Шет ел интернет журналистикасының Қазақстанға әсері
блог
Қазақстанға журналистиканың жаңа бағыты шетелдік мемлекеттерден келгені айқын. Ең әуелі олардың әртүрлі әлеуметтік желілері жастардың сана сезімін жаулап қана қоймай, әрбір ұялы телефонға арналған бағдарламалары ақпараттың алаңына айналдырды. АҚШ-та ең бірінші электронды газет 1990 жылы жарыққа шыққан, ол газет «The Electronic Club» деп аталды. Одан кейін, көптеген газет-журналдар электронды нұсқада шыға бастады. The Wall Street Journal, Los Angeles Times т.б. Статистикаға сүйенсек, 1995 жылдың басында 100-ге жуық электронды газеттер болған. Ал 1996 жылдың басында оның саны 815-ке жеткен. Алайда АҚШ-та теле және радио компаниялардың интернеттегі өніміне қарағанда, электронды газет-журнал шығару әлдеқайда оңай болған.
Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды, заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз байланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға көтерді. Ғаламтор ақпарат ағынының тиегін ағытты, әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсері¬нен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшырауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұраптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпараттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.
Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған Интернет пайда болды. Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнім¬ділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға (ақпараттың компьютер мен коммуникациялық технологиялардың, компьютермен лайықталған құрылғылар мен Интернеттің интерактивті қызметтері арқылы таралуы -wіkіpedіa.org) жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет желісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды.