы біліңіздер
Дизайнер саласында оқимын десеңіз, Лондондағы әйгілі Сент Мартинс университетінде оқитын фэшн-блогер Маликаның посты сізге пайдалы болуы мүмкін
Ал ислам елінде білім алғыңыз келсе, Дубайда оқитын Еркебұлан есімді студенттің сұхбатын оқи отырыңыз
Еуропаның ескілік есетін қалаларына тамсанып, ерекше колорит сезінгіңіз келсе, онда Испаниядағы Баянның әңгімесін оқыңыз.
Сондай-ақ бізде Шотландиядағы Роберт Гордон, Түркиядағы Гази университеті, және т.б. көптеген шет ел студенттерінің сұхбатын тауып оқи аласыздар.
Бұдан кейін де студенттердің сұхбаттары жалғаса береді. Мүмкін болашақта өзім де осы студенттердің қатарынан көрінермін:) Мақсатыңды, арманыңды дыбыстаған дұрыс дейді, сондықтан шет елде оқығыңыз келсе, қазірден бастап сол туралы айтып, нақты қадамдар жасай беріңіздер.