Шектен тыс қызғаншақтық ішін қыздырып барады...

 

Күнделікті өмірде жүгенсіз қықғаныштан іші қыз-қыз қайнап жүрген талайды көріп жүрміз.  Болмашыға күдіктеніп, себепсізден сезіктенгендер серігінің сезіміне сенім  артпай ізін бағады. Қыз бен жігіт  арасындағы кызғаншақтықтың  пайда болуына және оның  өршуіне  «мынадай-мынадай себептер  әсер етеді»  деп айту қиын. Өйткені  қызғаныш оты  біз елеп-екшей бермейтін, кейде миға симайтын нәрселерден туындап кетуі ғажап емес. Қызғанам дегенге сылтау  да, себеп те табыла кетеді. Соны ұқтым...Біз көріп, куә болып жүрген жүгенсіз қызғаншақтық  талай ессіздікке  жол беріп жатыр.  

Бір таныс қыз бар. Жігіті қызға сенбей ме, жоқ әлде басқа нәрсе санасын сығалай ма, білмеймін, әйтеуір қашан көрсем де жігіттің  кезекті қызғанышының үстінен түсіп қалам.  Ойлап қарасам, жігіттің ойында ешкімнің миы жете бермейтін күрделі күдік! Күрделі болғанда, ол өзі үшін күрделі... Өйткені сол қызғанышын өз ойындағы керітартпа арам ойларымен қиыннан қиыстырып жасап алады. Сөздеріне қарап отырып, «мәәәәссаған, осыдан да қызғаныш жасап алуға болады екен-ау...» -деп не күлеріңді, не күңіренеріңді білмейсің. Ғашығының бөлмеде екенін білу үшін «домбыраны шерт!» -дейді. Домбыра шертіледі,  «Иә, расымен де ол үйде екен». Үнемі бөлмесінде домбыра тұратын қыз кейде құрбысы домбырасын алып  үйірмеге  кетіп қалса қатты қиналып қалады. Күлкілі ме? Күлкілі... Баланың ісі ғой! «Кіммен кетіп бара жатырсың? Қыз ба, ұл ма?»-дейді телефоннның арғы жағынан күрделі қызғаншақтықтың иесі. «Құрбым ғой» -дейді қыз.  Жоқ, ол сенер емес: «Берші трубканы!» Мен алам. Құрбым айтады: «Сәлем» дей салшы»... «Сәлем» деймін мен де болашақ  күйеу баланың күдігін басу үшін. Ол сенеді... Бұл да күлкілі ме? Кейбірі бар,  сүйіктісінің телефонын тексеріп, «Мынау кім?», «Мынаны кім жазған?», «Мынау кімнің фотосы?», «Бұл сенде қайдан жүр?», «Оған жайша звондап жүрсін бе?» деген қысыр сұрақтар қойып, тергей жөнеледі.

Бұл тергеуге маңдайынан тері кеткенше шыдайтындар бар, болмаса себепсіз сезікке төзбей жылайтындар бар. Енді бірі сүйіктісінің агент почтасының  құпия сөзін сұрайды.  Оны қайтпек? Тінтеді, тіміскілейді, тексереді, сосын тағы да тергейді. Бермесе, «Жасырған бірнәсең бар» деп сыныққа сылтау іздейді. Не деген сұрықсыз, мәні жоқ махаббат, сәні жоқ сезімдер десеңші!  Бұл тек бергі жағы ғана ғой. Мұнан да сорақыларына сіздер куә болып жүрген боларсыздар. Шариғат заңында ердің өз әйелін қызғануына рұқсат берілгенінен хабарым бар. Тек ол мұндай формада емес шығар... Сенім жоқ жерде сезім де көлеңкесін алшақтатады емес пе?!  Сіз қалай ойлайсыз?

p/s:  Бұл жазбаны жазуыма Д.Исабековтың  «Қарғыны» (бүгін түнде оқып бітргем) себеп болып отыр. Шығарманың Сәргел дейтін бір кейіпкері өз әйелінен орынсыз күдіктеніп,  қызғана береді. Әйелінің түбіне сол жетіп, қызғаншақтықтың  құрбанына айналып  өмірден өтеді. Сәргел жұбайының сол кеселдің құрбаны болғанына қарамастан, екінші алған әйелін де орынсыз қызғануға кіріседі . Тіпті орынсыз!.. Жұбайлар арасындағы қызғаншақтық жайында сөз қозғай алмадым. Күнделікті көріп жүрген жүректің жүгенсіз  құлдарына мысал келтіргім келді.



Бөлісу: