АҚШ, Еуропа, Қытай сынды алып елдерге білім алу мақсатымен кетіп жатқан жастар саны жыл санап артып келеді. Мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасымен басталған бұл үрдіс үлкен мүмкіндік. Дегенмен өз бетімен «Work and Travel» сынды түрлі бағдарламалармен кетіп, сол елде қалуды көздейтіндер бар.
Зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан біз үшін бұл қалыпты жағдай. Ешкімнің жеке өміріне қол сұғып, оған талап қоя алмайсыз. Дегенмен көрші Қытай елі әлемдегі жан саны ең көп халық бола тұрса да, «сыймадым», «кетем» демейді. Қайта «Менің Отаным – Жуң го» деп өліп тұрады. Бұл олардың тәрбиесінен. Ал бізде ше?
АҚШ пен Еуропада білім алып жатқан жастарға шет елдегі мәдениет пен өмір сүру салты ұнайды және олар сонда қалуды жөн санайды. Себебі біздің елде жемқорлық немесе өмір сүруге жетерлік табыс табу қиын. Иә бұл үрдіс тек бізде ғана емес, кез келген елдің ішкі саясатында бар нәрсе. Бастысы қайда барғаның емес, қай жерден шықтың сол маңызды. Бұған қарапайым мысал келтірейін:
Ауылдан арман қуып Алматыға келеміз. Оқу бітірген соң ата-анамыз бізді қайтып үйге келеді, сол ауылда не ауданда жұмыс жасайды деп ойлайды. Өкінішке орай жоқ. Біздің Алматыда қалғымыз келеді және қаламыз. Осында жұмыс жасаймыз, осында отбасын құрып, осында өмір сүріп кетеміз. Себебі үлкен мегаполиске ет үйренген соң ауылға қайту ақымақтық секілді көрінеді. Оның үстіне мұндағы қызық пен шат-шадыман өмір, сауық-сайран келген жеріңде жоқ. Одан қала берді қалада білдей үлкен жоғары оқу орнын бітіріп тұрып, ауылға барып жұмыс жасау ұят көрінеді. Бұл шындық.
Осы мысал секілді мемлекет ретінде енді қалыптасып, өркендеп келе жатқан Қазақстанды тастап, алып державалардың ортасына түскен кезде Алматыға келгендей күйде боламыз. Тек еске аламыз, сағынсақ барамыз, бірақ оралмаймыз.
Шет елде білім алған дұрыс. Бұл қолдауға лайық нәрсе. Бірақ шет елге барып білім алып, отанға қайтып мемлекет үшін жұмыс жасамау – қателік. Әрине ешкім сізді соттап не жазаға тартпайды. Тек ардың заңын да ескеріп қойыңыз.
Бізге қазір шет елде білім алған кезде «шпион» секілді болу керек. Нағыз шпионнан айырмашылық сіз бәрін көріп, біліп саналы , мәдениетті түрде елге келіп жұмыс жасайсыз. Өзіңізге жасай алған сол елдегі керемет өмірді Қазақстанда жасауға тырысуыңыз керек. «Эго» дейтін түсінікті ойдан шығару керек. Ел азаматы ретінде өзіңізді ғана емес, арттағы Отанды, мемлекетті, халықты ойлаңыз. Сіз де, халық та жақсы өмір сүрсін. Қазақтың «көппен көрген ұлы той» дегені бекер айтылмаса керек. Жалғыз шауып шаңда қаласыз, көп болып мәрені аласыз.
Мемлекеттің күйреуі деген не?
Мемлекеттің күйреуі – елдегі барлық білімді және көкірегі ояу, көзі ашық ғалымдар мен жастардың өз елін тастап кетіп қалуы. Түсінген адамға Қазақстан – мүмкіндіктерді жүзеге асыруға болатын ел.
Құрметті, жас дос!
Білім алыңыз, шет елде болыңыз, қыдырыңыз, үлкен жобаларды жүзеге асырыңыз, бірақ екі бағытта билет алыңыз. Бірінде – «білім аламын» деген мөр, бірінде – «алған білімді еліме қайтып пайдаға асырамын» деген мөр болсын.
Шет елде білім алу – мақсат, қалу емес
жеке
блог
блог
(с) Марғұлан Ақан