Асем Жулдасова, 2 курс, журналистика мамандығы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Шектеулі жағдайда шексіз мүмкіндіктер
13і наурыз күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирус індеті алғаш рет анықталды. Өкілетті адамдардың оперативті жұмысы нәтижесінде, көптеген мекемелер жедел онлайн форматқа көшті. Ал 3 күннен кейін барлық білім беру мекемелері қашықтықтан оқытуды бастады. Кешегі көктемнен бері бас аяғы 10 ай өтіпті. Бірнеше айдан кейін коронавирустың бір жылдығын тойлайтындай да боп қалыппыз. Әлбетте, сөз арасында тілге тиек етті демесеңіз, вирус келгелі жетісіп жүрген ешкім жоқ!
Онлайн білім жүйесін баяғыда-ақ меңгеріп алғандар әлемнің мұндай форматқа 2008 жылы көшкенін растайды. Бір сұхбатында «Shonbay» онлайн университетінің негізін қалаушы Қуаныш Шонбай: «біз тағы 10 жыл қашсақ болатын еді, бірақ карантин басталып кетті» деген еді. Расында, вирус бізге басқа шешім қалдырмады. Азамат денсаулығын алғашқы орынға қоятын мемлекет үшін елде карантин жариялап, қайғылы оқиғаның алдын алу басты шарт еді. Әріп танығалы дәстүрлі білім беруді ғана игерген оқушы мен студент үшін бүл жүйе тым таңсық болды. Күтпеген өзгерістер санада сан сұрақты қалдырды. Не болсада онлайнның әбігерімен алғаш боп танысқан ұстаздар қауымы. Білім алушылардың демалысы кезінде-ақ мұғалімдерге сайт жүйелерін игеру тапсырылған еді. Осы тұста техникалық жауапкершілікті ғана емес, шәкіртінің сабаққа деген қызығушылығын да қатар бақылаған ұстаздар еңбегін атап өтпеске болмас! Бастапқыда баяу интернет, техникалық ақаулар, білім беру сайттарындағы келеңсіздіктер деген сынды мәселелермен бетпе-бет келдік. Дегенмен, жаңа оқу жылында жаңа платформаларды іске қосып, толыққанды білім алу мүмкін болды. Не болсада өзгерістер тәжірбие қорын жинақтаудың басты себепкері.
Қашықтықтан білім алуға көптің еті үйренді. Экранның ар жағындағы ұстазбен байланыс нығайды, студенттің өзіндік жұмысқа деген жауапкершілігі артты, ізденіс байқалды. Біразы, компьютерлік шеберлігін шынықтырса, енді бір бөлігі білімнің қайнар көзін тапты. Не болсада, шектеулі жағдайда, шексіз мүмкіндіктерге ие студенттер жаңа форматтан көп дүние меңгергеніне еш шүбә жоқ!