Шекарадағы шер
блог
Шекарадағы шер
Паң дала,
Дәрмен берші пақырыңа,
Тағдырдың салып қойма тақымына.
Жарық күн жарығыңмен жарылқа бір,
Мамық түн жол көрсетші ақыныңа.
Артқаны жұрттың жүгі жауырына,
Ақын ем... Қарғыс айтпас жау ұлына.
Шекара, шектей көрме шерімді сен,
Жеткізші Алатаудың бауырына!
Апаршы ұлы Абайдың ауылына!
Көңілім құлазыма марқай десем,
Тұр алда Арқа-әкем, Алтай-шешем.
Бастаудан зәм-зәміңді күн туар ма,
Қаймықпай қанып ішер жарты ай кесем.
Жотаңа көзім түсіп тебіренді,
Әр алуан шашыратып көгі реңді.
Алдына қарап ұлың арман кешіп,
Артында жұртқа қарап күңіренді.
Кіндігім жұртқа қалды қанын көміп,
Асықтым! Қалмасын деп арым да өліп.
Отанға отты жебе секілденіп,
Атылдым адырнадан жанымды өріп.
Дүние білмеппін-ау тарлығыңды.
Туған жер, табалама тағдырымды,
Күш болса тау-тасыңмен Толағайдай,
Көшіріп әкетер ем барлығыңды.
О,әке қарашы әне паң даланы,
Көрген көз сұлулыққа таң қалады.
Рухымыз өлмесінші... анау шапқан,
Тұлпардан бізге жеткен шаң бағалы.
Қайғыны - қуанышты ұлтпен кешіп,
Оралу маңдайыма біткен несіп.
Жетпеген жетегіңе жұрттың жасы,
Келеді саған ауа бұлтпен көшіп.
Шүкір-ақ! Құдай берді қалауымды,
Тигіздім жерге жылы табанымды.
Көш жетіп керуенге үрген қара күшік,
Қарсы алды тістеп тұрып балағымды...
Тістеші, тістей түсші сезінейін,
Талқысып топырақта көз ілейін.
Атамның жұртта қалған шекпенінен,
Бір иіскеп құшағыңда езілейін.