Ренжіттім...
Құрып кетсін батылым!
Назаландың, батар күндей ақырын...
Қос жүректің арасында – космос,
Қос ауылдың арасы – мың шақырым.
Келешектің көк нұр бояп жолағын,
Ми ішінде сырқырайды мол ағын...
Махабаттың өзін ұқпай жүрсемде,
Машақатын түсінгендей боламын.
Қатесін кеш, мендей ымырт кісінің,
Бақ самғауы – бір-ақ сәттік ұшырым.
Күңгірт үміт хатын жаздым өзіңе,
Қиялымнан сорғалатып құс үнін...
Әтіріңнен арман иісі аңқи ма?
Жақындасам, жүрек-демің шарпиды-ау!..
Сен жымисаң – көңілім қобыз тартады.
Сен мұңайсаң: тән – садақа, жан – пида!
Күн көзінен естілгенде ақ сұр үн,
Біз кездейсоқ кезіккенбіз...
Жақсы ырым?..
Сені ойласам:
жүрегінен даңғыра,
соққылайтын бақсымын...